
Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылында 100 шақты жылқыдан айырылып қалған бақташы ұшты-күйлі жоғалып кеткен, деп хабарлайды pavlodarnerws.kz тілшісі.
Ақтоғай ауылы тұрғындарының айтуынша, Нұркеш есімді 58 жастағы азамат жылқы бағады. Өткен аптада жергілікті азаматтар ат-құлындарын көріп қайтуға қырға шыққан. Бірақ үйір-үйір жылқының арасынан өз аттарын таба алмаған, кейін басқа да тұрғындар өз жылқыларының жоқтығын анықтаған. — Есептей келе, жүз шақты жылқының жоғалғаны белгілі болды. Бұл оқиғадан кейін Нұркештің өзі де хабарсыз кеткен. Ал, отбасы болса, оның қайда екендігінен мүлдем бейхабар екендерін айтуда, — деді өз есімін атағысы келмеген тұрғын. Аталмыш жағдай бойынша облыстық ІІД-не ресми сауал хат жолданды. ІІД ұсынған ақпаратқа сүйенсек, аталмыш жағдайға қатысты 2016 жылғы 10 тамызда ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.