Серіктес пен стереотаксистің арасы

09 желтоқсан 2022, 10:58

«Кеңес Одағында нашақорлық жоқ!» ұранының
кешегі мемлекеттік құпиясы мен бүгінгі ақиқат айнасы
туралы біз не білеміз?

Жанарында нұр жоқ жігіт

Қазақстандағы ең танымал нейрохирург ең күрделі ота жасамаққа дайындалып жатты…
Темір, яки ағаш ұстаханасында өңделетін білік темірді қысқышпен бұрап қысып қоятын станокті (тиски) көз алдыңызға елестетіңізші! Бірақ біз қазір сізге елес берген кәдімгі өндірістік шеберханада емес, Алматы қаласындағы айтулы емхананың нейрохирургия бөліміндеміз. Ал мынау шеберханадағы темір қысқышқа ұқсас құрылғы – стереотаксис деп аталады. Шеберханадағы май-май, сом темірден құйылған «тискиден» айырмашылығы – атына заты сай медициналық құрылғы аппақ күмістей жалтырап көз тартып-ақ тұр. Санаулы секундтардан соң осынау ерекше станок-құрылғыға жонылатын білік темірдің орнына дейікші, адамның басын… екі жақтан қозғалмайтындай етіп қыспаққа алып, бұрап тастайды.
Есік ашылып, ішке түрлі-түсті жеңсіз жейде киген, шашын ұстарамен құйқасына дейін жеткізіп тықырлап қырған жап-жас жігіт пен ақ халатты дәрігердің ассистенті болуы керек, кіріп келді. Қасы-көзі қап-қара, аққұбаша, кескіні кесек тұлғалы, киноактерлерге өте-мөте ұқсаған келісті қазақ жігітінің отаға түсетінін ішіміз бірден сезді. Иә, шашын құйқасына жеткізіп, қырнап алдырғанынан байқап тұрмыз. Жігіттің сұлтаны-ақ екен! «Е-ее… байғұс бала!» Сәлемдестік. Бір шоғыр боп тұрған үшеумізге селқос назар аударды. Әлгінде ғана ота жасайтын нейрохиругтан асай-мүсейін дайындау үстінде сұхбат алғанбыз. Өмірге жаңадан дендеп еніп келе жатқан нейрохирургияның бүгіні мен ертеңі туралы қызына әңгімелеген маман, қазіргі өзі жасайтын ота туралы бейнежазбалар түсіруге рұқсат етпеді. Тәжірибе жүзінде жасалатын күрделі отаға түсетін 28 жасар Н. есімді нашақор жігіт бақуатты отбасының жалғыз тентегі екен. Алдымен еш сөз қонбаған, кейін еш ем қонбайтын дәрежеге жеткен. Түрмеде. Өте ауыр қылмысы (есірткі сатып алу үшін ірі көлемде жасалынған ұрлық) бойынша ұзақ жылға сотталған, «адам болмайтын», болашағынан қайыр жоқ нашақор айыпталушының басына әбден «пісірілген» үш жақты келісімшарт бойынша ота жасалынбақ. Тәуекел басым. Түрме шығыны қанша соманы құрағаны бізге беймәлім, ал ота жасаушы хирургке 5 мың АҚШ доллары (!) алдын ала төленіп қойылыпты. Ол кезде – көздің жауын алатын, көңіліңді құбылтатын шетелдік, елге аса таңсық жеңіл автокөліктің бағасы! Келісімшарт бойынша «шіріген жұмыртқа» отаны көтере алмай көз жұмар болса, сұрауы жоқ. Отадан ем қонса, оның түрмедегі жазасын өтеу мерзімі қысқартылып, мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылады. Бәрі де алдын ала ойластырылып, «келісіп-берісіп» дегендей, шешіліп-шегенделіп қойған іс!
Қазір құрылғыға «шегеленетін» тақыр бастың оң жақ сүйегінен жоғары, құлақтың ұшына тақау сол жақ тұсынан оймақтай етіп терісі аршылады. Ағарып аршылған жерден бұрғы салынып сүйек тесіледі, содан кейін ғана нейрохирургия аспаптары маманның сүйемелдеуімен баяу іске қосылады. Әлгі тесік арқылы ішке енген микроқандауыр ми аумағының мыңдаған тамырларының бірін «іздеп» тауып алып, шорт қияды, яки жансыздандырады. Осы сәттен бастап нашақордың миында есірткіге деген әуестік сап тиылуы мүмкін деген. Бірақ шынайы өмірде әлі де нақтыланбаған ғылыми болжам бар. Тәжірибе үстінде микроқандауыр жазатайым қиыс кетсе, пациент жан тапсырады…
Жұлынына құрт түскен жас жігіттің шарасы кең қап-қара көздеріне көзім түсіп кетіп, жүрегім дір етті. Қарақаттай жанарда нұр жоқ. Сөніп қалыпты. Емі түгесілген, дауасы жоқ кеселдің ауыр қасіретінің ақырғы сәтін өзі де іштей сезетін сияқты, бірақ жігіттің жүзінен күйзеліс табын аңғармадық. Біздер сондай оймен дәлізге шықтық. Үлкен терезеге жақын бұрышта сыңсып жылап тұрған құндыз шапанды келіншекке кашемир қара пальто киген ұзын бойлы, самайын қырау шалған, бет әлпеті іштегі әлгі «жігіт сұлтанынан» аумайтын еңселі ер кісі басу айтып тұрды. Әке-шешесі. Кәсіби қызметтің құрбанымыз ғой, қашан да… ауыр да болса, оңтайлы сәтті пайдаланып, жігіт ағасына жақындап, өзіміздің телеарнадан екенімізді айтып, бүгінгі оқиғаға қатысты қайғы жұтып тұрған ата-ананың күйігін бөліскіміз келетінін тұспалдап жеткіздім. Мен күткендей жігіт ағасы бірден қарсылық білдірмеді, тілдесуден де тартынбады. Мұңлы жүзін сәл төмен тартып сөйледі. «Біздің қасіретімізді адам баласының басына бермесін, бауырым, адам баласының басына… Есірткінің еш емі жоқ, бүгінгі отаның да бір шипасы боларына өзімнің сенім аз, дегенмен жандалбаса қылып осында тәуекел жасап отырмыз» деді таза қазақ тілінде. «Көзіңізді кісі танымастай етіп көлегейлейміз, бейнекамера алдында сөйлеңізші» деген өтінішімді құптамады. Қайғы жұтқан азаматқа қайтып қолқа салмадық.
90-ыншы жылдардың аяғы, күллі әлем жұрты алдағы миллениумды – 2000-шы жылды қарсы алуға жұлқынып жатқан кезде болған оқиға еді бұл…
Қазақстанда өркендеп келе жатқан нейрохирургияның білгірімен байланысымыз көпке дейін үзілмеген. Араға уақыт салып, өзіміз жүзін көрген жігіттің кейінгі өмірі туралы сұрағанбыз. Ота ойдағыдай өткен. Бас сүйектің тесігі пластикалық қақпақпен қайта тығындалған. Бірақ Н.-нің түрмеде жазасын жалғастырып өтеп жатқанын естідік. Демек… Кейін уақыт өте ол жігіт туралы ұмыттық… Бірақ адамзаттың жұлынына түскен жегі құрт – нашақорлық сойқаны туралы әрбір тосын ақпарат әрқашан да сол бір стереотаксис оқиғасын – жанарында нұр жоқ жігіт пен меңіреу күй кешкен ата-ана кейпін еске түсіріп тұратыны бар. Жүрек тұсым «шым» ете қалады…
Қордайдағы… 400 гектар есірткі алқабы?!
Алматы – Тараз бағытындағы бұралаңы көп бұл асфальт жол бүгінгі ақылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралі салынғанға дейін қонысы іргелі Қордай елді мекенінің үстін басып өтетін. Қордайдан ары жол тартсаңыз, көп ұзамай осы күнге дейін не аты, не жол жағасындағы аты жазылған көк түсті көрсеткіш тақтайшасы өзгермеген «Степное» деген бір ауыл алдыңыздан шығады. Қақпақ, Дегерес, Жамбыл, Ешкілі… деп тізіліп тұрған қазақ ауылдарының арасына бұл «Степное» қайдан тап болған?
Селоға кірер ауызда, сол қанатта ұлан-ғайыр созылып жатқан бақша алқабы көз талдырып созылып жатады. Бір кезде дәл осы шетсіз-шексіз алқапқа, 400 гектар жерге, кәдімгі есірткінің тұқымы – қарасора (cannabis) қолдан отырғызылған дегенге сенер ме едіңіз! Сенуіңіз екі талай… Жап-жас лейтенант кезінде Қордай аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші қызметін атқарған, кейін министрліктің білдей 10-шы бөлімін басқарған, елімізде ең алғаш құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарған милиция полковнигі, зейнет демалысында жүрген Майданбек Есжанов ағама осы уақиға туралы тәптіштеп айтқаным бар. Өйткені Майданбек Баймұхаметұлы осы ауданда туып-өскен. Кезінде ауданның жайын бес саусақтай білетін із кесуші болғаны және рас. Ардагер аң-таң, алдымен қойған сауалы: «Оны қайдан шығардың?!» болды. Кеңес одағының өлкедегі жасырын-жабық жүргізіп отырған саясатынан тәртіп сақшысының өзі хабарсыз екен! «Аты шартты түрде қойылған (Мәселен, Кеңес одағындағы – Мирный, Степное, Звездный, Гвардейский т.б. елде мекендер – авт.) бұл селоның құқық саласының назарында тұратынынан хабардармын, онда кезінде жер аударылғандардың отбасылары мекендейтін, шаруашылықта ел қатарлы еңбек етті. Кейін бәрі араласып кетті ғой…» деген қарт тергеуші ойланып қалған.
Енді ауыл тұрғыны Жұмақан ақсақалдың сөзіне құлақ салып көрейік.
– Қазақта мұны кәдімгі қарасора да, кендір де, кенеп шөп деп те сан құбылтып айта береді. Біздің кеңшарда 400 гектардай жерге сол қара сора егілді. Қайбір жылдары науқан кезінде шаруашылық жоспардан шыға алмай тапырақтап қалса, күллі техниканы Шудың даласына жауып, қарасораны сол жақтан шауып, жоспарды орындап қайтатын едік.
– Шаруашылық соншама жерге қарасора отырғызып қара терге түскенше, сол Шудың даласынан-ақ өнімін шабындық секілді өндіртіп шауып жинап алмай ма? – деймін мен.
– Е, балам, біздің қолдан отырғызған қарасорамыздың сапасы Шудың даласындағы «жабайыдан» әлдеқайда басым болатын!
Шаруашылық еңбеккерлері әлгі жинаған қарасораны арнайы қаттап, кептіріп, байлап, матап, жүк пойызға тиеп Ленинград қаласына жіберіп отырған. Сол жерден ол теңделіп, Үндістанға артылады екен. Үндістан арқан иіріп, кенеп қапшық тоқып, басқа да бірқатар тоқыма бұйымдар дайындап, Кеңес Одағына оны қайта жіберетін болған. Мұның барлығы Жұмақан атамыздың аузынан, бейнекамераға жазып алған әңгімелер. «Бұл кендір арқаныңыз теңіз бен мұхиттың тұзды суына шыдас беретін бірден-бір ең төзімді де зәру бұйым болып шықты. Сондықтан Ленинградтағы кеме зауытына қатысты кендір арқанның бағасы ерекше болатынын естігенбіз. Кендірге зәкір де байлайды екен…» «Ата, сол тұста ауылда нашақорлық, яғни сораға құмартушылар болды ма, өзіңіз куә жайттардан еске алсаңызшы…» деймін. «Жоқ …». Атамның кесіп айтқан сөзіне сенер де едім: бірақ бұл шаруашылықтың мемлекеттік жіті қадалауда болғаны ақиқат қой. Қорасындағы екі бас бұқасының мүйізінен қайырып, кәдімгі кендір арқанмен байлап қойған Жұмақан атамыз телекамера алдында арқанды оң қолымен жұмырлай тартып тұрып, «Ауылдағы сол 400 гектар қарасораның көзі» деп әңгімені басқа жаққа аудара қойғанын да түсініп тұрмын. Қоштасарда атамыздың «Ленинградтан келген жап-жас орыс жігіттері бір литрлік банкіге тапталып жиналған қарасораның күлін толтырып жиып алып жататын, әйтеуір, оған шіли мән бермеппіз…» деп дүдәмал жымиғаны да бар. Е-ее.. Жұмақан атамның арнаулы орган өкіліне көппен бірге «50 жыл жақ ашпауға» қолхат бергенін ел білмейді дейсіз бе?!
60-шы жылдары еді. 4-сыныптамын. Ақбала әжем Алматыдан төркін жағының 7-сыныпта оқитын еркетотай ұлын ауылға ертіп келді. Әйтсе де, орысша-қазақша араластырып сөйлегені болмаса, алматылық Серіктестің еркелігін көрмедік. Ауыл баласына қала баласының бар қылығы таңсық, күлкілі. Әжемнің «Бұл жуәрмек, бесіктен белі шықпай жатып, әке-шешесінен жасырып «бопрос» (папирос) шегеді, ана сабанды байқаңдар, өрт шалып масқара болып қалмайық» дегені де есте. Жемісі былжырап төгіліп жатқан тұт ағашының түбіне отырып алып «Ешкімге айтпайсың ғой!?» деп пионерлік антымды алған Серіктестің әжем айтқан «бопросты» газет қиындысының үстіне түгелімен төгіп тастап, қайта тығындап әурелегеніне, одан соң рахаттана түтінін бұрқыратып «бопрос» шеккенінің де түп-төркінін түсінбеппін…
70-ші жылдар еді. Әскер қатарындамыз.Чита қаласының бір тұрғыны менің Жамбыл облысында туғанымды естігенде есі кете қуанып, «Жақындарыңа айт, «травкидің» күлін салсын. Мен саған мынау алтын жүзігімді беремін» дегеніне аузым ашылған. Әкеміздің соғым байлар тұста жануарға беретін жоңышқаның күлін әспеттеп қапқа салып жинайтыны бар еді. «Жоңышқаның күлі… алтынға!» Мән-жайды естігенде ғой, Жамбылдың (Тараздың) түбінде тиіп тұратын Бесағаш ауылында туған полктас досым, татар баласы Нариманның «О, жынды, ол жоңышқаның күлі емес, Шудың сорасы, анаша, анашаны… айтып тұр!» деп ішін басып кешке дейін күлгені… Сөйтсе-ек, кең байтақ Отанымыздың бар түкпірінде есірткі монополиясы жасырын-жабық түрде ың-шыңсыз өз жолымен жүріп жатқан екен де!
80-жылдары Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романы қоғамдық санаға сілкініс туғызып, оған Кеңес Одағы бойынша алғаш рет жариялылық беріліп, өзіміздің үй төңірегіндегі қарасораға (cannabis), яғни нашаға, оның айықпас қасірет-дерті болатынына көзімізді ашты!

Қалтадағы «5-ка»!
О, сормаңдай, қазағым!

Алматының Астана алаңында өткен мерекелік ән-шашуды көріп, жағамды ұстадым… Төртінші мен бесінші сыныпта оқитын өнерлі жеткіншектер қолдарын синхронды леппен сілки-сілки домбыра тартып, сиқы алабөтен бір әнді әспеттей демеп, дүбірлетті-ай!.. Ол әнге сіз де құлақ салып, тыңдап көріңіз:
…Сондықтан Қазақстанда бір ғана банда
Бұл қазақи «пропаганда»
5 мың қалтамда. Қайдан тапсам да
Ай, саған да орын бар
Ай, армандар орындалады!
Соңында… сенбегендер, сорыңдар!
Қалтамда тек қана 5-ка, тоқта!
В кармане «пятка» и 5-ка
Тоқта!
В кармане «пятка» и 5-ка
Тоқта!
Не түсіндіңіз?! Домбыраны шебер шертетін балалардың талантында шек жоқ. Ғажап! Бар гәп қиқы-жиқы құралған ән әуезінде де емес, гәп – оның мәтінінде, сөзінде! Жарайды, қазір он-сан құрама әндерден онсыз да басымыз айналып жүр. Оған да көндік! Балғын өнерпаздардың желкесінде миығынан жылмия күліп тұрған ұйымдастырушы ересек әншілер тобының, бәлкім, ән авторларының, тірлігі жан түршіктіреді! Ал енді қала әкімдігінің мәдениет басқармасындағы ұйымдастырушы жас шенеуніктердің шарасыздығына, тіпті сауатсыздығына не жорық? Балғындардың қайсыбірі өздеріне жаңалықтай көрінген жаңа әннің қай тақырыпты қаузап, «ойын-отын» маздатып жатқанын білді екен?! Бүгін білген жоқ, бәлкім, ертең біледі. Жас өскіннің жадында сақталған ән мәтінінің сырын білуге әманда құштарлық оянады… Ал енді тоқетеріне көшейін: «темекінің тұқылы» деген тіркес шылым шегетін де, шекпейтін де қауымға жақсы таныс. Өйткені ол темекінің тартылып немесе аяқталмай, сорылмай қалған сасық қалдығы! Ал «Пятка» немесе «5-ка» ше? Ол – есірткі (марихуана) шылымның қалдығы! Тұқылы! Әндетіп думандатып, қалтадағы есірткі тұқылының барын бала санасына он сан рет қайталай жеткізіп, «қалтамда есірткінің тұқылы – …сенбегендер, сорыңдар!» деп алады да «Тоқта!» дейді! Тағы бір қайталап өтейін, менің жағамды ұстатқан балауса-балғындардың дымды түсінбесе де домбырасын бебеулетіп, әнге қосылып, соны қолпаштағаны еді! Әдейі жасалынған қастандық! Бүлдіршіннің санасын әдейілеп улау ғой бұл!?
Әлеуметтік желі арқылы-ақ есірткінің шөкім мөлшерін салған полиэтилен түйіншектерін қуыс-қуыс пен бұрыш-бұрышқа тықпалап, оны сол желі арқылы бірін-бірі танымайтын пайдаланушы мен пайда табушының жемтігін іздеген аш бөрідей көздері қызара іздеп, жанын салып жүргенін үлкен қаланың әрбір тұрғыны білетін күйге жеттік… Қазіргі заманғы гаджеттер мен сұңғыла бағдарламашыларсыз олардың жолын кесу оңай да, мүмкін де іс емес!
Сонау 60-ыншы жылдары Серіктестің «бопросшылар» буыны папиростан темекі төгіп, оны қарасорамен қайта тығындап жүргені бір ғана қасірет болса, қазір тек синтетикалық есірткі түрінің саны 600-ден асып жығылды. Шырмауыққа бір байланса, бозбаланың ол құрсаудан босанып шығуы мәңгілікке зар болары хақ! Сонау 90-ыншы жылдардың бедерінде керегесін кеңейткен, бүгінде жетілдірілген нейрохирургия бөлмелеріндегі қызметі қымбат стереотаксис құрылғыларының да тығырықтан шығара алмасы ақиқатқа айналды! Елдегі күн санап емес, сағат санап өсіп жатқан нашақорлар «армиясының» қатарын шотқа сап оқырманды дүрліктірмек ойымыз жоқ…
…Домбыраның басқы пернесіне саусағын созып жеткізуге құлшынған құлыншақ буынның мәнін түсінбей әнге қосқан есірткінің сол «тұқылы» әуестікпен қолына түсіп қалмасын дейік, нағыз қасіреттің қара бұлты сонда төнеді. Алдыңғы арба – «өнерпаз» ағалары өз қолымен ұстатқан сол «тұқыл» болашағымыздың тұқымын тұздай құртып тынары даусыз… Тайраңдаған «өнерпаз-ағалар» да таяу арада саналы түрде жазаланбайтын сияқты, зайырлы елде ондай заң жоқ! Ел басына күн туды, ендеше!!!

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?