jasqazaq.kz

«Шелектеп» кеңес беру

02 наурыз 2018, 17:34

Елдегі коммуналдық қызмет бағасы жыл сайын өседі. Биыл да солай. Жұрт оған әбден көндіккен. Су керек пе? Керек. Электр қуаты керек пе? Әрине. Жылу екі бастан. Көгілдір отынды бір күнге өшірсе, аш қаласың. Жайлы өмір сүргің келе ме, төле. Бірақ қалтаны қағады.

Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бұл мәселеден хабардар. «Коммуналдық қызмет бағасына қатысты айтылатын сынды еліміздің түкпір-түкпірінен естимін. Әрине, оның бағасын төмендетуге болады. Бірақ онда желілерді жөндеуге шамамыз келмей қалады» дейді. Бұл сөзбен келісуге болады. Тозығы жеткен желінің бірнеше жылдан кейін істен шығатыны белгілі. Бір апамыз айтқандай, «маңырағанның көкесі» сонда болмақ.

Әйткенмен, қымбатшылыққа төтеп берудің оңай жолы бар екен. Вице-министрдің айтуынша, бәрі бағаға кеп тірелмейді. «Барынша аз тұтынып та үнемдеуге болады. Бөлмелерде шамды өшіріп, қажетсіз электр құралдарын қоспаған жөн. Жер үйлерде шатыр мен еденді жылытпаған дұрыс» деген кеңес береді ол.

Несі бар, құнды кеңес. Бұрын да естіген сияқтымыз. Ұмытпасақ, сонау 90-жылдардың ортасында болуы керек. Бір шендінің (кейін шетелге қашып кетті) телеарнадағы сұхбатын құлағымыз шалған. Алдында отырған тілшіге «ваннадан шықтың ба, артыңнан шамды өшіріп жүр» деп үйреткен-тұғын. Француздар айтпақшы, «дежавю».

Шындығында, үнемдеу туралы қарапайым халықтан сұраған дұрыс. Біздің адамдар бұл жағынан небір «ноу-хауды» ойлап тапқан. Алдымен суға түсіп, сосын оған кір жуып және сол сумен еденді сүртіп шығатындар туралы «әфсана» ескіргелі қашан. Керек десеңіз, біздің адамдар үнемдеу тақырыбынан диссертация қорғай алады. Әйтсе де, үнемдеудің бір тәсілін тапқанда, баға тағы өсіп кетеді емес пе? Үйдің шатыры мен еденін жылытуға жағдайы барлар бұл топқа кірмейді, әрине.
Ұлттық банк төрағасының кеңесіне де құлақ түрейік. Жуырда Данияр Ақышев тұрғындарға ақшасын банкте сақтауға кеңес берді. «Мүмкіндігінше несие алмай-ақ қойыңыздар. Сонда сіз тыныш өмір сүре аласыз» деп зейнеткер қауымнан да ақылын аямады.

Зейнеткерге несие неменеге керек десек, қаржы пирамидасына салып тастау үшін екен. Бір басын шапсаң, тағы біреуі өсіп шығатын аждаһаны елестетін қаржы пирамидасы адам талғамайды. Банктен несие алып, ақшасын еселеуге келген кемпір-шалды да «жұтып» қояды. Ұлттық банк төрағасының «тыныш өмір сүріңдерші» деп өтінуі содан. «Үлкен кісілерге ақыл айтқанша, сол аждаһаны нен құртпайсыңдар» деп жауап бермеген біздің зейнеткерлер де қызық.

Ал Ақышев мырза мына кеңеске құлақ аса ма екен? Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров «Халықтың мәжбүрлі түрде несие алу жағдайына Үкімет назарын аударғымыз келеді. Бүгінгі таңда банктер, шағын несие ұйымдары және онлайн-несиелік компаниялар халықты несиелендіру үрдісін қарқынды жүргізіп жатыр» деп үкіметке сауал жолдады. Халық қалаулысы, әсіресе, онлайн-несиенің өріс алғанын жеткізді. «Ондай несиенің пайызы тым жоғары, бірақ адамдар соны алуға мәжбүр. Көп жағдайда жаңа несие ескі несиені жабу үшін алынады. Біз халықты қайтара алмайтын қарызға батыруға қарсымыз. Осыған орай, уақыт оздырмай несиелендіру нарығында азаматтарымыздың құқығын қорғау бойынша кешенді шара қабылдау қажет деп санаймыз», – деді Айқын Қоңыров.

Бұған біздің де алып-қосарымыз жоқ. Әлбетте, қандай да бір ақыл айтудан аулақпыз. Конфуцийдің «Ақыл-кеңесті біз тамшылап қабылдаймыз, есесіне шелектеп береміз» деген сөзіне тоқтадық.

Гүлнар Сейдахметқызы

Бүгін, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты