
Ақтөбе тұрғыны қымбат тауарды иемдену мақсатында жүк көлігін өртеп жіберді. 34 жастағы ақтөбелік тұрғын DAF көлігін жалға алып жүк тасымалдаумен шұғылданған. Былтырғы жылдың соңында Алматы қаласынан Ресейдің астанасы Мәскеуге қымбат тауарды жеткізуге жолға шығады. Ақтөбе қаласына келгенде бөтеннің мүлкін иемдену ойын іске асырмақ болып көлікті өртеуді ойлайды.
«3 қаңтарда күдікті Маржанбұлақ ауылында туысқанының үйіне тауардың бір бөлігін (шамамен 70 %) түсіріп, одан әрі Шымкент – Самара тас жолына шығып, аталған ауылдан 40 шақырымдай қашықтықта фураның тіркемесінде қалған тауарды өртеп жіберген. Тауар иесі жүк көлігінде жалпы сомасы 146 миллион теңгеге тауар (электроника, телефон жабдықтары, қуаттағыштар, пауэрбанктер, автомагнитолдар) бар екенін айтқан. Осы факті ҚР ҚК-нің 190 бабы 4-бөлігімен (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды» — деп жазды Polisia.kz.