Таразды теңселткен дауыл

19 қараша 2021, 11:35

Жамбыл облысында дүлей дауыл тұрып, талай жердің астан-кестеңін шығарып кетті. Бет қаратпайтын күшті жел адамдарды қаңбақтай ұшырып, тал-теректі тамырымен қопарған. Тіпті жолға шыққан жүк көліктерін де төңкеріп тастады. Табиғаттың тосын мінезінен электр желілері үзіліп, газ құбырлары қираған. Дауылдан бір адам қаза тауып, 41 тұрғын зардап шекті.

«Жамбыл облысында күшті жел тұрады» деген шұғыл хабарлама бір күн бұрын таратылған. Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына алдын ала ескерту жасап, бейберекет үйден шықпауға кеңес берген. Бірақ бейқам жұрт желдің екпіні мұншалықты күшті болады күтпеген секілді. Табиғи апаттан бір адам көз жұмды. Жалпақтөбе ауылында үйдің шатырына шыққан 17 жастағы жігітті дауыл ұшырып кеткен. Биіктен құлаған азамат жедел жәрдем жеткенше жан тапсырыпты.

Долы дауыл таңертең жұмысқа шыққан тұрғындарды да қаңбақтай ұшырды. Екі аяққа нық тұра алмай, қаңғалақтап барып, жалп ете түскен келіншектің видеосы әлеуметтік желіде желдей тарап жатыр. Сондай-ақ бір топ оқушының да екпінді желден екпетінен құлап жатқаны жарияланды.
Бір сәтте астан-кестеңі шыққан Жамбыл өңірінде көлік қозғалысы да қиындаған. Төрт аудан мен Тараз қаласының түс ауа оқитын оқушылары мектепке жіберілген жоқ. Білім басқармасы қауіпсіздік мақсатында осындай шешім қабылдаған. Өйткені секундына 30 метрге дейін соққан жел жуан талдардың өзін тамырымен қопарып түсірді. Қаладағы құлаған ағаштардан көліктер жүре алмай, кептеліс пайда болды. Кейбір машиналарды ағаш басып қалған. Қанша көлікке зақым келгені әзірге белгісіз. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы табиғи апаттан 49 адам зардап шеккенін хабарлады. Оның 41-і Тараз қаласындағы ауруханаларға жеткізілген. Аудандардағы ахуал да мәз емес. Талас пен Сарысуда да күшті жел тұрып, көліктерді төңкеріп тастады. Сондықтан сол екі аудан және Жуалы ауданының жолы жабылды. Ал Күйік асуындағы бұрқасыннан 40 жолаушы құтқарылған.

Жамбыл облыстық азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариев: «Облыстық маңызы бар Күйік-Қарабастау, Қаратау-Жаңатас жолы жабылды. Алматы-Ташкент-Термес республикалық маңызы бар автомобиль жолы Айша бибі елді мекенінен Түркістан шекарасына дейін жабылды, – деді.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, дауылдан көпқабатты 19 үйдің шатыры ұшып кеткен. Сондай-ақ 17 мектеп пен 4 балабақшаның да төбе жабындысы желге шыдас бермепті. 18 электр бағанасы құлап, 1,5 шақырым желі үзілген. Жарықтың жоқтығынан қаланың кей аудандары қара түнекте жылусыз отыр. Төтенше жағдайлар департаменті 45 ағаш морт сынды деген ақпарат таратты. Сонымен қатар 12 аялдама, 32 бағдаршам мен 30-дан астам жарнама билборды қираған.
«ЖамбылЭлектрЖелілері» ЖШС күзет қызметінің басшысы Талғат Иманбеков: «Автовышканы жоғары көтеріп жұмыс істей алмай жатырмыз. Өйткені желдің күші секундына 10 шақырымнан асқан кезде арнайы техниканы қолдануға болмайды. Сол себепті қиындықтар туындауда», – дейді.

Табиғаттың тосын мінезі келтірген шығын көлемі әзірге белгісіз. Шатыры ұшқан үйлер мен бүлінген әлеуметтік нысандар облыстық бюджеттің есебінен қалпына келтіріледі. Ал ағаш басып қалған темір тұлпарлардың шығынын кім өтері белгісіз. Жамбыл облысын жайпап өткен жел енді Қызылорда мен Түркістан облыстарына да жетті. Қызылордада қарлы боран соғып, бұрқасыннан автокөлік жолдары жабылды. Облыс орталығы мен бірнеше аудан тұрғындары жарықсыз қалды.

Диас Нұрақын

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде