Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Ресеймен арадағы шекараны толық шегендеуге қатысты пікір білдірді.
«Қазіргі уақытта бізде мемлекеттік шекара бойында даулы учаскелер жоқ. Біз Қытаймен, Қырғызстанмен арадағы шекара мәселесін толығымен шештік. Бізде Түркіменстанмен арада тек ратификация мәселесі ғана қалды, яғни барлық іс-шаралар атқарылды десек болады. Ресейге қатысты тоқталсақ, Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралас таулы жерлер тиісті жұмыстарды (шегендеу) жүргізу қиындау болып тұр. Аз уақытта бұл мәселені толығымен шешуге болады. Қазір жоспарға сәйкес жұмыстар жалғасып жатыр және оны уақытылы аяқтаймыз деген ойдамын. Бұл тұрғыда даулы мәселелер жоқ деп айтуға болады», — деді Е. Алдажұманов.
Осы орайда ол Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7,5 мың шақырымнан астам екенін еске салды.
«Бұл ретте таулы аймақтағы аз ғана жер қалды. Шекара демаркациясы бойынша жұмыстың екі кезеңі қарастырылған. Бірінші кезеңі теориялық, яғни шекараның қағаз жүзіндегі сипаттамасы жасалады. Ал екінші кезеңде мемлекеттік шекараға барып, нақты нүктелер белгіленеді. Аталған учаскелерденші климат жағдайын ескере отырып, тиісті жұмыстар біртіндеп жалғасып келеді. Былтыр біраз жерді қамтыдық. Ресеймен шекарада шамамен 300 шақырым жерде тиісті белгілер қойып шығу керек», — деді Шекара қызметінің директоры.
JQ-Aqparat