Тойсұлу Нартай: Басты мақсат — заңдылық пен қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету

20 маусым, 12:11

Әдетте учаскелік инспектор қызметінде ер азаматтардың күнделікті жұмысын дамылсыз атқарып жүргеніне көпшілігіміздің көзіміз үйренген. Ал Түркістан облысы Сауран ауданында учаскелік инспектор болып Тойсұлу Мұратқызының қызмет ететін естігенде елең ете қалғанбыз. Әрине, жүктемесі ауыр, жауапкершілігі мол полиция қызметінің үдесінен шығу оңай емес. Полиция лейтенанты Тойсұлу тәулік бойы өзінің әкімшілік аумағында тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді.  Жас та болса, бас болып, әріптестері арасында өзін жақсы жағынан танытып та үлгерген. Осы салада ер азаматтармен бірдей қызмет атқарып жүрген Тойсұлу Нартаймен әңгімелесудің сәті түсіп еді.

— Тойсұлу ханым, ішкі істер саласында қызмет етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Бұл салаға кездейсоқ келмеген боларсыз?

— Ішкі істер органдарында 2021 жылдан бері қарай қызмет атқарып келемін. Негізі менің бірінші мамандығым — тарих пәнінің мұғалімі. Осы мамандық бойынша мектепте оқушыларға білім беріп, тәжірибе қалыптастырғаным бар. Алайда осы мамандықпен шектелмей, құқық қорғау саласында да өз бағымды сынап көргім келген. Иә, әрине, өмірде түрлі жағдай болып жатады. Қоғамда орын алатын түрлі келеңсіздіктер мен заңсыздықтарды көргенде тілмен ғана емес, оны іспен дәлелдегің келетін кездер болады. Ішкі істер органдарына заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесімді қосу мақсатында келгенмін.

— Сіз учаскелік инспекторсыз. Бұл жауапкершілігі мол жұмысты әйел адамның алып жүруі қиындық тудырмайды ма? Әдетте учаскелік инспектор десе ер азаматтар еске түседі ғой.

— Бәлкім, солай шығар. Бірақ ішкі істер органдарындағы әйел адамдардың да ерлермен бірдей қызмет атқаратынын ұмытпауымыз керек. «Сен әйел, сен ер адамсың» деп қызмет бөлінбейді. Қай жерге, қай орынға жібереді, бұйрықты орындауға тиіспіз. Қазіргі таңда Сауран аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етіп жүрмін. Басты мақсат — бекітіліп берілген аумақтағы тұрғындармен жылы мәміледе болып, қай кезде болсын тұрғындарға таза, ашық және заңды көмек көрсету ғой. Осы үдеден шықсақ, біздің жоспардағы жұмысымыздың көп бөлігі орындалғаны деп ұғыну керек.

Учаскелік инспектор халықпен тығыз жұмыс істейтін полиция өкілі ғой. Мұндайда нені ескеру керек деп ойлайсыз?

— Иә, учаскелік инспекторлар қарапайым халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүретіндіктен, оларға таяқ та бірінші тиеді, алғыс та арқалап жатады. Полицияға қатысты сын мен мін тағылса да, соның көбі осы қызмет өкілдеріне қарата айтылады. Қарауындағы үйлердің қақпасын қағып, әр отбасының сыры мен мұңына еріксіз куә болып жүретіндер де сол учаскелік инспекторлар. Ішімдікке салынып, шаңырағының берекесін алған маскүнеммен, есірткіге есі кеткен нашақормен, отбасының ойранын шығарып жүрген озбырмен, түзеу мекемесінен шықса да түзу жолға түсе қоймаған есерсоқпен бетпе-бет келетіндер де учаскелік инспекторлар. Сырт көзге оңай көрінгенімен, бұл қызметтің көпке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы да жетіп артылады. Мұның сыртында күнделікті жұмысында сан қилы адаммен жолықтыратын қызметтің қаупі мен қатері тағы бар. Шындығында, учаскелік полиция инспекторлары – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көп функциялы институт. Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірткі пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою – учаскелік полицияға жүктелген мәселелер тізбегі осылай жалғаса береді. Бұл тізімде кәмелетке толмаған жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болмауын қадағалау, темекі өнімдерін тұтынуына тыйым салу да бар. Олардың мойнына есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүргендерді бақылау, нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалау міндеті де жүктелген. Қазіргі таңда барлық салада ашықтық пен жариялылық ұстаным болып қалыптасып жатыр ғой. Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берері анық. Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсаты.

— Сіз жұбайыңызбен бірге бір салада қызмет етесіздер, яғни үйде де, түзде де біргесіздер. Жұбайыңыз қазір ішкі істер саласының қай бөлімінде?

— Жолдасым Асылхан Қайсарұлы Әлібай — ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы  Қарағанды академиясының түлегі. Алғашқы еңбек жолын 2021 жылы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы лауазымынан бастаған. Бүгінде Сауран ауданының полиция бөлімінде қызметін жалғастыруда. Тергеу бөлімшесінің анықтау тобының анықтаушысы лауазымында қызмет атқарады.

Рас,  үйде де, қызметте де біргеміз. Менің ойымша, ерлі-зайыптылардың бір салада қызмет жасағаны оңайырақ секілді. Бір-бірінің жұмысын жақсы түсіне алады. Таңертең ерте тұру, тәуліктің қандай уақытында болмасын, шақыртуларға бару, жиналыстарда, саптық жиындарда бірге жүру — екеумізге де ортақ іс. Бастаған қызметімізді аяғына дейін жеткізіп, абыроймен зейнетке шықсақ, көп балалы полицейлер отбасы болсақ дейтін арманымыз бар. Айта кететін бір нәрсе, біздің осылай бірге қол ұстасып, бір салада қызмет етіп жүргенімізге, әсіресе, жолдасымның осы мамандықты таңдап, білім алып, шыңдалуына да ата-аналарымыздың қосқан үлесі орасан. Сол кісілердің сенімін ақтап, халықтың ұл-қызы болсақ, арманымыз жоқ. Мұндай жауапкершілігі мол мамандықты таңдағанымызға еш өкінбейміз.

— Осы жылы сіз полиция аруы атандыңыз. Погонды нәзік жандылардың арасынан оқ бойы озық шығу оңай болмаған шығар?

— Иә, биыл наурыз айында Түркістан облысында «Полиция аруы» байқауы ұйымдастырылған болатын. Сауран ауданы атынан өз бағымды сынау үшін қатысуға келісімімді бердім. Мен айтар едім, ішкі істер органдарында жұмыс істейтін әрбір қыз-келіншек мықты, білікті, білімді жандар. Олардың әрқайсысы нәзік болуымен қатар, қайсар да батыл. Байқауға қатысқан қыздардың барлығы жоғарғы дайындықпен келгені көрініп тұрды. Өнерлі, білімді шетінен. Ән айтып, би билеп, өлең оқып, бір сәт нәзік әйел екенін де сахнадан көрсете білді. Әрине, жарыс болған соң, байқау шарттарын жоғары деңгейде орындауға барымызды салып, оның үстіне ауданның полиция бөлімінің атынан шығып тұрғасын, намысты қолдан бермеуге тырыстық. Әуелі Алланың, одан кейін жолдасымның қолдауының арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Маған көбінесе қолдау көрсететін жолдасым, білмегенімді үйретіп, бағыт-бағдар көрсетіп жүреді.

— Сіз сияқты полицияда қызмет еткісі келетін жас қыздарға, мектеп бітіріп, аттестат алып жатқан түлектерге қандай кеңес айтар едіңіз?

— Адамның өмірінде орын алатын барлық жәйттер оның ниетіне қарай іске асып жатады ғой. Жалпы, адал жүріп, анық басып, өз мақсаты үшін тынбай әрекеттенетін болса, адамның алмайтын қамалы, жетпейтін белесі болмайды. Қиындықтан ешқашан қашпау керек. Адамның өмірде болмайды дегенінің өзі бір күні орындалып жатса, оған таң қалудың қажеті жоқ. Иә, мен де арман қудым, ішкі істер саласында қызмет етсем деген арманым, мақсатқа айналды да, ол да бір күні орындалды. Мұның бәрі адамға таза еңбекпен келетін нәрсе. Мамандық таңдауда қателеспеу керек деген сөз жиі айтылады. Ол да рас. Әсіресе, жас түлектер, оның ішінде полиция болғысы келетін жас қыздар осы мамандықты таңдарда тағы бір рет ойланып алғаны дұрыс. Бұл менің қалауым ба, мақсатым ба деп ойланғанда ғана ішкі дүниеңде арман пайда болады. Ішкі істер органдарында қызмет ететін әйелдер көп. Сондықтан бұл да көп мамандықтың бірі, елге қызмет етудің тамаша бір мүмкіндігі. Жұмысың қағаз бетіндегі ғана емес, ел алдында, көзге көрінетін жұмыс. Жақсы жұмыс істесең, жетістігің болады.

— Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!   

Сұхбаттасқан Раушан ҚАНЫБЕК,

Түркістан облысы

Бүгін, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу
04 шiлде, 16:02
Түркістан: Сауран ауданында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өтуде