
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Qazaqstan телеарнасындағы онлайн телемарафонда сайлау күнінде ешбір заң бұзу фактісі тіркелмегенін мәлім етті.
«Бүгін сайлау өтіп жатқанына байланысты ішкі істер органдарының бүкіл жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген түрінде жұмыс атқаруда. Бүгінде Қазақстан бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға ішкі істер органдарының 45 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылған. Сайлау өткізетін орындарда құқық бұзу фактілеріне жедел ден қою үшін қосымша жедел тергеу топтары құрылған. Бюллетеньдерді әкелгенге дейін бүкіл сайлау учаскелері қауіпсіздікке тексерілді. Сайлау орындарына бюллетеньдерді жеткізген кезде полиция қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Сайлау туралы заңның 39-бабы бойынша полиция қызметкерлерінің сайлау өткізу процесіне араласуға, дауыс беруге арналған үй-жайларда болуға құқығы жоқ. Сондықтан бұл ретте сайлау учаскелеріндегі қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің жолын кесу үшін олар комиссия төрағасы шақырған жағдайда ғана барады. Жалпы қазіргі уақытта елдегі және сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ», — деді Қ. Сұлтанбаев.
JQ-Aqparat