
ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2036-әскери бөлімінің радиотелефонисі Әділбек Рахметов Жәнібек ауданы Жәнібек ауылы шетіндегі жасанды су тоғанына батып бара жатқан баланы құтқарып қалды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сол жерде екі ер бала және бес қыз ойнап жүрген. Кенет Әділбек «Құтқарыңдар, батып бара жатыр!» деген дауысты естиді. Оқиға орнына жүгіріп жеткен әскери қызметкер судан баланың қолын ғана көреді, шамасы, жағада ойнап жүргенде, аяғы тайып кеткен болуы керек. Ойланбастан суға секіргенімен, баланы құтқару оңайға түскен жоқ. Әбден қорыққан бала құтқармақшы болған адамға жармасып, өзімен бірге батыра жаздады. Дегенмен шекарашы баланы қолынан тартып, жағаға алып шықты. Сөйтіп бесінші сынып оқушысы ажалдан аман қалды.
Қазіргі кезде БҚО ТЖ департаменті басшылығы ержүректілік танытқан Ә.Рахметовті марапаттауға ұсыныс түсірмекші.
ҚазАқпарат