jasqazaq.kz

Таласқа түскен қара су

12 шiлде 2019, 12:42

«Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген сөз бар. Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақты ағайын осы сөздің парқын білмей ме, әлде әдейі істей ме? Неге екенін білмейміз, қырғыздар көрші ақысын ұмытып кете береді. Сөйтіп, жыл сайын жаз кезінде Жамбыл облысындағы шаруаларды шырылдатады да жатады.
Қырғызстаннан бізге ағып кіретін бірнеше өзен бар. Олар жазда сол сыртқы өзендердің арнасын өздеріне қарай толық бұрып алып, жер емген жерлестерімізді тіршілік нәрінен айырады. 800 гектар жерге дәнді-дақыл еккен диқандардың еңбегі биыл да зая кеткелі тұр. Тіршілік нәрінің тапшылығынан 50-ден астам шаруа қожалығының алқабы қазір қурап қалған. Тұрғындар қырғыздармен жасалған келісімшарттағы суды пайдалану былай тұрсын, анда-санда сылдырап аққанына да зар болған.
Қайнар ауылындағы алқапта жыл сайын бұл уақытта жұмыс қызып жататын. Қауын-қарбыз қақ айырылып, құлақ-құлақ су ағушы еді. Көктемде егілген дән жетіліп, шаруалар алғашқы өнімді жинауы керек болатын. Әдетте салмағы 10 келіден кем тартпайтын қарбыздар биыл суғарылмағандықтан 1 келіге де жетпей қалған. Жетісіне бір рет тіршілік нәрін қажет ететін қауын-қарбыз соңғы рет маусым айының басында ғана суғарылған. Бала-шағасының аузынан жырып, бар тапқанын алқапқа салған шаруақор жұрт шарасыз күй кешіп қалды.
Қайнар ауылының тұрғыны Ариф Мұратов 20 жылдан бері тіршілік нәріне жарымай жүргендерін жасырмады. Ол «Жаз басталса, бәріміз арықты күзетеміз. Суға ақшасын уақытында төлесек те, алқаптарымыз уақытында суарылмайды. Осының салдарынан жыл сайын шығынға батамыз. Тіпті жауын жауса, қуанатын болдық. Бірақ мұнда жаңбырдың өзі де сирек жауады», – дейді. Шаруалар өздерінің алқабы арықтың төменгі жағында болғандықтан, бас жақтағылардан су артылмайтынын айтады. Соның кесірінен шаруалар арасында жанжал да жиілеген.
Ауылдық округтің гидротехник маманы қырғыз елінің келісілген су мөлшерін жібермей жатқандығын алға тартты. Сондықтан, тұрғындарға бөлінетін су көлемі де азайған. Ол: «Қордаланған мәселенің негізгі шешімін ішкі өзен суын жинайтын қойма салу арқылы табуға болады», – дейді.
Сарыбұлақ ауылдық округінің гидротехнигі Қажымұқан Әбенов ойын толықтыра келе: «Өзімізде ішкі су бар. Ырғайты, Қалғұты өзені дегендей. Егер су қоймасы салынса, біз қырғыз еліне тәуелділіктің 75-80 пайызынан құтыламыз. Алайда 20 жылдан бері істен гөрі сөз көп. Жоба бар. Бірақ орындалуы қиын боп тұр», – деді.
Трансшекаралық өзендердің түйткілі жалғыз Жамбыл облысында ғана емес. Тіршілік нәрі – қара судың зары біз үшін қашан да өзекті.

Жарас КЕМЕЛЖАН

Бүгін, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық