
Қазақстандық жазушы Қанат Тасыбеков Түмен қазақтарымен кездесіп, өзінің авторлық жүйесі негізінде қазақ тілін үйрету бойынша дәріс өткізіп қайтқан болатын.
Осы шара барысында жазушы дәріске қатысқан ресейлік қазақтар арасында сауалнама жүргізді. Сонымен, ресейлік қазақтар неден ұялып, немен мақтанады?..
Қазақтың Ресейдегі қандастары мақтанатын қасиеті
Олар Назарбаевпен, Астанамен, Байқоңырмен мақтанады. «Экспо» көрмесінің 2017 жылы Қазақстанда өтетінін де мақтанышпен айтады. Қазақ елінің атын әлемдік спорт аренасында биікке көтеріп жүрген Геннадий Головкин де мақтануға тұрарлық деп есептейді түмендіктер.

Қазақстанда әдемі қазақ жігіттері мен қазақ қыздары көп, – дейді олар. Қазақтардың үлкендерді сыйлап, салт-дәстүрді сақтайтындығы, туған-туыспен жақын қарым-қатынаста болатындығы да көңілдерінен шығады. Қазақстанда патриотизм деңгейі жоғары, – деп санайды Ресей қазақтары. Қазақстан халқының өмір сүру деңгейінің жоғары екендігін елдегі шетелдік қымбат автокөліктердің көптігінен де көруге болады, – дейді олар.
Ресей қазақтары неге алаңдайды?
Түмен қазақтары Қазақстандағы жемқорлық деңгейінің жоғары екендігіне алаңдайды. Олар көптеген қазақтардың орыс тілінде сөйлеп, қазақ тіліне менсінбей қарайтындығынан ұялады. Қазақстанның автокөлік жолдары жағдайының сын көтермейтіндігін айтады. Қазақтардың «той» мен «ұят болады» үшін несие алатындығын дұрыс емес деп санайды. Елдегі аралас некенің көбеюіне алаңдайды және бұл құбылыстың қоғамда қолдауға ие екендігіне таңданады. Автокөлік шығаратын зауыттардың жоқтығы, футболдың дамымауы да Қазақстан үшін ұят, – деп санайды Ресейдегі қандастар.