
Осыдан 30 жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл ғасырлар бойы қазақ халқының аңсаған арманы еді. Ұлы қазақ бұл күнге жеткенше үш жүз жылға жуық бодандықтың бұғауында, жетпіс жылдан аса Кеңес одағының шырмауында болды.
Бүгінде мемлекетіміздің сөнген отын жаққан, ата-бабаларымыздың рухын көтерген, еліміздің әлемге танылуына сеп болған, «қазақ» деген атауды қайта енгізген тәуелсіздік ұғымын, тәуелсіздік мерекесін ұлықтадық.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті “Сұңқар” студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен «ЕҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТІК ТОП-2021» жобасы аясында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік орындалған ел тілегі» атты ерекше тебіреніспен кездесу кеші болып өтті. Кешті ұйымдастырушы: филология факультеті, қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы Өтемісованың Гульмира Жеткергенқызы және Қазақ филологиясы-103 оқу тобы.

Кешке тіл жанашыры, белгілі қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Оразкүл Асанғазықызы қадірлі қонақ болып, студенттерге тәуелсіздік жолындағы елеулі еңбектерден сыр шертіп, тағылымды ойымен бөлісті.
Кеш жүргізушілері Сағидуллин Арсен мен Тұрсынбай Зухра мәнерлі сөз саптауларымен кешті одан әрі әсерлі етті. Кеш шымылдығы студенттердің әсерлі бейнеролигімен басталып, Оразкүл Асанғазықызының әсерлі әңгімесі сұқбаттасу кешінің көркін келтірді. Студенттер қойған өзекті сұрақтарына келелі жауап алып, сұқбат қыза түсті. Сонымен қатар тобымыздың студенттері Шаймерденова Камила, Сабыржан Ершат, Оңғарбай Сейіткерімнің орындауында Құрманғазының «Адай» күйі шертіліп, кеш барысында тапқыр қызымыз Шубаева Әйгерім дайындаған интеллектуалды ойынға кеш қатысушылары толық қатыса отырып, шешімін тапты. Топтағы қыз-жігіттеріміздің орындауында «Елім менің» әні шырқалды.
Кеш қонақтары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті, қазақ тіл білімі кафедра меңгерушісі Жайна Бағашарқызы, профессор Раушангүл Әмірдинқызы, доцент Құралай Төлегенқызы және “Сұңқар” СМК төрағасы Бақдәулет Баймаханұлы кештің жоғары деңгейде өткенін айтып, кеш ұйымдастырушыларына өз тілектері мен алғыстарын білдірді.
Бірлігі мен берекесі жарасқан Еліміздің тәуелсіздігі баянды, ұлтымыздың рухы биік, ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болсын!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультеті
Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.к.
Өтемісова Гүлмира Жеткергенқызы