
Арқалық қаласында 600 орындық мешіт 220 миллион теңгеге сатылады. Ауданы 2000 шаршы метр болатын нысан еліміздегі жарнама ресурстарының бірінде саудаға шығарылып отыр.
Хабарландыруға сенсек, нысан кірпіштен салынған. 2000 жылы тұрғызылған. Жағдайы жақсы. Интернет жүйесі бар. 300 сотық жерді алып жатыр. Сонымен бірге қауіпсіздік мақсатында терезелерінің торланғаны айтылған. Сигнал беру қондырғыларымен жабдықталған.
tilshi.kz хабарлағандай, сатылымға шығарып отырған адам оны айырбастауға болатынын да көрсетіпті. Хабарландыру соңында нысанды саудаға шығарып отырған иесі емес екендігін, онымен тек электронды хат жазу арқылы байланысуға болатынын айтқан.
Хабарландыру 12 наурызда орналастырылған.