
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Бозарық шағынауданында болып, елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Қаланың егжей-тегжейлі жобалау жоспарында шағынауданнан 183 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қаралған. Олардың 65-і мемлекеттік бюджет есебінен салынады. Қазір шағынауданда 16 тұрғын үй бой көтерген, бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 49 үйдің құрылысы келесі жылы басталады.
Сонымен қатар шағынауданда алдағы уақытта мектеп, емхана салынады. Мұрат Дүйсенбекұлы Бозарық-3 шағын ауданында бой көтеріп келе жатқан спорт кешенінің ғимаратын қарап шықты. Спорт мектебі ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалармен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің теңгеріміндегі бос жерде салынуда. 100 оқушыға лайықталған ғимаратта ауыр атлетикаға арналған платформалар қарастырылған. Нысан келесі жылы мамыр айында қолданысқа беріледі.
Қала басшысы жауаптыларға шағынауданда салынып жатқан барлық құрылыс нысандарының сапасын қатаң бақылап, жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын қадағалауды тапсырды. Бұл ретте техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін арттырып, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Шымкент қаласының өзінде тұрғын үй алу кезегінде әртүрлі санат бойынша 49 752 адам тіркелген екен. Қалада баспанаға деген сұраныстың жоғары екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Алдымен үй кезегіне тіркелгендердің санатына тоқталсақ. Мемлекеттен нәубетпен берілетін үйге тіркелгендердің 1928-і ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, 10 556-сы көпбалалы отбасы санатына жатады, 17 297 адам халықтың әлеуметтік әлсіз тобы бойынша тіркелсе, 19 943 тіркелуші мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым мен әскери қызметші санаты және баспанасы апатты деп танылған 28 азамат бар. Үй кезегіне тұру ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен реттелгендіктен жоғарыда көрсетілген санаттарға енбейтін азаматтар тіркеле алмайды.
Халықты баспанамен қамтуда ашықтық маңызды. Республика көлемінде тұрғын үй алу кезегі бірыңғай электронды нұсқада kezekte.kz электронды порталы арқылы іске асырылады. Кезекке тұруға азаматтар ЭЦҚ (ЭЦП) арқылы өтініш беріп, сол портал арқылы кезегін бақылай алады.
Бүгінде баспанамен қамту үшін жұмысшы жастарға арналған «Жастар бағдарламасы», 2-10-20 (Бақытты отбасы), 5-10-20 (Шаңырақ) және 2-20-25 (Нұрлы жер) бағдарламалары жүзеге асырылып отыр.
Бибайша Нұржанқызы