
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркістанда тұңғыш рет өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумында сөз сөйледі. «Жүздеген жылдар бойы Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған, орта ғасырларда сауда-саттықтың күретамыры саналған Ұлы Жібек жолы Орталық Азияның аумағы арқылы өтті. Соның нәтижесінде біртұтас сауда-коммуникациялық және мәдени кеңістік қалыптасты. Бізді осындай ортақ тарихпен бірге бүгінгі тығыз қарым-қатынасымыз да байланыстырады. Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің мүддесі мен міндеті ортақ. Сондықтан тығыз ынтымақтастық пен сенімге негізделген диалогты нығайту, сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру өңірдің болашағын айқындайтын маңызға ие. Біздің мемлекеттеріміздің басшыларының екіжақты және көпжақты кездесулерінде де осы мәселелер тұрақты түрде талқыланып келеді. Біз парламентаралық байланыс кезінде осы басымдықты дәйекті түрде ілгерілетуіміз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы ынтымақтастықтың негізгі 5 бағытына тоқталып өтті. Олардың қатарында осы Форумның парламенттік диалог пен парламентаралық ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылаудың тиімді алаңы ретіндегі рөлі бар. Бұл ретте реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету және өңірдегі өзекті проблемалар – трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану, экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өзге де мәселелерді шешу барысында тәжірибе алмасу үшін платформаның әлеуетін тиімді пайдаланудың мәні зор.
Мәулен Әшімбаев назар аударған тағы бір ұсыныс — мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азия елдерінің зиялылары арасындағы диалогты арттыру мәселесі.
«Бүгінгі Парламентаралық форум Парламент өкілдерінің жүйелі жұмысы үшін тиімді алаңға айналады деп сенемін. Сондықтан осы Форумды Орталық Азия елдерінің бірінде жыл сайын өткізіп тұруды ұсынамыз. Ауқымды жиынды тек астаналарда емес, біздің халықтарымыз үшін киелі саналатын және мәдени-тарихи маңызы зор басқа да қалаларда өткізуге болады. Біздің алдағы көпжақты қарым-қатынасымыздың басым бағыттары Түркістан декларациясында баяндалған», – деді ол.
Форумда Түркістан декларациясы қабылданды.
JQ-Aqparat