
Жасыратын несі бар, қазақта той көбейген сайын ой да көбейді. Салтанатты шараны бірінен-бірі асырып, біріне-бірі ұқсамайтындай етіп өткізгісі келетіндер барын салуда. Сол үшін несие алып, артынан қарызданып қалса да, ештеңеге қарамайтындардың қатары жеткілікті.
Тойдың түріне, ерекшелігіне мән берместен асаба, әншілер, күйшілер, бишілер, сайқымазақтарды шақыру әдетке айналды. Тіпті қонақтарға қазақылықтың үлгісін көрсету үшін ұлттық киім киген жігіттер мен қыздарды да қонақ етіп, той иесін ақбоз атпен алып шығу, бүркіт пен тазыны да жұртқы көрсету өзінше бір өнер. «Осымен болған шығар» деп ойласаңыз, қатты қателесесіз.
Той төрінде ағайынға сөз бермесеңіз басыңыз бәлеге қалатыны бұрыннан белгілі. Сондықтан да болар, қанттай киініп барып, сөз бере қалғанда көсіліп сөйлемеу – ұят. Бүгінгі жұрт бұрын өзгелер ести қоймаған әзілдерді, ата-тегінің артықшылығын айтып, өздерінше құнарлы сөз сөйлеуге көшті. Амал қанша, екінің бірі қара сөзге келгенде қамшы салдырмайды деп айта алмаймыз. Қайта жұрт барған сайын сөзге шорқақ болып барады. Бірін бірі қайталайтын тілектер адамды шаршатады. Осыны сезген кейбіреулер тілекті де тапсырыспен жаздыртып алатын болған.
Өз басым көптен бері таныстарыма түрлі тілек жазып беріп келемін. Ол үшін ешкімнен ақша сұраған емеспін. Олар да «ақыл-ойыңыз бен қолыңыздың еңбегі» деп елеп-ескерген емес. Тілек түгілі жиындарға арналған баяндамаларға да қалам тартып көргенбіз. Сөйтсем, менің күйімді кешіп жүргендер бір екен. Бірақ олардың бірқатары тілек жазуды табыс көзіне айналдырған. Айталық көкшетаулық қария тапсырыспен тілек жазып, табыс табуға шындап кірісіпті. 77 жастағы Иран Тасқара ақсақал зейнеткермін, асарымды асадым, жасарымды жасадым деп қарап жатпайды екен. Мамандығы – инженер. Шығармашылыққа еш қатысы жоқ. Ән айтуды 10 жасынан бастаған ол домбыраны шебер тартатын әкесін, оның әншілігін сағынышпен еске алады. Өзі де қаражаяу емес. 8-сыныптан бері өлең шығарады. Кейін сол өлеңдерге ән де шығаратын болған. Осылайша ақын, сазгер, әнші болып шыға келіпті.
Иран ақсақал турал осы ақпаратты сайттардың бірінен оқығанда қайран қалдым. Өйткені ел арасында әңгіме айтудың шебері болған көнекөз қариялар азайған сайын дүние төңкеріліп бара жатқандай көрінетін. Алайда абыз ақсақалдар баршылық екен. Иран ағамыз сондай жандардың бірі. Бір шумақ өлең жазу 800 теңге тұрады екен. Үш немесе одан да көп шумаққа тапсырыс бергендерге әр шумағын 600 теңгеден жазып береді. Қалай десек те, бұл ақсақалдың адал еңбегі ғой.
Дәл осындай оқиғаны достарымнан естігенмін. Қызылордалық бір қария құда күтудің шебері. Ауыл түгілі аудан, облыс көлемінде танымал бола бастаған. Ол кісінің қара сөзге шеберлігі қартайса да қаражат табуға көмектесіп келеді екен. Әзілі мен әңгімесі тыңдаған кісіні ұйытады. Жасы үлкен кісілер бас қосқан отырыстарда таптырмайтын асаба. Салиқалы сөзі, күйшілігі, әншілігі, терме айтатын өнері бірімен бірі қабысып, қонақтарды ұялмай шығарып салуға жетеді. Осы еңбегі үшін 30 мың теңге немесе бір қой алады. Келін түсіру көбейсе, қарияның да қонаққа баруы жиілейді. Тапсырыспен тілек те жазып береді екен…
Тілек жазуға келгенде ақындардың жолы болып тұр. Олардың құрастырған бір шумағы 3 мың теңге тұрады. Ал ауылды жерде тілек жазу арзандау. Тіпті қаражат болмаса оның орнына басқа зат алатындар да бар. Айталық тілек жаздырып алған кісі оған көйлек кигізіп, шапан жабуы мүмкін. Қалай десек те, қазақтардың тойы ендігі жерде қара сөзбен ажарлана түспек. Осы ойларымды қағазға түсіріп жатқанда, бір жоғары оқу орнының оқытушысы хабарласты. Алматыдан алыста орналасқан қалада тойға бармақшы екен. Тілек жазып беруімді сұрады. Қаламақы туралы жақ ашпады. Танысым болғандықтан мен де үндемедім. Егер сіз менің орынымда болсаңыз, маңдай теріңізге ақы сұрар ма едіңіз?
Жолдасбек ДУАНАБАЙ