
Соңғы аптада тауда, ойда, қалада, далада әріптес пен жерлес ағайынның ақтығына қатысты сапарларда, өркениетіңіз бен ақпаратыңыздан алыстау кеттік. Бір тараптан өтірікті шындай, ауруды дырдай ететін «жаптым жала, жақтым күйеден» құлағыңыз тыныш болған да жақсы.
Әңгіме таяуда ғана «Қазақ радиосына» басшы болып барған азамат, дос-бауыр Досымбек Қонысбекұлы жайлы. Бүгін таңда маған аяулы бір бауырымыз телефон шалып, «осындай домалақ арыздан хабарыңыз бар ма?» дейді. «Қайда шықты?». «Бәлен жерде…». Жұмысқа келген бетте әлгімен танысып, жағамды ұстадым.
…Досымбек менің аяулы досым, жан құрдас. Талантты журналист, ұлттық телевизияның белгілі өкілі, дегдар диктор, әртүрлі ұжымдарда білікті басшы болды. Осының алдында ғана «Заң» медиа корпорациясының президенті болған.
Ол Қадыр Мырза Әлінің ауылы Батыс Қазақстан Жымпитыдан. Мен — Аспантаудан. Екеуміз КазГУ-де бір курста оқыдық, бір бөлмеде тұрдық, жарты нанды жардық, бүтін нанды бөлдік. Күндізгі бөлімде оқыған 60 баланың ішінде алғашқы курстан бастап журналистикаға араласқан екеу болса, бірі – сол Досымбек, екіншісі осы пақырыңыз. Мен «Алматы ақшамында» тілші болдым, ол «Шаһар» телеарнасында диктор болды. Сол арнадан басталған кәсіби жолы, иншалла, ел-жұрттың көз алдында.
Құдайға тәуба, жан жары – Шынар екеуі Қырымды сұрайтындай қыз, Ұрымды билейтіндей ұл өсіріп жатыр.
Досымбек елдің айнасы болған, журналистердің арманына айналған, «Хабар», «Қазақстан», «31», КТК, «Алматы» сынды айтулы арналардың бәрінде қарапайым тілші мен дикторлықтан бастап, басшылық қызметтердің бәрін абыройлы атқарып келеді. Қысқасы, Досымбек Қонысбекұлы журналистиканың қара қазанында қайнаған, электронды ақпарат құралдары мен баспа-басылымның өз адамы, нағыз маманы. Досымбектің дауысындай қоңыр, қанық, бояуы қалың, табиғи дауыс өте сирек. Достың бүкіл бауырларын, туыстарын, ағайындарын тәуір білем. Бәрі менің бауырымдай болып кеткен. Елінде сан рет болып, ата-бабасына білек көтеріп, Құран оқығанбыз. Отбасын құрған кезде бір-бірімізге арқа сүйегенбіз. Құдайға шүкір, әлі күнге арамыздан қыл түгілі қыз өткен емес… Доскең кеңпейілді, өр мінезді, «бетің бар, жүзің барды» білмейтін кәсіби басшы, халықшыл азамат.
Ей, ағайындар! «Тоғыз грамм қорғасын» сынды дөңгелеп тұрған арыз-құрыздан қолдарың босайтын кездерің бар ма? Егер кешегі 37 жыл болса шүйдесіне шиті мылтық тіреп қойып кемі итжеккенге айдап немесе қолың қалтырамастан ататын шығарсыңдар… Қазір құдыққа құлаған құланның артынан келсін келмесін «қолайға жақпағандарды» жабылып жүріп, үңгірге сүйрейтін бір әдет пайда болды. Құдығыңыз – тас түрме, үңгіріңіз – интернет! Әке-шешесі азан шақырып қойған атын жасырып, қалың бір жыныстың ішіне кіріп алып, аузына келгенін малдан артық оттап жатқан жұрт. Майлыбаев дегеннің маңдайы тасқа тигені рахат болды бұларға, бәрін соған тіркеп, «сол бәленің адамы, қоса құрту керек» деп озандаған өңшең бір қыртымбақай, қиқым-ноқайлар. Жалпы, Досымбек ешқашан мансаптың жалына жармасып өлетіндердің қатарынан емес. Кісінің алдында кісінеп жүріп қызмет сұраған жайы және жоқ. Оңынан айы, солынан күні туып тұрған, тып-тыныш жылы орнын суытып, бала-шағасын қопарыла көшіртіп «сеннен өткен керемет жоқ» деп қызметке шақырды Сол жағалау. Енді келіп жаңа қызметтің «шуы» түспей жатып, «бұл нағыз оңбаған, құлағанның қасында сұласын» деп арыз боратады. Ұрғаны бар сенің қызметіңді, бірақ намысы қанталапайға түскенде «нанталапайшыларға» жем болатын Досымбек емес…
Егер соны жазып, қызметтің құрты көкейін тесіп, қызғаныштың қызыл иті қылғындырып бара жатқандар нағыз ер-азамат болса, балағын түріп тастап неге жекпе-жекке шықпайды?!.. «Қылуетке» түсіп алып ақпараттық түсік тастағанша… Ұят қой!
Жанарбек Әшімжан