jasqazaq.kz

Сингапур сәттілігі

23 қыркүйек 2016, 14:15

qlj5pl5bguzeflrvw2ap

Қыркүйектің орта шеніне таман «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) бір топ қызметкері болып, Сингапур Республикасына тәжірибе алмасуға бардық.

Сингапур қаламемлекет, аралмемлекет. Сонымен қатар ол Азиядағы ғана емес, әлемдегі аса ірі қаржылық хаб. Бізді қызықтырғаны минералды байлық, қаржылық ресурстан құралақан кішігірім ғана ОңтүстікШығыс Азиядағы мемлекеттің, аумағы Алматыдан сәлақ үлкен қаланың әлемдік қаржы орталығына айналуы.

 Тәуелсіздігін 1965 жылы алған ел 90-жылдардың басында-ақ әлемнің қаржысын өзіне тартудан оқ бойы озық болған. Сол көрсеткішті әлі де қолдан жіберген емес. Сапарымыз кезінде Ли Куан Ю атындағы қоғамдық саяси мектебіндегі семинарға қатысып, әрі қаржы саласы, инвестиция тарту органдарындағы белді азаматтармен кездескен біз сол кездесулерден кейінгі ойларымызбен бөлісуді жөн санадық.

Бізді қаржы саласы қызықтырғандықтан әрі Сингапурдың мықты қаржы орталығы екенін ескерсек, Сингапур ғажайыбын қаржы саласының тұрғысынан қарастырайық.

Бүгінде Сингапурдағы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 12 пайыздық үлесін қаржы саласы қамтамасыз етеді. Елде 200 мыңнан астам қаржы саласының мамандары жұмыс істейді, оның басым бөлігі шетелдіктер, демек, қаржы саласындағы мықты мамандарды өзіне тарта білген. Құны 1 трлн АҚШ долларынан асатын активтерді басқаратын 500 басқарушы компания мен аса ірі 190 сақтандырушы компаниясына ел өз есігін ашқан.

Сингапур қаржы саласының майталмандарынан «Сингапурдың қаржы хабына айналғанына не түрткі болды, қандай да бір қозғаушы күш болуы тиіс қой?» деп сұраймыз. Мәселен, «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құруға елдің экономикасын әртараптандыруға деген ұмтылыс себеп болды. Әрі аймақтағы ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін бірегей орталық екендігі де болашақ хаб болуының алғышарты: Еуразия аймағында әлі ондай орталық құрылған жоқ.

Сингапурлықтардың жауабы сыпайы. «Бұл – табиғи факторлардың әсері, орналасқан аумағы ұтымды, қаржылық хабқа айналмай тұрып-ақ, сауда орталығы болған жер», – дейді Дональд Лоу, Ли Куан Ю мектебінің профессоры, Сингапурдың қаржы билігінде біраз жыл қызмет атқарған азамат. «Сонымен қатар, әрине, мемлекет өзінің бәсекеге қабілетті артықшылықтарын пайдалана білді», – деп қосып қояды.

Мәселен, Сингапур Қор биржасы – әлемдегі ең мықты қор биржаларының бірі. Елдің уақыт белдеуі оның сәтті қаржы орталығы болуына ықпал еткен. АҚШ қор биржалары жабылып жатқан сәтте, ал Еуропа қаржы нарықтары әлі ашылмай отырған сәтті Сингапур өзінің орнын белгілейді.

Бұл, талассыз, Сингапурдың қаржылық орталық болуына әсер еткен табиғи, өзіндік себептер. Географиялық жағдайы да табиғи сауда орталығы атануына қолайлы. Қаржы орталығын құруға ұтымды алғышарттары болған. Бірақ бұл арада назар аударатын жайт: егер мәселе тек географиялық жағдайымен шектелсе, онда  көршілерінің де осы мүмкіндікті пайдалануына әбден болар еді ғой. Бірақ, Азияның негізгі қаржы орталығы – Сингапур. Дәл сол аймақтағы дамушы елдердің арасындағы (аймақтағы Австралияны есепке алмаймыз) дамыған ел тек ғана – Сингапур. ЖІӨ адам басына шаққанда 50 мың АҚШ долларынан асады. Тіпті АҚШ, Еуропа елдерінен бір адым алда тұр. Ал көршілеріндегі бұл көрсеткіш 10-12 мың АҚШ доллары аралығында.

seminar-kezinde

Тәуелсіздік алған 60-жылдардан кезінен бері ЖІӨ тек ғана өсімді көрсетіп келеді, ал көршілес, ресурстары да мүмкіндіктері де, аумағы да мол мемлекеттер ондай өсімге ие болмаған.

Сингапур экономикалық қауымдастығының вице-президенті, профессор Йео Лам Кионг сыпайы ғана «Сингапур – сәтті ел» деп айтады. Алайда бұл қарапайым сөздің сыртында елдің экономикалық билігінің орасан еңбегі тұр. Мемлекет құрушылар ел тәуелсіздігін алған бетте арал артықшылықтарының қандай екендігін біліп қана қоймай, соған басты назар аударып, әрі қарай дамытуға ықылас қойған. Демек, мемлекеттің пайда болуынан бастап-ақ, негізін құраушылар оны таза бизнес-план жүйесі бойынша қалыптастырған.

Яғни қаржы саласын негізгі артықшылықтарының бірі екенін түйсінген бетте осы бағыттағы маңызды қадамдарын жасап бастаған. Сингапурдың Ұлттық банкінің, қадағалаушы реттеушінің және қаржы орталығының функциялары бір орган – ақша-несие басқармасының қарамағында.

Сингапур жылдар бойы қаржы саласын өте қатаң тәртіп аясында ұстап келген. Тәуекел мен қатердің алдын алу жүйесін өте мықты қалыптастырған. Сингапур қаржы саласының мүшесі атануға ниет танытқан қаржы институттары сүзгіден өтікізілетін болған. Шетелдің кей алпауыт банктері қаншама қаржылық орталықтарында сәтті жұміс істегенімен, Сингапур қаржы билігінен лицензия ала алмаған мысалдары баршылық. Демек, бұл арада қаржылық тәртіп алдыңғы орынға қойылған. Соңғы 50 жылда әлем қанша қаржы дағдарыстарын бастан өткерсе де, Сингапурға олардың ешқайсысы анау айтқандай әсер етпеген. Тіпті «Азия жолбарыстарының» қарқынын тежеген 1998 жылғы дағдарыс, 2008 жылғы әлемдік дағдарыс, қазіргі созылыңқы дағдарыс – бұлардың Сингапурға әсері титімдей. Сингапурлықтар, бірақ әлемдік технологиялардың барынша тез дамитынын, әлемдік қаржы институттарының да бір орында тұрып қалмайтынын ескеріп, соңғы жылдары қаржы саласына либерализация жасау жолында.

Халықаралық қаржы мәселелеріне маманданған экономика профессоры Рамкишен Раджан – қаржының ағыны, несиенің дүмпуі және қаржылық реттеушінің  барынша жұмсақ позициясын дағдарыстың негізгі хабаршылары деп атайды. 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінде осы үш хабаршының да ақпараттандыру бойынша біздің аймақтағы өз рөлдерін өте жақсы атқарғаны белгілі.

Ли Куан мектебі деканы Кишор Махбубани Сингапурдың қарқынды дамуының құпиясын үш сөзге біріктіріпті: Меритократия, прагматизм және адалдық.

Сингапур экономикалық даму агенттігі (Сингапурдың жоспарлау мен стратегияларын іске асыру жөніндегі Үкіметтің органы, жаһандық бизнес-орталық ретінде елдің позициясын нығайтуға арналған ведомствосы) төрағасы Бе Суан Джин ел тәжірибесінің сәтті болуын «биліктің Сингапурды өмір сүруге қолайлы мемлекет етуге» деген талпынысымен байланыстырады. Жақсы жұмыс орындарын құру, оның Сингапур экономикасының артуына серпін беретіндей болуын қамтамасыз ету де сол рецептінің ішінде.

Сингапурдың жетістігі сол – әлемдегі ең мықты деген жетістіктерді өз экономикасына бейімдейді. Әр идеяның, техниканың, әдістің Сингапурға шаққандағы әсерінің қандай болатынын зерттеп, оны енгізумен айналысады, демек, енгізілген шешімдері – эксперимент емес, әбден сүзгіден өткізілген, ақылды шешімдер. Болуы мүмкін қателіктерді алдын ала зерттеп, содан басын аулақ салуы да сингапурлық ноу-хау.

tharman-shanmugaratnam-premer-ministrdi-orynbasary

Сингапурдың уақытты оздырып алмайтын, барынша прагматикалық ел екендігін осы елдің премьер-министрінің (Сингапурдың негізін салушы премьері Ли Куан Юдың ұлы) орынбасары Тхарман Шанмугаратнамның мына сөздері айғақ бола алады: Сингапурдағы бар нәрсенің титімдей бөлігі ғана Сингапурда ойлап табылған. Біздің негізгі ұстанымымызды – «Әлемдегі мықты, үздіктерден ал» деген сөзбен жеткізуге болатын шығар. Жаңа технология, жаңа идея, өте сәтті жұмыс істейтін кез келген әдіс – бұлардың барлығын Сингапурда сүзгіден өткізіп, оны онан бетер жандандыра түсеміз, сонымен қатар орын алған қателіктерді болдырмауға тырысамыз».

Елді қаржылық орталыққа мамандандырып бастаған сәттен-ақ, кадрларды тәрбиелеуді басты мақсат еткен. Өз кадрларын өсіру мақсатында білім ордаларын, қаржылық, экономика, басқару саласына бағытталған оқу орындарын құрып бастаған. Тағы бір қызықты ақпарат – 2008 жылы әлемдік қаржы алпауыттарының тізесін бүктірген қаржы дағдарысы Сингапурға келетін экспаттар нөпірін арттырған. Қаржы саласындағы адами ресурстарын молайтқан. Шындығында да, Сингапурдың білімді, талантты экспаттарға есігі ашық екені байқалды.

Сингапурдың дамуына тағы бір жанама әсер еткен жайтты сингапурлық біз кездескен ғалымдар Гонконгпен байланыстырады. Екі қаладағы ұқсастықтар да баршылық: екі қаланың да халқының басым бөлігі қытайлықтар, халқы тығыз орналасқан, қала айтарлықтай кең емес, табиғи ресурстар жоқтың қасы. Алайда осы қалалардың арасындағы бәсекелестік – қаржы рыногіне деген «талас», тікелей инвестицияны тартуға деген екі қаланың да аса мықты ұмтылысы, қаржы орталығын құруға деген екі қаланың да мықты ынтасы, адам ресурстарын, мықты кәсіби қаржыгерлерді тартуға деген ықыласы, салықты барынша ыңғайлы етуге деген құлшынысы екі қаланы да бейқамдықтан ада, барынша тас-түйін, бір сөзбен айтқанда, бір-бірінен бәсекеге қабілеттірек болуға талпындырған.

Ли Куан Ю мектебіндегі ғалымдар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің мысалына назар аудартады. Ол елдердің ауқатты топтары көбінесе жылжымайтын мүлік нарығындағы операциялар, тұтынушылық несиелеу, тауар саудасына көбірек көңіл бөлген. Өндіріс – басым бағытқа ие емес. Қатерді алдын ала зерттеуге үйренген сингапурлықтар жылжымайтын мүлік нарығы, тұтынушылық несиелеу, қаржы спекуляциясы салаларын – қауіпті, ескеруге тиіс салалар деп біледі.

Сингапурдың сәтті болуына, бәлкім, аралдың 70 пайыздан астам халқының этникалық қытайлардан тұратыны да әсер етсе керек. Олардың еңбекқорлық, тәртіп сынды қасиеттері экономикалық ғажайыпқа өз әсерін тигізді деп сенгіміз келеді.

img_3233

Қысқаша қорытындылағанда, Сингапурдың сәттілігіне – оның табиғи, географиялық жағдайы ғана емес, сонымен қатар билігінің ел мүмкіндіктерін барынша пайдалануы, жоқтан бар жасауға деген ұмтылысы, адами капиталға мол көңіл бөлуі, кез келген идеяны мемлекеттің дамуына сай пайдалануы, ең маңыздысы, мемлекеттің мықты болуына деген жанашырлығы мен жанқияр еңбегі әсер еткен. Бұл жаңадан құрылған мемлекеттер үшін ғана емес, қандай да бір істі бастайтын сала үшін аса қажет-ақ рецепттер.

Гүлнар Мұқанова,

Астана-Сингапур

27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды