
Кісі өлімі үшін жазасын өтеп жүрген ақтөбелік түрмеде радикалды дін жолына түсіп кетеді. Бостандыққа шыққан ол қарап жүрмей, телефон арқылы Сирияға «кәпірлерге қарсы киелі соғысқа» шақырады. Тіпті өзі де алыс жолға шықпақ болып, қаражат іздестіре бастайды. Ол үшін кезінде түрмеде ренжіскен жігіттердің бірін бопсалап, пәтерін тартып алмақ та болыпты. Бүгінде оған қатысты бірнеше бап бойынша қыфлмыстық іс қаралып жатыр.
Ақтөбе облысының тұрғыны жазасын өтеу орнында радикалды ілімдерді игеріп, бостандыққа шыққан соң, ойын жалғастырған. 2011 жылы қатал тәртіптегі түзеу колониясында жазасын өтеген ол Сирия мен Ирактың аумағында болып жатқан қақтығыстарға қызығушылық танытқанға ұқсайды. Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Өмірбеков есімді азамат діни көзқарастарын өзгертіп, лаңккестік пен экстремизмді үгіттейтін радикалды бағытын таңдайды.
Жем түрмесінен былтыр босатылып шыққан ол облыс орталығына келеді. Қарап жүрмей, ғаламтор беттерінде экстремистік сипаттағы дүниелерді кеңінен насихаттай бастайды. Ұялы телефоны арқылы «ВКонтакте» желісінде видеороликтер орналастырып, өз атынан «киелі соғыстарға» шақыруын жалғастырады. Қарулы жихадқа үндейтін материалдарды тұрақты түрде жариялап, құқық қорғау органдарының назарына іліксе керек.
Көбіне Сирия мен Ирактағы ДАИШ халықаралық лаңкестік ұйымының жұмысын әспеттеп, өз пікрлерін ашық білдіріп жүреді.
Ал осы жылдың басында Өмірбеков мырза Сирия асуды шын ойластыра бастайды. Жаңажанов және Бердешов есімді азаматтармен келісе отырып, «дін жолында жүрген жігіттерге нұқсан келтірдің» деген желеумен бір азаматты бопсалайды. Одан бұзақылар 5 миллион теңге талап еткен. Сондағы бар ойы — Сирияға аттану үшін жолға ақша табу екен. Өмірбековтың қанды қол қылмыскер екенін білген әлгі азамат 3,5 миллион теңге тұратын баспанасын нотариалды түрде рәсімдеуге келісімін де беріп үлгереді.
Өмірбеков ғаламтор арқылы Түркияда тұратын Ясин есімі азаматпен де байланыс орнатып Сирия асудың амалдарын қарастырып қойған екен. «Кәпірлерге қарсы қасиетті соғысқа» аттануға оған әлгі шетелдік кеңестер беріп қана қоймай, Сирияға жетуге қол ұшын созбақ болады.
Бүгінде сот отырысы жалғасуда.
Асқар Ақтілеу, Ақтөбе