Қызылордада ресейлік және қазақстандық сарапшылар Smart city тұжырымдамасын талқылады. Сыр өңірінде өткен «Smart city: аймақтың дамуындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Ресей және Қазақстан сарапшылары қатысқан дөңгелек үстелде «Smart city Қызылорда» тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Онда Ресейдің Мәскеу, Краснодар және елордамыз Астана қалаларында іске қосылған. ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Сыр өңірінде «Ақылды қала» тұжырымдамасы бойынша цифрландыру мәселелері талқыланғанын хабарлады. Шараны аймақта жақын арада құрылған облыстық цифрлық технологиялар басқармасы ұйымдастырды. Дөңгелек үстел барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тақырыпқа орай ой-пікірін білдірді. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Экономикада цифрландыруды кеңінен қолдану бірқатар салалардың жойылып кетуіне және түбегейлі жаңаларын құруға әкеледі. Біздің көз алдымызда болып отырған өзгерістер — бұл тарихи шақыртулар әрі ұлт үшін мүмкіндік». Айта кету керек, цифрландыру — біздің өңірдің дамуында стратегиялық басымдыққа ие. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді үйлестіру мақсатында біз Қызылорда облысының жеке мемлекеттік органы цифрлық технологиялар басқармасын құрдық»,-деді Қ.Көшербаев. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың жүзеге асу барысы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким баяндады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Smart city» тұжырымдамасы бойынша 2018 жылы аймақта 37 жоба жүзеге асырылуда. Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Жоғарыда аталған жобалар 8 бағыт бойынша, оның ішінде 5 негізгі жоба «Smart City» аясында: білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік және қауіпсіздік салалары бойынша жүзеге асырылатын болады»,-деді Евгений Ким. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын цифрландыру бойынша «Интеллектуалды кен орны» цифрлық технологиясын енгізу бойынша жұмыс басталды. Нәтижесінде мұнай өндіруді 1-2%-ға, күрделі жөндеу мерзімін 700 күнге дейін арттыру, операциялық шығындарды 10%-ға дейін төмендету және басқару шешімдерінің тиімділігін 20%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Уран өндіру өнеркәсібінде: «Байкен-U» ЖШС кәсіпорны «Қазатомөнеркәсіп-Сайран» ЖШС-нің тазарту цехында дайын бұйымдарды жинау блогының роботтық кешенін енгізу тәжірибесі бойынша зерттеулер жүргізуде. Роботтық кешенді енгізу қолмен жұмыс істеуден босатып, өнімді тасымалдау-орауға қатысты барлық алгоритмді автоматтандыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Ал, білім беру саласында аймақтағы білім беру мекемелерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы компьютермен қамту бойынша шаралар қабылданды. Жылдың аяғына дейін барлығы 293 мектеп жоғары жылдамдықты Интернет және Wi-Fi желісімен жабдықталады. Сондай-ақ, аймақтағы 293 білім беру мекемесі «Күнделік» электронды журнал жүйесіне қосылған. Денсаулық сақтау саласы бойынша өңірдегі 80 пайыз медициналық мекемелерде кеңжолақты интернет желісі іске қосылған. Медицина мекемелерін «қағазсыз айналымға» көшіру бойынша жұмыс басталды. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту мақсатында «Облыстық медициналық орталықта интеграцияланған операциялық жүйені орнату» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба отаға дайындық уақытын 20%-ға дейін қысқартып, өлім қаупін азайтады, сондай-ақ, жылына 3000-ға дейін операция өткізуге мүмкіндік береді. Қауіпсіздік секторын цифрландыру шеңберінде 5 жоба жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда ІІД жедел басқару орталығында 272 бейнебақылау камерасы және 8 жол қозғалысы ережесі бұзылуын тіркейтін жүйе жұмыс істейді. 2022 жылдың соңына дейін Қызылорда қаласында 3200 бейне камераны орнату және 31 жол қозғалысы ережелері бұзылуын тіркейтін жүйені іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қызылорда облысы 112 (112-ге ұқсас) Бірыңғай диспетчерлік қызметін іске асыру үшін пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Ауыл шаруашылығында азық-түлік тауарлары саудасын жүйелеу мақсатында «Агробиржа» жобасы іске асырылуда. Осы жобаны жүзеге асыру ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерінің кемінде 30%-ын электронды сауда-саттық жүйесіне тартуға, азық-түлік бағасын кем дегенде 10% тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта «Автоматтандырылған жылыжай құрылысы» жобасын іске қосу жоспарлануда. Ауылшаруашылығында 2018 жылы жоспарланған өнім 600 тонна болса, одан кейінгі жылдары 900 тоннаны құрайтын болады. Сонымен қатар, ветеринардың жұмыс жүктемесін 25% -ға төмендету және еңбек шығындарын 40% төмендету үшін «Mobi-Vet» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Шиелі ауданының «Ақмая» шаруа қожалығының жұмысын, оның шегірткелермен күресте дронды пайдалану тәжірибесін арнайы атап өткен жөн. Кәсіпкерлік саласында 2017 жылдың 30 қаңтарында «Кәсіпкерлер орталығы» құрылған болатын. Қазіргі таңда аталмыш орталық «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге 40-тан астам қызмет түрін көрсетеді. Орталықтағы барлық қызметтер ақысыз ұсынылады. Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Дмитрий Киселев цифрландыру жобаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесімен бөліссе, «Аэрогеоматика» компаниясының бас директоры Сергей Мищенко цифрлық технологиялар көмегімен Краснодар бюджетін жылына жарты миллиард рубльге дейін қалай ұлғайтқанын айтты. Мәскеу ақпараттық технологиялар департаментінің «Ақпараттық қала» ММ басшысының орынбасары Алексей Щегольцов «Ақылды қала өсу мен даму стратегиясы» атты баяндамасында РФ астанасындағы «ақылды қала» жобасының даму кезеңдерімен таныстырды. Айта кетейік, жақында БҰҰ рейтингісінде Мәскеу электрондық үкімет бойынша бірінші орынға ие болды. Сарапшылардың баяндамасынан соң тақырып бойынша сұрақ-жауап аясында талқылаулар болды. Еске салайық, қазіргі таңда аймақта смарт-менеджмент, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік, қауіпсіздік және бизнес саласында 30-дан астам жоба жүзеге асырылуда. Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Оның шеңберінде жаңа кіші жүйелерге арналған «Ситуациялық орталықтың ақпараттық-талдау жүйесін дамыту» жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, дарынды жастарды қолдау үшін техникалық лабораториялар мен коворкинг орталығының қызметтерін көрсету, ІТ-стартап-жобаларын және бизнес-инкубаторды дамыту мақсатында Қызылорда қаласында «ІТ паркі» құрылды. Сондай-ақ, 2017 жылы желтоқсанда Қызылорда облысында «HackDay2017» жас IT-мамандарының алғашқы аймақтық фестивалі өтті. Халықаралық тәжірибені зерделеу үшін аймақ делегациясы Татарстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының SmartCity жобасы аясындағы заманауи нысандарын аралады.
Мақпал Ноғайбаева