jasqazaq.kz

Өзара ықпалдастық өрісті кеңейтеді

10 маусым 2022, 11:38

«Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Жоғары деңгейдегі келіссөздер біздің стратегиялық серіктестігіміздің жылнамасына ерекше оқиға ретінде жазылады». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, сыртқы істер министрі Ван И мырзамен кездесуде осылай деді.

Елімізге ресми сапармен және «Орталық Азия – Қытай» форматында Сыртқы істер министрлерінің үшінші отырысына қатысу үшін келген Қытай дипломатымен Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келіссөздер жүргізді. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылы ішінде Қазақстан мен Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне қол жеткізгенін қанағаттанарлықпен атап өтті.

М.Тілеуберді өзара сауданы ынталандыру, көлік-транзит және логистикалық салалардағы кооперацияны нығайту, адам алмасу мен жолаушылар әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігерді қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.

Ван И мырза Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының дамуына жоғары баға беріп, күрделі геосаяси өзгерістер жағдайында «Орталық Азия – Қытай» форматында кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар мен форумдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.

Сапар аясында ҚХР сыртқы істер министрін Мемлекет басшысы қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақмерзімді, жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жыл ішіндегі стратегиялық серіктестіктің деңгейіне жоғары баға берді. Екі ел арасындағы кешенді байланыс әрмен қарай да беки бермек.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Зинпиннің алдағы күзде елімізге жоспарланған мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін береді деп үміттенетінін жеткізді.

Біздің Президент ҚХР Төрағасының жаһандық қауіпсіздік және даму саласындағы бастамасына қолдау білдіретінін айтты. Оның толыққанды жүзеге асырылуы әлемдік деңгейдегі қауіпсіздік пен сенімге жетпей тұрған олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді.
Өз кезегінде Ван И Си Зинпиннің сәлемі мен еліміздегі жалпыұлттық референдумның табысты өтуіне байланысты құттықтауын жеткізді.

«Референдум нәтижелері мемлекетті жан-жақты жаңғырту үшін Сіздің басшылығыңызбен қабылданып жатқан шараларды ел азаматтарының барынша қолдайтынын көрсетеді. Мұның жаңа Қазақстанды құру үшін зор мәні бар, сондай-ақ елдің келешек дамуының берік негізін қалыптастырады», – деді. Қытай министрі екі ел көшбасшыларының дана басшылығының арқасында ҚХР мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынастары үлкен өмірлік күшке ие болатынын атап өтті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ван И аймақтық және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Олар халықаралық аренадағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы ықпалдастықты жалғастыра беруге ниетті екенін айтты.

Талап Тілеген

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде