
Соңғы жылдары «өзін-өзі жұмыспен қамтитындар» деген тіркес жиі айтылады. Әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізер кезде олардың мәселесі өзекті бола түсті. «Өз күнін өзі көретіндер күреп ақша табады, бірақ салық төлемейді» дейтіндер де табылды.
Соңғы жылдары «өзін-өзі жұмыспен қамтитындар» деген тіркес жиі айтылады. Әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізер кезде олардың мәселесі өзекті бола түсті. «Өз күнін өзі көретіндер күреп ақша табады, бірақ салық төлемейді» дейтіндер де табылды.
Иә, бар ондайлар. Күнделікті өзіміз де көріп жүрміз. Көшеге шықсаң, барар жеріңе апарып салатын көлік көп. Базар сырты, дүкен маңында сауда жасайтындар бар. Автокөлік тіркейтін орталықта сақтандыру, техбақылау қызметін ұсынатындар өріп жүр. Жылжымайтын көлік нарығындағы маклер, автокөлік жөндейтін шеберхана жұмысшылары, үй салатын, жөндейтін, әрлейтін құрылысшы дейсің бе, толып жатыр. Көшедегі қайыршы, талайдың аузын аңқитып кететін алаяқ, тіпті жезөкшеге дейін – бәрі де өзін-өзі қамтитындар «армиясында». Бұлар зейнетақы жинақтау қорына ақша аудармайды. Міндетті медициналық сақтандыру жарнасын да төлеуге құлқы жоқ. Нәпақасын өз бетінше айырып жүргендердің бәрі «күреп ақша табады» деуге аузымыз бармайды. Көбі бар мен жоқтың арасында.
Жуырда осы өзін-өзі қамтитындарға арналған жеке заң шығатыны жария етілді. Оны еліміздің қаржы министрлігі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп әзірлейді. Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев «Заңда өзін-өзі қамтитындарды есепке қою үшін ынталандыру мәселесі қарастырылады» деді. Қазақ тілінде сөйлемейтін вице-премьердің «а далее их уже вести» дегенін қалай аударсақ екен?
Қысқасы, «назардан тыс қалдырмаймыз» дегені. Өйткені жеке кәсіпкер болып жүрген және өзін-өзі қамтитын азаматтардың бір бөлігі қандай да бір қадағалаудан сырт қалғаны белгілі. Солар үшін де қазір дербес заң жобасы дайындалып жатыр. Тиісінше, Салық кодексі және өзге де заң актілеріне өзгеріс енгізіледі.
Тамара Дүйсенова еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тұрғанда мынадай дерек келтірген еді: 1991-2001 жылдары кәсіпорындар тегіс жабылған кезде өзін-өзі қамтитындар саны 327 мыңнан 2,8 миллионға жетті. 2010 жылдан бастап қана бұл көрсеткіш төмендеген. Соңғы жеті жылда өзін-өзі қамтитындар саны 500 мың адамға азайды. Оған тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламасы мен елдің экономикалық жағдайының жақсаруы себеп.
Өзін-өзі қамтитындар мен жұмыссыздар санын нақты анықтау үшін еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында бүкіл мемлекеттік мекемелердің ақпарат жүйесіндегі мәліметтерді салыстырды. Бұл істе мемлекеттік базадағы жеке адамдар туралы мағлұматтар негізге алынды. Онда 2017 жылдың басында 18,9 млн адамға қатысты жеке мәлімет болған, яғни ресми статистикаға қарағанда асып түсті. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің ақпарат жүйесіндегі мағлұмат та дәл болмай шықты. Айталық, салыстыру кезінде 2017 жылдың 1 сәуірінде 13,2 млн адамның әлеуметтік дәрежесі анықталды. 5,7 млн адам сәйкестендірілмеді. Мемлекеттік базадағы мәлімет бойынша олар ел ішінде болуы керек. Бірақ еңбек министрлігі бұларды міндетті зейнетақы жарнасын төлейтіндер, студенттер немесе әлеуметтік төлем алатындар арасынан таба алмаған. Сондықтан облыстық әкімдіктерге әр адамды тізіммен салыстырып, нақтылау жөнінде өтініш жасапты. Соның нәтижесінде өткен жылдың сәуірі мен тамыз айлары аралығында жергілікті атқарушы мекемелер 1,5 млн адамның әлеуметтік статусын анықтады. Ал 943 азаматтың дәрежесі нақтыланған жоқ. 1,7 млн адамның немен айналысатыны да беймәлім. Олардың 1,5 миллионы өздерін жалдама жұмысшы, 233 мыңы жеке кәсіпкер деген. Бірақ зейнетақы жарнасын аудармайды. Сөйтіп үй-үйді аралаудың нәтижесінде жеке адамдардың мемлекеттік базасындағы, сондай-ақ осы база үшін ақпарат көзі саналатын мемлекеттік мекемелердің ақпарат жүйесіндегі деректердің ескіргені мәлім болды. 2017 жылдың тамызынан желтоқсанға дейін осы түйткілді шешу үшін орталық мемлекеттік мекемелер тартылды. Ақырында 2018 жылдың басында әлгі анықталмай қалған 943 адамның 542-сі қалды. Білім және ғылым министрлігі ақпарат базасын тексергенде, 9,9 мың адамның ізін таппаған. Ішкі істер министрлігі 245 мың адамды тауып, олардың шетелге кеткенін анықтады. 4,7 мың адам о дүниелік болған. 30 мыңнан астам адам екі мәрте тіркелген болып шықты. Қалған 175 мың адамның мекен-жайы белгісіз деп табылды.
Ал жалдама жұмысшы мен жеке кәсіпкерге келсек, еңбек министрлігі мен жергілікті салық мекемелерінің мәліметі бойынша, 2017 жылы 1,7 млн адамның ішінде 54 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 560 мың жалдама жұмысшымен еңбек қатынасы заңдастырылды. Бұл тұрақты аударылатын зейнетақы жарнасымен расталды. Қалған бір миллион адамның кәсібін заңдастыруға қолданыстағы заңнама кедергі келтірген көрінеді. Өйткені 2015 жылы Кәсіпкерлік және Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай, табысы 12 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын жеке кәсіпкерге тіркелмеуге рұқсат етілген. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан кәсіпкердің табысы 24 АЕК-тен төмен болса, тіркелуге міндетті емес. Тамара Дүйсенова министр болып тұрғанда «Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенде осы азаматтарды есепке алуы керек еді. Алайда медициналық сақтандыруды кейінге шегерумен байланысты еш жерде тіркелмей жұмыс істеп жүргендерді көлеңкеден шығару қиынға соғады» деп қынжылыс білдірген-тұғын. Орайы келгенде айта кетейік, ақпарат құралдары өткенде Тамара ханым орнынан кеткенде «шаршады» деп сан-саққа жүгіртті. Дәл осы министрдің қыруар шаруаны тындырғаны ауызға алынбай қалды.
Өзін-өзі қамтитындар туралы ресми деректі қорытындыласақ, бір жылға толмайтын мерзім ішінде, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жоғарыда айтылған 5,7 млн адамның 2 миллионға жуығының статусын анықтады. 2,7 статусы жоқ адамның 1,14 миллионы – ресми түрде тіркелмеген өзін-өзі қамтитындар. Олардың тірлігін заңдастыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізіледі. Өзгерістің салыққа кеп тірелетіні анық (осы орайда қайыршыға салық төлете ме деген қитұрқы сауал қылаңдайды). Негізі бұл бұрыннан айтылып жүр. Бірақ осы кезге дейін ешбір тетігі қарастырылмаған. 1,14 млн деп айту оңай болғанымен, осы цифрдың ар жағында қаншама жанның тағдыры тұрғаны ескерілуі тиіс. Себебі олардың ішінде тиыны татымайтын тірлік істеп жүргендер де, бір-екі сағатта мыс-мыс ақша табатындар да бар. Әйтеуір, «шаш ал десе, бас алатын» заң қабылданбаса дейміз.
Қалған 1,5 млн адам – еңбегі өнімсіз жандар және жұмыссыздар. Өзін-өзі қамтитындар да ертеңгі күні жұмыссыздар қатарына келіп қосылуы әбден мүмкін.
Қысқасы, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі арқалайтын жүк ауыр.
Гүлнар Ахметова