
Алматы облысында үш жігіттің құжаттарын тексерген полицейлер олардың көлігінің багажынан байлаулы жатқан адамды тауып алды.
https://www.youtube.com/watch?v=eFk4ZJzmkoc&feature=youtu.be
Маңғыстау облысының мемлекеттік нөмірімен тіркелген Lada көлігін полицейлер кешқұрымда Алматы-Бішкек тас жолының 29-шы шақырымында тоқтатты.
Құжаттарды тексеру кезінде өзін күдікті ұстаған жүргізуші полицейлердің көзіне түседі. Сол арада багаждан бөтен дауыс естіп қалған тәртіп сақшылары одан багажды ашуын сұрайды.
Олар бас тартқасын полицейлер куәгерлердің көзінше багажды өз құралдарымен ашатынын ескертеді. Дәл сол кезде көліктен айқайлаған дауыс анық естіледі.
Өзінің қашып құтылмасын ұққан жүргізуші багажды ашады. Одан қол-аяғы байлаулы ер адам табылған. Көліктегі үш жігіт те қамауға алынды.
Екі жігіт Шымкентке бағыт алғанын ғана айтса, үшіншісі багажда адам барын білмегенін алға тартты. Багажда байлаулы жатқан адам болса, өзін ұрлағандарды танитынын айтуда. Ол жігіттермен ортақ ісі болғанын мәлімдеді, алайда қандай іс екенінен тіс жармады. Тек сол істегі олқылықтарды жігіттер мойына ілмек болғанын мәлімдеген.
Жігітті көлігіне жанармай құйып жатқан жерінен ұрлаған. Таныстары оны көлікке күштеп кіргізіп, тау жақта сақамен аяусыз ұрған. Үшінші жігіт көлікке жолай отырған. «Алайда мені багаждан көре тұра шара қолданбады» дейді зардап шегуші.
Бұл туралы NUR.KZ patrul.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.