jasqazaq.kz

Шымкенттегі ерекше балаларға жаңа өмір сыйлайтын орталықтың жұмысы қарқынды

26 қыркүйек 2025, 23:20

Шымкент қаласындағы №2 Оңалту орталығы – 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға неврологиялық, ортопедиялық және операциядан кейінгі оңалту қызметін көрсететін мемлекеттік мекеме. Бас дәрігер Айгүл Сапарғалиева орталық жұмысы жайында Jas Qazaq тілшісіне баяндап берді:
«Біздің мақсатымыз – әр баланың жағдайына қарай жеке оңалту жоспарын құрып, оның өмір сапасын жақсарту. Диагнозы ДЦП, аутизм, есту немесе көру қабілеті шектеулі балалар үшін жеке бағдарлама жасалады», – деді.
Орталықта ата-аналар мен қамқоршыларға да ерекше көңіл бөлінеді.
«Ата-аналарға психологиялық әрі ақпараттық қолдау көрсетеміз. Отбасылық кеңес беру, білім беру сабақтарын да ұйымдастырамыз», – деді бас дәрігер.
Айгүл Октябрьқызы физиотерапия бөлімінің жұмысын да атап өтті:
«Біздің физиотерапевт мамандар қозғалыс аппаратының бұзылыстарын түзетуге бағытталған заманауи жабдықтар мен инновациялық әдістерді қолданады. Топтық және жеке сабақтар тұрақты өтеді», – деді ол.
Балалардың тіл дамуына да ерекше назар аударылатынын бас дәрігер айрықша мән берді.
«Логопедтер сөйлеу дамуы кешеуілдеген, дислексиясы бар балалармен жұмыс істейді. Интерактивті әдістер мен ойын элементтері жиі қолданылады», – деді Айгүл Сапарғалиева.
Танымдық дамуы ерекшеленетін балаларға арналған арнайы сабақтар туралы да сөз болды. Орталықта дефектологтар оқу дағдыларын қалыптастыру және дамыту бағдарламаларын жүргізеді. Әр баланың мүмкіндігіне қарай оқыту әдістерін бейімдейді. Орталықтағы мамандардың кәсіби біліктілігі жайлы ол былай деп толықтырды:
«Бізде 30-дан астам жоғары білікті маман қызмет атқарады. Жыл сайын әрқайсысы 60 сағаттан астам біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұл – көрсетілетін қызмет сапасының кепілі», – деді Айгүл Октябрьқызы.
Ата-аналармен тығыз байланыс – орталық жұмысының басты қағидаларының бірі.
«Ай сайын екі рет сауалнама жүргіземіз. Күн сайын мобильді чат арқылы байланыста болып, ұжымдық кездесулер ұйымдастырамыз», – деді бас дәрігер.
Айгүл Октябрьқызының айтуынша, №2 Оңалту орталығы – тек емдеу орны ғана емес, ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуетін ашатын, өмірге сенім сыйлайтын орталық. Заманауи жабдықтар мен білікті мамандардың үйлесімді еңбегі әрбір балаға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда.

Олжас Әбдіхалық

10 қараша, 20:03
«COP31»: Әділ, теңгерімді көзқараспен нақты нәтижеге
10 қараша, 16:00
Азамат Ешанқұл: Алматыдағы қоғамдық көліктің 81,2%-ы экологиялық таза отынға көшті
10 қараша, 14:34
Шымкентте Президент Жолдауын түсіндіруге арналған кездесулер өтті
09 қараша, 12:51
Әлішер Бекенов: Жылу шығынын азайту энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді
05 қараша, 18:32
Тарих қойнауынан табылған жазу немесе ғалым мен қаламгердің үндестігі
05 қараша, 15:36
«Бәріне ортақ журналистика» - жаңа белестің бастауы
05 қараша, 15:17
«Бәріне ортақ журналистика»: Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған курс өз мәресіне жетті
04 қараша, 14:18
Аршат Бақтыгереев: Қаланың жасыл қорын сақтау – басты міндеттердің бірі
04 қараша, 14:12
Шымкентте ауыл шаруашылығы өндірісі мен қайта өңдеу жобалары кеңейіп келеді