
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтіп жатыр деп хабарлайды Ақорда.
«Жалпы, елорданың даму барысы жаман емес. Былтыр әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өсті. Ел өмірінде елордамыздың орны ерекше. Оған қойылатын талап та жоғары. Бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе. Қазір шаһарда жылу, су, мектеп, балабақша және аурухана тапшылығы бар. Біраз жерде интернеттің сапасы нашар. Мұны ашық айтуымыз керек, яғни өзекті мәселе аз емес. Астана – үлкен қала, көшіп келіп, тұрып жатқан азаматтар көп. Сол себепті әлеуметтік инфрақұрылымға ауыртпалық түседі», — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Астананы сумен қамту мәселесіне де тоқталды: «Сумен қамтудың резервті көздері бойынша проблема өзекті күйінде қалып отыр. Су тапшы кезеңдерде нақты қауіп туындауы ықтимал: қала сусыз қалады.
Экология министрлігіне бүгін қала әкімі айтқан барлық ұсынысты, соның ішінде Астана су қоймасын сумен қамтамасыз етуді ұлғайту бойынша мәселесін зерделеу керек. Сондай-ақ №3 сорғы-фильтр станциясының және кәріз-тазарту нысанының құрылыстарын тездету маңызды».
Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес айтты, деп хабарлайдыц Ақорда.
«Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Оның орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті. Қазір Астанадағы 200 үй тұруға жарамсыз. Қаланың Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ 5 жылдың ішінде осы көшедегі ескі үйлердің небәрі 14 пайызы ғана бұзылған. Жұрт ғимараттардың тығыз салынып жатқанына наразы. Құрылысы тоқтап тұрған үйлер әлі де бар. Үлескерлердің шағымы да көп. Кейбір тұрғын үйлерге орталықтан жылу беру мәселесі шешілмеген. Соның кесірінен адамдар дайын тұрған баспанасына көше алмай отыр. Сондай-ақ 360 астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет», — деді Мемлекет басшысы жиында.
JQ-Aqparat