Түркістан облысының тәртіп сақшылары қоғамда заң мен тәртіп қағидатын бұлжытпай сақтау, құқық бұзушылықтың кез келген түріне тосқауыл қою бағытында тынбай жұмыс жүргізіп келеді.
13 тамызда Түркістан облысы аумағында «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл іс-шараның мақсаты — ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы 15-тамызға дейін жалғасады.
Инстаграм арқылы алаяқтық жасаған
Сайрам ауданының полицейлері алаяқтық қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы ер адамды құрықтады.
Мән-жайды тексерген кезде арызданушылардың Инстаграм әлеуметтік желісіндегі жалған интернет-дүкен парақшасы арқылы алданғаны белгілі болды.
Инстаграм желісінде күдікті жігіт үй жиһазын жеткізетіндігін айтып, іші-бауырына кіріп, төрт бірдей тұрғынды алдап үлгерген. Онда жалған парақшасында жиһаз сататынын, өзі жеткізетінін хабарлап, тұтынушыдан алдын-ала төлем жасауын сұраған. Ал ақшаны алғаннан кейін, сол күйі кері байланысқа шықпаған. Осындай әрекетінің нәтижеснде жәбірленушілерге 1 200 000 теңге шығын келтірген.
Күдіктінің ісі сотқа жіберілді.
Ауласында «қарасора» өсірген
Төлеби ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсірді деп күдіктелген жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде полицейлер күдіктінің ауласынан құрамында есірткі заты бар «қарасора» өсімдігіне ұқсас түптер мен есірткіні қолдануға арналған құрылғыны тапты. Аталмыш бойынша қылмыстық іс қозғалып, істің мән-жайы анықталып жатыр.
Заңсыз жүрген 20 мигрант ұсталды
Келес ауданының полициясы «Мигрант» іс-шарасы барысында шетелдіктер көп тұратын және келетін орындарға, базарларға, құрылыс нысандарына тексеру жүргізді. Тыңғылықты жұмыс нәтижесінде тәртіп сақшылары аудан аумағында заңсыз жүрген 20 шетел азаматын анықтады.
Оларға «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін Қазақстанның екі азаматына айыппұл салынды.
Шетел азаматтарына қатысты заңды шешім қабылдау үшін іс сотқа жолданды.
Адам саудасымен айналысқан
Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, «Ш» есімді азамат адам саудасы үшін 400 мың теңге алу барысында ұсталды.
Атап айтқанда, «Ш» есімді азамат соңғы 2 жыл бойы мүмкіндігі шектеулі екі азаматты қайыршылық жасауға мәжбүрлеп, оларды Шымкент қаласында сату кезінде ұсталып, қамауға алынды.
Сонымен қатар тағы 10 азаматтың адам саудасымен айналысу қатыстылығына тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Қазір адам саудасы фактісі бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі