
Алматы қаласында ұлттық мәдени мұраны сақтау мен оны болашақ ұрпаққа жеткізу бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде әдебиет, фольклор және өнертану салаларын цифрлық форматқа көшіру жобасы ерекше маңызға ие. Бұл бастама халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани қазынасын сақтап қана қоймай, оны ғылыми айналымға енгізіп, көпшілікке қолжетімді етуді көздейді.
Алматыдағы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжехан Матыжановтың айтуынша, институт ұлттық мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында еліміздегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі саналады.
Қазіргі таңда институт құрылымында жұмыс істейтін Мәдени мұраны цифрландыру ғылыми-инновациялық орталығы бірегей қолжазбалар мен архивтік қорларды заманауи технологиялардың көмегімен сақтап, ғылыми айналымға енгізумен айналысады. Бұл жұмыстар гуманитарлық ғылымдардың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.
«Бүгінде гуманитарлық ғылым цифрлық форматқа белсенді түрде көшіп жатыр. Біздің міндетіміз – мәдени мұраны сақтап қана қоймай, оны зерттеушілер мен кең аудиторияға заманауи цифрлық құралдар арқылы қолжетімді ету», — деді Кенжехан Матыжанов.
Институт қазіргі уақытта «Қазақстан әдебиеттануы, фольклортануы және өнертануы экожүйесінің цифрлық трансформациясы: пәнаралық зерттеулер» атты іргелі ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында ғылыми дерекқорлар құрылып, зерттеу жұмыстарына жаңа технологиялар енгізілуде.
Осы жылдар ішінде институт ұлттық мәдени мұраның алтын қорына енген ондаған іргелі ғылыми басылымдарды жарыққа шығарды. Олардың қатарында 100 томдық «Бабалар сөзі», Мұхтар Әуезовтің 50 томдық академиялық шығармалар жинағы, 20 томдық «Әдеби жәдігерлер», 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», қазақ музыкасының антологиялары және басқа да көптомдық еңбектер бар. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев және Жүсіпбек Аймауытовтың академиялық жинақтары дайындалды.
Фольклорлық мұраны цифрландыру да маңызды бағыттардың біріне айналды. «Ұлы даланың фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағдарламасы аясында дайындалған көптомдық антологиялар қағаз нұсқасымен қатар электронды және аудиоформатта жарық көрді.
Ұлттық мұраны цифрландырудың мәні тек тарихи деректерді сақтау ғана емес. Бұл – халқымыздың рухани құндылықтарын, дүниетанымын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын келер ұрпаққа аман жеткізудің тиімді жолы. Фольклор, әдебиет және өнер туындылары қазақ халқының өмірлік тәжірибесін, адамгершілік қағидаларын, елдік пен бірлікке негізделген рухани ұстанымдарын бойына сіңірген баға жетпес қазына болып табылады.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық руханиятты сақтау – әрбір мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан мәдени мұраны заманауи технологиялар арқылы жаңғырту тарихи жадымызды нығайтып қана қоймай, ұлттық бірегейлікті сақтауға, жастардың туған мәдениетке деген құрметін арттыруға қызмет етеді.
Алдағы уақытта институт ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттау жұмыстарын жалғастырып, тарихи сананы жаңғыртуға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жаңа ғылыми жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар халқымыздың бай рухани мұрасын әлемдік ғылыми кеңістікке танытып, оны болашақ ұрпақ игілігіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Талап Тілеген
Сурет: аikyn.kz