Сапар Рахменшеев: Денсаулық сақтау аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс

29 мамыр 2023, 13:34

Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының мамандары соңғы кездері ата-аналарды алаңдатқан балалардың психологиялық жағдайына қатысты өзекті түйткілдердің түйінін тарқатып, медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жасөспірімдермен жұмыс істейтін мекемелердің мамандарына көмекші құрал ретінде бірнеше әдістемелік нұсқаулық әзірлеуге кірісті. Қазір орталықтың бастамасымен суицидтің алдын-алуға арналған әдістемелік нұсқаулықты алматылық психологтар мұғалімдерге, психологтарға және ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына, ата-аналарға тегін үлестіріп жатыр.

Талдау негізінде кәсіби кеңес дайындау

Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары бойынша түрлі зерттеу мен талдау жүргізілген.

«Бұл Қазақстан-Ресей медицина университетімен бірлесіп әзірленген оқулық, әдістемелік құрал. Балалар мен ата-анасының, педагогтің қарым-қатынасы, жасөспірімдердің психологиялық жағдайы, мінез-құлқында қандай да бір өзгерістер пайда болғанда назар аударып, дабыл қағу және қалай әрекет ету керектігі айтылады. Талдау кезінде баланың жасы, жынысы, тұрмыстық жағдайы назарға ілікті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен шетел ғалымдарының тәжірибесіне сүйеніп әзірленген әдістемелік-нұсқаулық осындай оқыс оқиғалардың азаюына септігін тигізеді деп сенемін», — дейді ол.

Бала психикасы өте нәзік. Сондықтан бұл мәселеге ата-анадан бастап, кімнің де болса бей-жәй қарамағаны жөн. Психологтар келешекте суицидтен болатын өлім-жітім қатерлі ісіктен қайтыс болғандар туралы статистикалық көрсеткіштен асып, екінші орынға жетуі мүмкін деп алаңдайды. Сапар Рахменшеевтің айтуынша, бұл кесапаттың алдын-алудың ең жақсы әдісі — жастар мен ата-аналарды, дәрігерлерді балалар мен жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлық ерекшеліктеріне арналған білім беру бағдарламаларын оқытып, толық ақпаратпен қамтамасыз ету. Айта кетейік, Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығында психологиялық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында тәулік бойы сенім телефондары жұмыс істейді. Клиникалық психологтар қала тұрғындарына, қонақтарға кеңес береді. Сонымен бірге орталықта ментальді білім беру мектебі іске қосылған. Мұнда әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер, заңгерлер психикалық көмекке мұқтаж адамдарға және науқастардың туысқандарына тегін құқықтық, медициналық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес береді. 2019 жылы 28 адам мектептің қызметіне жүгініпті. Биыл 300 жуық тұрғын құқықтық көмек алған.

«Жақында Алматы қаласының білім басқармасымен бірге «Балалар компьютерге қанша уақыт телміреді?» деген сұраққа жауап іздеу мақсатында анкеталық сауалнама жүргіздік. 1-11 сыныпта оқитын 3000 оқушы анкета сұрақтарына жауап берді. Қазір біздің орталықтың кәсіби психолог, психиатрлары оған талдау жасап жатыр. Бұрын-соңды мұндай зерттеу жүргізілмеген. Қорытындысы екі аптадан кейін дайын болады. Қай жастағы бала қанша уақыт интернетке байланады және сабақ оқи ма? Біздің психологтар әр баланың жасына байланысты гаджетті пайдалануға кәсіби кеңес әзірлейді», — дейді орталық директоры.

Психологтар анкеталық жауаптардың негізінде әдістемелік нұсқаулық әзірлеуді жоспарлап отыр.

Еңбек терапиясының пайдасы

Алып шаһардың тұрғындарына психологиялық және наркологиялық көмек көрсететін орталықта еңбек терапиясы жолға қойылған. Мұндағы тігін цехы мен баспаханада науқастар еңбек етеді. Сонымен бірге орталықтың ауласында көкөніс егіп, жеміс ағаштарын баптап, күзде өнімін жинайды. Өткен күзде науқастар жүзге жуық ағаш егіпті.
Орталықта медициналық ұйым басшыларына науқастар тіккен медициналық киімдер, төсек жиынтықтарының көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бірнеше емханадан тапсырыс та түскен. Сапар Рахменшеевтің айтуынша, психикалық ауруға шалдыққан, есірткі заттарын немесе алкогольдік өнімдерді тұтынып, одан емделген науқастардың қоғамға бейімделуі өте қиын. Себебі мұндай кеселден айықса да, ешқайда жұмысқа алмайды. Сондықтан орталық басшысы науқастар осы дүниенің бір кірпіші болып қалануы үшін еңбек терапиясының маңызды екенін алға тартады.


«Былтыр қазан айында Дүниежүзілік психикалық денсаулық саласы мамандарының конгресі өтті. Осы халықаралық жиында біздің орталықтағы еңбек терапиясының атқарған қызметі және науқастардың тіршілігі жайында бейнебаян көрсеттім. Әлем дәрігерлері мұндай жаңалыққа оң баға берді. Әзірге еңбек терапиясының жұмысын өз күшімізбен дөңгелетіп отырмыз,- дейді Сапар Рахменшеев.

Сапар Құттыбайұлының айтуынша, орталыққа түскен науқастардың денсаулығы дәрігерлердің жіті бақылауында. Тіпті компьютерлік томографиялық және ультрадыбыстық зерттеулер арқылы олардың басқа да дертін ертерек анықтап, емдеу сапасын арттырған. Биыл маусымда синтетикалық есірткіні жедел анықтайтын хроматограф іске қосылмақшы.
Бұл туралы орталық директоры: «Хроматограф кітапханасында синтетикалық есірткінің 5 мыңнан астам түрі жөнінде дерек бар. Соның реагенттерін әкелсек, маусым айынан бастап іске қосамыз. Қазіргі таңда қалада психикалық денсаулық орталығында түрлі психикалық және наркологиялық кеселге шалдыққан 16 мың науқас динамикалық бақылауда тұр. Біздің мамандар есірткі заттары, алкогольді сусындардың зияны мен зардабы жайлы тренингтер, басқосуларды тұрақты түрде ұйымдастырады. Оған ата-аналар, оқушылар, студенттер, ұстаздар қатысады. Біздің мақсатымыз — ұрпақты осындай жағымсыз әдеттерден аулақ болуға үгіттеу. Салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек», — дейді.

Жазира Бегалы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді