
Алматы облысындағы Ақсу ауданында малдар жаппай ауруға шалдығып жатыр. Бір ғана шаруа қожалығынның 11 малынан бруцеллез ауруы анықталған. Бірақ, тұрғындардың өзі бұған сенгісі жоқ. Сау малды әдейі ауру қылды ма деген күдік басым көбінде.
Ақсулық Мұрат Ормановтың 11 бас малы осы жерде. Мына қақпаның арғы жағында. Бірақ бұл жердегі ет комбинатына кіруге мүлдем рұқсат жоқ. Ал малдарының бруцеллез ауруына шалдыққанына күмәнданған шаруа иесі сынаманы екінші рет жүргізуге рұқсат беріп, артынша райларынан қайтқан мамандардың әрекетіне аң-таңмын деп отыр.
МҰРАТ ОРМАНОВ, шаруа қожалығының иесі:
— Құжатымның бәрін дайындап беріп, сол қағазды алып мен облысқа барып мен малдың қанын алайын десем, қанды алып жатқан жерден алдырмай тастады. Себеп, өйткені оның лаборант адамдары айтады. Екінші рет қан алсаң, ол таза көрсетеді дейді. Ал егерде таза көрсеткен жағдайда не болады деп сұраған кезде, осыған кімнің қатынасы бар, соның жұмысына зияны тиетінін айтты.
Ал Ақсу аудандық ветеринария бөлімінің маманы болса, анализ тек бір рет алынады деп отыр.
Ақсу аудандық ветеринария бөлімінің өкілі:
— Екінші рет алынбайды. Положительный беріп тұр ма, сол болады.
Осылайша шаруа иесі қазір екі түрлі сөйлейтін мамандардың кесірінен сандалып жүргенін айтады. Бұл алғашқы жайт емес дейді. Айтуынша, айдың басында шаруашылықтағы 90 бас малға «аусыл» деген ауруға қарсы екпе салынған. Бір тәуліктен соң малдардың басым бөлігі ақсап, жүре алмай қалыпты. Тіпті екі сиыры өліп те қалғанын айтады. Мамандарға айтып, ескерткенімен, ешбір жанды қожалыққа келтіре алмадым деп отыр. Сорақысы сол, енді малдардың неден өлгенін мамандар да анықтай алмайды.
ГҮЛЗИЯ БОЛАТХАНҚЫЗЫ, Ақсу аудандық ветеринарлық станция директоры:
— Мал өлгеннен кейін алты сағаттың ішінде неден өлгенін анықтауға болатындай биосынамалар өткізуге болатын еді. Бұл кісі уақытында айтқан жоқ. Малдың өлгенін. Міне өлді немесе ауырып жатыр дегендей. Не себепті өлгенін анықтай алмаймыз.
Енді тығырыққа тірелген шаруашылық иесі 11 бас малды не істейтіндерін де білмеймін дейді. Тіпті малдардың қаншаға бағалағанынан да хабарсыз.
МҰРАТ ОРМАНОВ, шаруа қожалығының иесі:
— Малды алып кетті менсіз. Бірақ олардың қаншалықты малдың құнын беретіні белгісіз. Ал ертең 2000 мың теңге беріп тұрса, мен не істейтінімді өзім де білмеймін. Мен бала-шағамды қалай асыраймын. Ертең алған 10 миллион кредитімді қалай төлеймін?
Ақсу ауданынан малдарды мамандар өзінің рұқсатынсыз, өзі жоқ уақытта Талдықорғанға тиеп әкетті деген шаруа иесі енді аудандық емес облыстық прокуратураға шағымданбақ. Ал мамандардың сөзінше, 11 бас мал жеке кәсіпкерге өңдеу үшін өткізілген.