Алматыдағы антитеррорлық операцияларға орай қалада террорлық қауіп-қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД хабарлады.
Қызыл деңгей — террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы белгісі болып саналады. Бүгін Алматыда белгісіз біреулер полиция қызметкерлерімен қақтығысты. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары ауыр жарақат алған. Алматы қалалық ІІД қалада антитеррорлық операция жүріп жатқанын хабарлап, азаматтарды үйлерінен шықпауға және халық көп шоғырланған орындарға бармауға шақырды. Сондай-ақ, желіде атысты ұйымдастырған күдіктілердің бірі ұсталғаны туралы видео жарияланды.