jasqazaq.kz

Синофобия: кімге тиімді, кімге зиян?

09 сәуiр 2021, 12:12

Инвестиция «ықпал соғысының» құрбанына айналып барады. Қытай қаржысы бізге келмей, Өзбекстан мен өзге елдерге кетіп жатыр. Синофобия («қытай қаупі») кесірінен Қазақстан жүздеген миллион доллардан қағылуда. Саясаттанушы Марат Шибұтов осындай тосын тұжырым жасапты. Тосын дейтініміз, әлеуметтік желі мен кейбір сайттарда сарапшы мен блогерлер қалыптастырған қоғамдық пікір қит етсе, қытай «экспансиясымен» қорқытуға дайын. Бұл істе шетелден грант алатын ұйымдар, «шекарадан жасырын өттік» дейтін қайсыбір қандастар, Қытайға қарсы ақпараттық соғыс жариялаған Батыстың хабар-ошар құралдарына жұмыс істейтін журналистердің ерекше белсенді екенін жұртшылық жақсы біледі.

М.Шибұтов Ұлттық банктің дерегіне сүйене отырып, соңғы 16 жылда шығыста көршімізден келген инвестицияның 19,5 млрд доллар екенін хабарлайды. Бұл – Нидерландтар, АҚШ және Швейцариядан кейінгі төртінші көрсеткіш. Қытайдың ел экономикасына үсті-үстіне қаржы салуы (жылына 1 млрд доллардан астам) 2009 жылы басталды.

Сарапшы Аспан асты елінің сол кезде дағдарыстан зардап шеккен Қазақстанға қолдау көрсеткенін еске салады. Айта кеткен жөн, АҚШ пен Еуропаның алпауыттары табысы көл-көсір шикізат секторына қаржы құйып, пайдаға кенеледі. Қазба байлық (көмірсутегі) өндірісінен өзге жерде оларды кездестірудің өзі екіталай. Ана бір жылы қытай елшісінің «Қазақстанда жол салған американ компаниясын көрдіңіз бе?» дейтін сауалды төтесінен қоюы да бекер емес. Ал оның отандастары еліміздегі мұнай-газбен қатар, электр қуатын өндіру, өңдеу өнеркәсібі, көлік тасымалы, логистика, инфрақұрылым (Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолы) сияқты көптеген салаларға қаржы салды.

Мағрұптан – Машриққа

Ғаламдық экономиканың өркендеу бағыты Батыстан Шығысқа қарай ойыса бастады. Мұны бір кездегі өркениет бесігі болған «Азияға қайта оралу» деп те жүр. Осы беталыста ежелгі Жібек жолы бойындағы сауда-саттықты, өзара тиімді жобаларды іске асырған «Бір жол, бір белдеудің» орны айрықша. 2013 жылы Қазақстан астанасында жарияланған осы бастаманы АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазіргі G-7 елдерін қалпына келтіріп, экономикалық қуатын еселеген «Маршалл жоспарымен» де салыстырып жүр. Бірақ «Бір жол, бір белдеудің» ауқымы кеңірек. Ол Орталық Азия, Еуропа және Африканың 60 мемлекетіндегі сауда-көлік дәлізін (логистика) жақсартуды көздейді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын өндіретін 163 мемлекет осы жобадағы әр түрлі бағдарламаларға қатысып жүр. Былтырғы маусым айындағы көрсеткішке сәйкес, жалпы құны 2,3 трлн долларға жететін 1,8 мың жоба қолға алынды.

Әрине, геоэкономикадағы мұндай түбегейлі өзгеріс әлемдегі ең бай әрі экономикалық әлеуетімен көш бастап тұрған Американы алаңдатпай қоймады. Бір өрісті дүниені уысынан шығарғысы келмеген АҚШ көп күттірмей Қытайға қысымды күшейтті. Бұл ең алдымен сауда соғысы арқылы көрініс тапты. Айта кеткен жөн, 70-80-жылдары жапондар таңғажайып теледидары, жұрттың қолы жете бермейтін видеомагнитофоны, сапалы автокөлігімен жер жүзін жаулап, тіпті Американың өзінде жергілікті тауар өндірушілерді ығыстыра бастады. Сол кезде американдықтар қосымша баж салығын енгізу, демпингке қарсы амалдар арқылы тегеурінді бәсекелестің арынын баса білді. Оның үстіне Күншығыс елі өзінің сенімді одақтасы болғандықтан, саудадағы текетірес үлкен соғысқа ұласа қойған жоқ.

Ал Қытайдың жөні басқа. Жалпы ішкі өнімнің жекелеген түрлері бойынша анау-мынау емес, Американың алдын ораған ел. Мұраты – «Бір белдеу, бір жол», 5G байланыс жүйесі, ғарышты игеру, заманауи технологиялары, жасанды интеллект, цифрлық ақшасы арқылы XXI ғасырдың қуатты мемлекетіне айналу.
«Мотор» бар, ақша жоқ

Мұндай жағдайда Бейжіңді тек саудадағы шектеумен тежеу мүмкін емес. Сондықтан Американың саяси технологтары демократия қағидалары мен адам құқығын қорғау, синофобия сияқты үйреншікті «қаруына» жүгінді. Сөзі өтетін жақтастарын қытай инвестициясынан бас тартуға шақырды. Оған құлақ асқандардың бірі – Украина. Ресеймен ат құйрығын үзіскеннен кейін бұл елдің Батыстан қаражат ағылады деген үміті зор еді. Бірақ олай болмады. Қытайдың Skyrizon Aircraft Holdings компаниясы бес жыл бұрын Запорожьеде орналасқан «Мотор Сич» компаниясын алған болатын. Толық жекешелендірілген кәсіпорын түрлі ұшақ пен тікұшақтарға қозғалтқыш, өнеркәсіпке газ турбинасы қондырғыларын жасайды. 2014 жылға дейін негізгі клиенті Ресей еді. Тапсырыс беру тоқтаған соң зауыттың жағдайы нашарлай бастады. Қытай компаниясы алдымен өндірісті қаржыландыруға деп 100 млн долларды 0,3 пайызбен 10 жылға береді. Кәсіпорынның акцияларын сатып алу үшін тағы 150 млн доллар құюға келіседі. Бірақ көп өтпей, украин билігі зауытты мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін шешім қабылдайды. Skyrizon Aircraft Holdings енді өтемақы ретінде 3,6 млрд доллар талап етіп, сотқа шағымданып жүр. Ресми Бейжің Киевтен компанияның құқығын қорғалуын талап етті. Осы оқиға онсыз да қарызы бастан асып, шетелдік кредитпен күн көріп отырған елдің беделіне зор нұқсан келтіргені белгілі. Тіпті Украинада реформа жүргізуге барған Михаил Саакашвили инвесторды бұлай «лақтырып кету» өзі отырған бұтақты өзі кескенмен бірдей деген пікірде.

Ақшаға саясат жүрмейді

Түркия әлгі «Бір жол, бір белдеу» арқылы Қытайдан келетін тікелей инвестицияны көбейтті. Қазірге дейін оның көлемі 4 млрд долларға жақындады. Таяуда Xiaomi компаниясы Ыстамбулда ақылды телефон шығаратын құны 30 млн долларлық зауыт ашты. Кәсіпорын 2 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл ел АҚШ пен Еуроодақтың НАТО-дағы сенімді одақтасы. Алайда басқа салаларда дәл бұлай жақын емес. Өндіріс орындарын ашу, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту үшін ұдайы инвестиция қажет. Түріктер халықаралық банктердің зілбатпан несиесіне байланған кезеңді, үкіметті жеті рет басқарған Сүлеймен Демирелдің «Түркия 70 цент инвестицияға мұқтаж» дейтін сөзін ұмытқан жоқ. Содан болар, Батыс Шыңжаңдағы «ұйғыр проблемасын» көтеріп, аттан салғанда айқайға қиқу қоспады. Дегенмен Қытай сыртқы істер министрі Ван И ресми сапармен Анкараға барғанда сол аймақтағы мұсылмандар мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Күні кешеге дейін көп дүниені сырттан сатып алатын түріктер экономикада тәуелсіздікке қол жеткізбей, саяси егемендіктің тұғыры солқылдақ болатынын жақсы біледі.

Түрлі-түсті төңкеріс емес, өркендеу жолымен

Біздің бір сайт жуырда «Тағы бір халықаралық бағыт Қазақстанды айналып өтеді» деген тақырыппен ақпарат жариялады. Онда өзбек үкіметінің қырғыз жері арқылы Қытайға апаратын жолды өз қаржысына салып беретіні айтылған. Бұл жерде әңгіме Әндіжан-Ош-Қашғар теміржолы құрылысы жөнінде. Үш ел аталған жоба бойынша келісімге сонау 1997 жылы қол қойған. Таулы-тасты жерде 48 жер асты жолын салуды көздейтін жобаға қыруар қаржы қажет. Қытайлар оның техникалық-экономикалық дәйектемесін дайындау үшін қырғызға 20 млн юань да берген. Бірақ іс орнынан қозғалмады. Елге онсыз да тамтұмдап келетін инвестиция легі де кесілді. Сарапшылар мұны Алатаудың арғы жағында жиі бұрқ ететін түрлі-түсті төңкеріспен, саясаттың экономиканы ығыстыруымен, көршілермен байланыстың бұзылуымен, сондай-ақ «қытай қаупімен» қорқытқысы келетін бейресми ұйымдар мен ақпарат құралдарының ықпалының күшеюімен түсіндіреді. Сондай белсенділердің қытай компанияларын елден кетіруді талап етіп, шеру ұйымдастырғаны да белгілі. Бұл құбылыс бүгінде екпе «соғысында» да көрініс табуда. Өткен аптада Елена Баялинова дейтін медиасарапшы «қырғыз дипломаты қытай вакцинасын салдырғаннан көз жұмды» деген ақпаратты таратып жіберді. Үкімет пен қытай елшілігі мұны жоққа шығарды. Осыдан кейін блогер ханым да бастапқы пікірін өзгертіпті.

Бүгінгі ресми Бішкек ең алдымен көршілермен тату болу керектігін, алпауыт мемлекеттер арасындағы текетіресте біреудің шашбауын көтеріп, оның бәсекелесіне қарай лақтырған тастың айналып келіп өзіне тиетінін түсінетін сияқты. Қырғыз бен өзбек арасында талайдан бері күрмеуі көп түйінге айналған шекарадағы жер дауы ойдағыдай шешілді. Мұндай ұстаным аймақ мемлекеттері тарапынан қолдау тапты. «Бір жол, бір белдеу» бастамасына қатысу елге игілік әкелетінін түсінген өзбектің әлгі теміржол құрылысына қаржы бөлемін деуі осыдан. Өзбек елі өзара тиімді экономикалық жобаларға айрықша ықылас танытуда. Мұны швейцариялық әйгілі баспагер-инвестор Марк Фабер де растайды. Ол «Өзбекстанға инвестиция құйған бір компанияның басқару кеңесіндемін. Ол жерге салған қаржымыз үш айда 20 пайызға еселенді», – дейді. Өткен айда Ресей мен Қырғызстан президенттері Талас облысындағы Жерүй кенішінде орналасқан алтын рудасы комбинатын іске қосты. Ресейлік компанияның осы жобаға салатын қаржысы – 600 млн доллар. Бұдан бөлек, алтын қоры жүз тоннаға жететін кенішті пайдалану лицензиясы үшін 100 млн доллар төлейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет алдына шетелден жыл сайын 30 млрд доллар тікелей инвестиция тарту міндетін қойды. Пандемия басталғалы оның көлемі азая түсті. Қазір кейбір жобаларды халықаралық банктерден алған кредитпен жүзеге асырмақшы. Инвестиция сияқты емес, үкіметтің кепілдігімен алынатын мұндай несиенің ертең қазынаға салмақ салатыны, мемлекеттің сыртқы қарызын одан сайын көбейтетіні белгілі. Ал Батыс компанияларының өндіріске қаржы салмағанына да біраз болып қалды. Ендігі үміт Азия мен Ресей, Түркия секілді елдердегі инвесторларды. Мемлекет басшысы өткен жетіде Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық серіктесі, экономикалық қуаты жағынан әлемде екінші орында тұрған Қытаймен өзара тиімді ынтымақтастық біздің еліміз үшін пайдалы әрі мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне сай екенін атап өтті.

Пандемиядан соң өзгерген бүгінгі әлемдегі ахуал Батыспен де, онымен текетіреске түскен Қытай және Ресеймен де тепе-тең қарым-қатынас орнатуды талап етіп отыр.

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық