
Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек болды. Олай деуіміздің өзіндік себебі бар. Бұған дейінгі президенттік сайлауға да, парламент сайлауына да дауыс берген жоқпын. Бәлкім, саяси белсенділігім төмен болған шығар?.. Ал бұл жолы өзім білетін таныстарым мен достарымның көбі сайлауға түгел барыпты, дауыс беріпті.
Менің дауыс беретін штабым – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қырбалтабай ауылындағы жалпы білім беретін мектеп-интернаты екен. Сайлау сылтау болды. Көптен бері ат ізін салмай кеткен ауылға таңмен таласып жеттік. 7:15 минут өткенде кірдім. Таңдауымды жасадым. Бізге дейін де көп адам келмепті. Ауылдың жайын білесіздер: біреу сиырын өрістетіп, біреу қойын өргізіп, жылқысын жайғап келемін дегенше күн арқан бойы көтеріліп кетеді.
Бізден кейін ауылдың бір топ шал-кемпірі тойға жиналғандай бір киерін киіп, кеуделеріне әртүрлі төсбелгілерін тағып, дауыс беруге кәдімгідей дайындықпен келе бастады. Бір-бірімен әзілдесіп, үміткерлер туралы өз ойларын айтысып, арқа-жарқа болып келіп жатыр. Шаруабасты ауыл адамдарының бір сәтке болса да бойларын түзеп, көңілденіп, өз таңдауларын жасауға келіп жатқаны біздің де көңілімізді көтеріп тастады.
Айтпақшы, бұл жолғы сайлаудың өзгеше өткенін белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров та жазды. Ол бұл сайлауда қазақ тілінің үстем болғанын айтқан болатын. Біз де байқадық. Содан кейін, халықтың бұрынғы сайлауларға қарағанда бұл жолғы белсенділігі өте жоғары болғандай.
Жарас ШӨКЕ