Қоғамда ұсақ құқық бұзушылықа, бұзақылыққа және мәдениетсіздікке «нөлдік төзімділік» атмосферасын қалыптастыру — тәртіп сақшыларына жүктелген міндеттің бірі. Бұл бағытта Түркістан облысында қарқынды жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы өз нәтижесін бергенін айту керек. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты — қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару, тұрғындардың табиғатқа ұқыпты қарауын қалыптастыру, сонымен бірге «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау.
Мақтаралда — 700-ге жуық әкімшілік құқық бузушылық
Мәселен, акция аясында Мақтарал ауданының полицейлері қоршаған ортаны абаттандыру, жалпы пайдалану орындарын ластау ережелерін бұзудың алдын алу бойынша іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді.
Акция басталғалы полицейлер 700-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде, белгiленбеген орындарда сауда жасау — 48, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау — 520, елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ жасыл екпелерді жою және бүлдіру бойынша 103, жол жабындысын ластау бойынша 33 дерек анықталды. Осы құқық бұзушылықтар бойынша, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сондай-ақ Мақтарал аудандық полиция бөлімінің бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Кілемді жабын» жобасы бойынша жиын болып өтті. Аталмыш шараға аудан әкімі, прокурор, мәслихат төрағасы мен учаскелік полиция инспекторлары, ауыл билері және кәсіпкерлер қатысты.
Басқосуда аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мен алдағы жоспарлар жайында айтып өтіп, туған жерді көркейту-көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға бірлесе атсалысу керектігін жеткізді.
Сондай-ақ полиция бастығының міндетін атқарушы Қ.Сатыбалдиев аудан тұрғындарына акциясы барысында тазалықты сақтауға шақырып, кәсіптік мекемелердегі бейнебақылау камераларын «Кілемді жабын» жедел басқару орталығына біріктірген жағдайда кәсіпкерге қосымша қауіпсіздігі күшейтілетіндігін ескертіп, тазалық жұмыстарына тек мекеме, кәсіпорын ұжымдары ғана емес, барлық аудан тұрғындары мен кәсіпкерлер өз ауласынан бастап атсалысу қажет екендігін ескертті.
Жетісайда «нөлдік төзімділік қағидаты» жүзеге асып жатыр
Жетісай аудандық полиция бөлімінде де аудандағы жеке кәсіпкерлердің қатысуымен жедел кеңес өтті. Жиында күн тәртібінде аудан көлемінде жүргізіліп жатқан «Тазалық акциясы» мен «Кілемді жабын» жобасы аясында Түркістан облысы ПД-нің жедел басқару орталығына қосу бойынша екі мәселе қаралды.
Жиынды жедел кеңестің төрағасы Жетісай полициясының бастығы Әділбек Сапарбеков жүргізді.
Одан кейін полиция аға лейтенанты Н.Якуза баяндама оқыды.
Баяндамада «нөлдік төзімділік» қағидатын жүзеге асыруға, азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарымен аудан көлемінде ұрлық қылмыстарының алдын алуын, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардың иелеріне ғимараттарға бейнебақылау камераларын Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығына тез арада біріктіру қажет екенін түсіндірді.
Созақ ауданында 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Созақ ауданының полицейлері 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзу бойынша — 59, қоғамдық орындарды ластаумен байланысты – 466, жолдың жүру бөлігін ластауда 84 дерек анықталды.
Іс-шараның мақсаты – қоғамда кез келген заң бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қалыптастыру. Сондықтан Созақ ауданы полиция бөлімі, барша аудан тұрғындарын қоршаған ортаға немқұрайлы қарамауға, ауданды көркейтуге өз үлестерін қосып, акцияға қосылуға шақырды.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында, Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 21 382 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде 13 220 жалпы пайдалану орындарының ластануы, 5382-сі абаттандыру ережелерін бұзу және 3570-і жол жамылғысының ластану фактілері. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік хаттама толтырылды.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі