
Бүгін сағат 10.29-да Оралға қарасты Самал-1 ауданы «Ақжүніс» шағынауданында «Три медведя» монша кешені аумағында ағаштан салынған саунаның өртенгені жөнінде хабар түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

БҚО ТЖ департаментінен алынған мәліметке қарағанда, өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің кәсіби және үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде өрттің көршілес құрылыс орындарына таралуына жол берілмей, сағат 11.40-та сөндірілді. Жалпы аумағы 160 шаршы метрді құраған өрттен зардап шеккендер жоқ. Дегенмен осы маңға қаңтарылған автокөліктер өрт сөндіруді қиындатты. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 10 техника мен 30 адам жұмылдырылды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталуда. Айта кетейік, жаңа жылдың алғашқы күндері облыста 11 өрт оқиғасы тіркелген.

