
Үстіміздегі жылдың 4-6 қыркүйегі аралығында Астанада Рио жаңғырығы айқын сезілді. Бұл күндері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы Спартакиадасының ақтық кезеңі өтіп, еліміздің барлық аймағынан келген қатысушылар Елорданың спорт алаңдарына шықты. Мұнай-газ саласының спортшылары өздерінің кәсіби мерекесінде күш пен бақ сынасты. Жеңіс тұғырына көтерілуден бәрінің де дәмесі бар еді. Дегенмен жарыс нәтижесінде ең көп жүлдені «ҚазТрансОйл» компаниясының қызметкерлері иеленді.
Мұнай тасымалдау саласының қызметкерлері жарыстың барлық түрінде ең үздік команда атанды.
Үстел теннисінен Татьяна Сеитова (Шығыс филиалы), шахматтан ерлер арасында Валерий Аллаяров (Шығыс филиалы) және «ҚазТрансОйл» АҚ құрамалары шағын футбол мен волейболдан алтын жүлдеге қол жеткізді.
Спартакиада күмісі 4 100 метрлік аралас эстафета жарысында «ҚазТрансОйл» АҚ командасына, сондай-ақ жеңіл атлетикадан компанияның Шығыс филиалындағы Дмитрий Бутковқа бұйырды.
Құрметті үшінші орынға дойбыдан әйелдер арасында Шынар Ханафина (Батыс филиалы), үстел теннисінен Фархат Тәшібаев (Батыс филиалы) және шахматтан әйелдер арасында Айнагүл Бітішева (Батыс филиалы) көтерілді.
Тоғызқұмалақтан Жанар Мұхамедғалиева (Батыс филиалы) және жеңіл атлетикадан Шығыс филиалының қызметкері Ольга Климова төртінші орын алды.
Айта кету керек, үстел теннисінен алтын жүлдегер атанған Татьяна Сеитоваға Спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімінде жарыс жалауын түсіру құрметі ұсынылды.
Жарыс спорттың 9 түрінен өткізілді. Оған ҚМГ компаниялар тобындағы 30 мекеменің 500 қызметкері атсалысты. Жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, сала қызметкерлерін дене шынықтыруға тарту және қызметкерлер арасында тығыз байланыс орнату.
Мұнай тасымалдау саласындағы спортшылар тартысты доданы чемпион дәрежесінде аяқтады!