
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық боксшы Олжас Сәттібаев алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, 1/8 финалға жолдама алды.
1/16 финалда оған Пуэрто-Рико боксшысы Джевьер Синтрон Окасио қарсылас атанған болатын. Қазақстандық боксшы жекпе-жекті өте қарқынды бастады, дегенмен қорғаныста сақтық танытпаған ол көп соққылар өткізіп алды. Нәтижесінде қазылар бірінші раундта жеңісті пуэрториколыққа берді.
Екінші раундта жинақы жұдырықтасқан Олжас Сәттібаев қарсыласынан едәуір мықты болды. Қазылар шешімімен қазақстандық боксшы екінші раундта үздік деп танылды. Соңғы раундта қарсыласын әбден танып алған қазақстандық боксшы Джевьера Окасиоға бет қаратпады.
15 тамызда 1/8 финалда Олжастың келесі қарсыласы әзербайжандық Эльвин Мамишзаде атанбақ. Ол — 2015 жылдың әлем чемпионы атанған мықты боксшылардың бірі. Жекпе-жекті тікелей эфирде «Қазақстан» телеарнасынан көруге болады.