
Атын атап, түсін түстеп тұрып жазғым келген. Бірақ адам құқықы, жеке бастың намысы деген сияқты заңның кейбір талаптарына томпақ келетіндіктен, ешкімнің ныспын атамауға амалсыз көнеді екенсің.
Кеше кешкісін жұмыстан қайтарда жол жиегінде тәкси ұстап тұрған бір шал мен немересін салып алдым. Көлігіме мінген соң ғана байқадым, немересін ерткен қария ара-тұра теледидардан көрініп, сұхбат беріп тұратын белгілі тарихшы, ұлт жанашыры екен. Отыра сала немересімен орысша шүлдірлесін. Ұлт туралы сөйлегенде «бүйту керек, сүйту керек» деп қолын шошаң-шошаң еткізетін адамның немересімен әңгімесін еріксіз тыңдауға тура келді.
-Сен неге менің айтқанымды істемейсің? Мектептен сыртқа шықпай, коридорда күт деген жоқпын ба? – дейді атасы.
-Сен кешіккен соң сыртқа шықтым – дейді немересі.
-Бұдан былай қайталама! Көшеде жол ережесін білмейтін ауылдан келген тәкси көп. Солар қағып кетеді – дейді шал.
-Мектептің іші қызық емес – дейді бала.
Қысқасы, ата мен немеренің әңгімесі осы сарында, орысша жалғасты. Кептелістің қызып тұрған уақыты. Екі бағдаршамның арасындағы жүрісіміз жарты сағатқа созылды. Атасы мен немересі бір кезде тапсырма орындауға кірісті. «Дедушка, қазақ тілі маған өте қиын» — деді он-он бір жастағы оқушы. Орысша айтқанын ескерте кетейін. «Қазақшаны кейін үйреніп кетесің. Басқа сабақтарың жақсы болса болды» — деді, ұлтшыл атасы. Алғаш көргенімде танысайын, амандасайын деген көңілшек ойымнан бірден айныдым. Теледидарда басқа, өмірде басқа – екі жүзді, ұстанымы тұрақсыз адамды жаным сүймейді. Тезірек құтылуға тырыстым.
Өзгенің тілін қорғап, басқа елдің мүддесі үшін жанын шүберекке түйіп беруге дайын отырған ондайлар әлі көп екен-ау. Кеше ғана белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев stanradar.com сайтына сұхбат беріпті. Не дегенін білесіздер ме? Қазақтың нанын жеп, суын ішіп жүрген адамның сөзі емес. Ол айтады: «Былтыр біздің елден 45,2 мың адам көшіп кеткен. Олардың көпшілігі (39 мың адам) Ресейден қоныс тапқан. Бұл Қазақстандағы халық санының азаюына әсер еткен жоқ. Себебі сырттан көшіп келіп жатқан этникалық қазақтар баршылық» — депті. Осы жеріне дейін ішім жылып сала берген. Сұхбаттың орта тұсына жеткенде көңілім су сепкендей басыла берді. «Бұлардың (Оралмандардың – ред) көпшілігі орта білімді. Сайып келгенде біреу кетіп, бір келіп жатыр. Кетіп жатқандар оқып-тоқыған жастар, келіп жатқандар этникалық қазақтар. Олардың – білімі, жұмыс өтілі жоқ. Олар осында көшіп келіп, мемлекет есебінен күн көргісі келеді» — депті. Қалай көсіледі, ә?!
Бүйрегінің кімге бұрып, кімнің сөзін сөйлеп тұрғанын осы екі ауыз сөзінен-ақ шамалауға болады. Ресейге кетіп жатқандарға жүрегі ауырып, жаны күйзелген. Ал тарихи отанына оралып, қазағына қосылған қандастарына қыңырайып, іші жылымай отыр. «Орта білім» депті. Айтылмай жүрген жоқ қой. Бұдан бұрын да талай ауыздан шыққан сөз. Оны дәлелдеп, дауласудың қажеті шамалы. «Мемлекет есебінен күн көргісі келеді» деген не сөз? Тәуелсіздік алған отыз жылда «Қазақстан мені асырасын» деп аяғын айқастырып жатып алған, масыл болған оралманды көрген жоқпыз. Оны біз айтпасақ та, көзі ашық жұрт айтып, жазып жүр. Өзбекстаннан келген ағайын егін егуге «мәстір». Қытайдан келген қазақтар сауда-саттыққа бейім. Басқа салаларда да бар. Соны оқымай жүргендей, көрмей-білмей жүргендей Әшімбаевтікі не ашу?!
Баяғыда бір жазушы «Мұндайларды Мәскеуге қарап мөңірейтіндер деймін» деуші еді. Әлгі саясаттанушының қазақтан жеріп, басқаның мүддесін қорғағаны соншалық, «Үкіметте Роман Склярдан (премьердің орынбасары) өзге ұлт өкілі жоқ. Вице-министрлердің деңгейінде өзге ұлт өкілдерін саусақпен санап аласыз. Әкімдер арасында да қазақ еместер жоқ. Аудан әкімдері арасында ішінара ғана өзге ұлттар. Ұлттық компаниялар деңгейінде де осы көрініс» — деп жаны күйіпті. Романдардың билікте болмағанына сонша күйінгеніне қарағанда, оның ойынша атқарушы қызметтерде кілең қазақтардың болуы заңға ма, әлдебір нәрсеге ме томпақ келетін сияқты.
Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Көрген-баққан» деген әңгімесінде «Біздің елде мемлекетшіл тұлғалар неге жоқ?» деген тіркес болушы еді. Сол сөздің мәнін енді түсінгендеймін. Елі мен жерін шын сүйген, өз отанын жанындай жақсы көретін адамның аузынан мемлекетіне, туған жеріне қашан да жақсы сөз ғана арналса керек-ті. Ал Мәскеуге қарап «мөңірейтіндердікі?»…
Қазақта «Іштен шыққан жау жаман» деген сөз бар. Өз елін қомсынып, жаттың жыртысын жыртып, жоғын жоқтайтын осындайлар қай елдің нанын жеп, суын ішіп жүргенін біле ме екен? Әй, қайдам?!.
Жарас КЕМЕЛЖАН