
Көлік жүргізушілері үшін жыр болған утиль алымының көлемі ақпан айының соңына дейін бекітілетін болды. Бұл туралы сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді. Демек енді екі аптадан кейін көлік нарығы қайта жандана бастауы мүмкін. Өйткені қазір елімізде темір тұлпар саудасы тоқтады. Көлік салондарынан да танымал сайт арқылы көлік алатындар қатары кілт азайған. Өйткені елдің бәрі утиль алым көлемі азайса, баға арзандайды деген дәмемен бір өзгерісті күтіп отыр.
Бірақ бұл өзгеріс алыпсатарлықпен ақша тауып, қалтасын қампайтып жүрген делдалдардың дымын құртты. Шетелге шықпай-ақ, арғысы Атырау мен Ақтөбеден, бергісі Балқаштан арзандау көлік әкеліп, сыртын сылап-сипап, қайтадан қымбатқа сататындардың бизнесі бір жарым айдан бері тоқтап қалды. Мәселен, алматылық Абзал Атқышбаевтың көлік алып-сатуды кәсіп еткелі бір жылдан асыпты. Айына бір көлік сатпаса, шекесі сыздайды.
Әр мәшинеден кемі 300-700 мың теңге көлемінде пайда табады екен. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі мардымсыз жалақыға малданып отыра бермей, біржола осы салаға бет бұрдым, – дейді.
Абзал Атқышбаев: «Бұрынғы жұмысымда бес жыл істедім. Осы аралықта не айлығым, не қызметім өспеді. Сондықтан қосымша табыс болсын деп көлік алып-сатуды бастадым. Күні-түні сайтты аңдып отырып, арзандау деген көліктер шықса, бірден сатып аламын. Ұрылған-соғылған жерін жасатып, жуып-шайып, қайта сатылымға шығарамын. Үстінен 200-300 мың теңге пайда көруге болады. Бірақ жаңа жылдан бері бұл кәсібім тұралап қалды. Шығынға баттым десем де болады. Өйткені жыл соңында Шымкенттен аукцион арқылы бір мекеменің пайдаланудан шығып қалған 8 көлігін арзанға сатып алғанмын. Үшеуін сатып үлгердім. Қалған бесеуі өтпей тұр. Бағасын да біраз түсірдім. Бірақ бұрынғыдай емес, көлік аламын деушілердің қатары азайған».
Расымен де, қазір екі адамның басы қосылса, утиль алымды айтып күңкілдеседі. Өйткені көлік бағасы соңғы бес жылда екі есе қымбаттады. Бұрын 2,5-3 миллион теңге тұратын ескі «камрилер» 5-6 миллион теңгеге бір-ақ шықты. Елімізге сырттан көлік кірмейтін болғандықтан, бағаның ырыққа көнбей кеткені рас. Осыған дейін «көлік міну мақтаныш емес, ол тек қатынас құралы» деген тәмсіл айтылатын. Бірақ соңғы жылдары көлік қол жетпес арманға айналды. 2016 жылы «Оператор РОП» серіктестігі құрылып, сырттан кіретін жүк көліктері, ауыл шаруашылығы техникалары мен жеңіл көліктерге утиль алым жинай бастады. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – экологияны жақсартып, отандық автопаркті жаңарту болатын. Бірақ реформа оң нәтиже бермеді. Керісінше, утилизациялық алым енгізілген алғашқы екі жылда жаңа көліктердің саны 416 мыңға азайған. Ал отандық автопарк 72 пайызға ескіріпті. Бір сөзбен айтқанда, көшелер көк түтіні будақтап, салдыр-салағы шыққан ескі көліктерге толып кетті.
2016 жылға дейін елімізге Америка, Оңтүстік Корея және Дубайдан аз жүрілген көліктер әкелінетін. Қазір шетелден темір тұлпар тасу тиімсіз. Өйткені утиль алымның ең төмен көрсеткіші жеңіл көліктер үшін 1 млн теңгеден басталып, 3,5 млн теңгеге дейін жетеді. Соған қарамастан, шетелден көлік жеткізушілер әлі де болса бар.
Мәселен, 2020 жылы шығарылған «Тойота камри» Грузияда біздің ақшамен 6 млн теңге тұрады. Оны Қазақстанға жеткізу құны – шамамен 500 мың теңге. Кеденнен өткізу, алғашқы тіркеу, утилизациялық алымын төлегенде бағасы 10 млн теңгеге жуықтайды. Алыпсатар оның үстіне өз пайдасын қосып, 14-15 млн теңгеден саудалауда. Егер утиль алымы арзандап, көлікті алғаш тіркеу құны азайса, бағаның бірден түсетіні айдан анық. Өйткені ішкі нарықтағы ескірген көліктерге сұраныс азаяды. Ал көлік салондарынан қымбатқа ешкім ұрынғысы келмейді. Сондықтан арзан әрі сапалы көлік алғысы келетіндер сырттан темір тұлпар тасымалдайды. Онда 2006-2016 жылдардағыдай елімізге аз жүрілген көліктер көптеп кіретін еді. Осы орайда ірі көлік құрастырушылардың ығына жығылған кейбір сарапшылар «утиль алымы арзандаса, автопарк ескі-құсқы көліктерге толып кетеді» деген жаңсақ пікір айтуда. Бұл бос сөз. Өйткені елімізге теріс тізгінді (оң жақ рульді көліктер) және шығарылғанына жеті жылдан асқан көліктердің кіргізілуіне заңмен тыйым салынған.
Диас Нұрақын
P.S.
Қазір қоғам белсенділері, сарапшы мамандар мен министрлік өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, утилизациялық алым мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бүгінге дейін кабель өнімдеріне утиль алым жинау ережесі толық жойылды. Енді азаматтық қоғам белсенділері ауыл шаруашылығы техникаларына салынатын алымды тоқтатып, жеңіл көліктерге жиналатын утиль алым көлемін Еуропа елдеріндегідей 200 доллардан асырмауды сұрап отыр. Алайда қазірден бастап ел арасында утилизациялық алым көлемі 300-400 мың теңге болады екен деген қауесет айтылуда. Оның қаншалықты рас-өтірігін ақпан айының соңында білеміз.