
Түркістан облысы Кентау қаласында алғаш рет ұлттық ойындарынан жарыс өтті. Игі бастаманы қалалық жастар ресурстық орталығы мен ұйымдастыруымен ұлттық спортты насихаттау мақсатында дәстүрлі садақ ату және ләңгі тебу жарысы ұйымдастырылды.
Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов ұлттық құндылықты дәріптейтін жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
–Бүгін нағыз мерген, мықтылар анықталатын, тартысты ойын болатыны анық. Бұл ойындардың маңыздылығы оның тарихында. Біз мықты елдердің санатынан көрінуіміз үшін, ұлттық құндылығымызды дамытуымыз қажет. Мұндай сайыс жастардың ерік-жігерін шыңдап, көтеріңкі көңіл-күй береді. Адам спортпен айналысу арқылы денсаулығына көңіл бөлсе — өзін-өзі сыйлағаны. Спортпен шұғылданған жан зиянды әдеттерден аулақ болады. Ұлттық ойындар мергендік сынды қасиеттерді күшейтіп, шеберлікке баулиды, ой-сананың жылдам өсуіне көмектеседі, — деді қала әкімі.
Ұлттық бәйгеге қаланың орта және арнаулы оқу орындарынан келген 6 команда бақ сынасты. Жарыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушылар садақ атып, мергендігін көрсетсе, екінші кезеңде ләңгі теуіп ептілігін паш етті.
–Тәуелсіз елімізде ғасырлар бойы атадан балаға ауысып келе жатқан ұлттық ойындарымызды әрбір қазақ білуі тиіс. Мұндай ойындар бізге ұлттық құндылық ғана емес, қалдырған аманат екенін ұмытпағанымыз жөн, — дейді Кентау қаласының жастар ресрустық орталығының жетекшісі С.Азат.
Елімізде ұлттық спорт ойындары да жылдан жылға жаңа қарқынмен даму жолына түсіп, заманға сай жаңғыруда. Оған бүгінгі ұйымдастырылып отырған жастар орталығының ғимаратынан «Садақ ату» үйірмесінің ашылуы. Үйірмеде қала жастары ұлттық спортты дамытумен бірге, ептілігі мен мергендігін шыңдайды. Ойы шыңдалған, салтына берік жас қашан да ел дамуының ұйытқысы болмақ.
Бибайша Нұржанқызы