jasqazaq.kz

Мақтанайық Димашпен!

15 наурыз 2019, 16:40

Бұл бір жүйкені жұқартып, әбден діңкелеткен, дүйім жұртты ділгәр еткен, шарықтау шегіне жетіп барып, құлдилаған шоу болды! Әнші мен каратэші, скрипкашы пен акробат, ересек пен бала-шаға қатысқан мұндай қойыртпақ шоуды тек Америкада өткізетін шығар. Не де болса, The World’s Best – «Әлемнің ең үздігі» байқауы мәресіне жетті.

Біз бұл күнді ұзақ күттік. Осы байқауға еліміздің атынан Димаш Құдайберген мен Дәнелия Төлешованың қатысқанын көпшілік біледі. Бастапқы екі кезеңде Димаштың өнеріне сүйсінген әділқазылар алқасы түрегеп тұрып қол соқты. Алғашқы айналымда актер Ру Пол «The World’s Best жобасының дүниеге келуіне себепші болған сен» деп Димашқа қаратып айтса, екінші турда «Жұлдыз туды» деп қысқа қайырған-тұғын. Содан ба, алтын дауысты әншіміздің «Әлемнің ең үздігі» атағын жеңіп аларына ешкім күмән келтірген жоқ. Ұпай бойынша да ол оқ бойы озық тұрды.
Бірақ… Өткен аптада «Димаш Құдайберген The World’s Best шоуында мәлімдеме жасады» деген аңдатпа тарап кетті. Жұрт оны сан-саққа жүгіртті. Барлығы бірауыздан «Димаштың жүрегі кең ғой, балаларға жол берген шығар» деп топшылады. Өйткені жартылай финалда Димаш, Дәнелия және үнді пианисі Лидиан Надхасварам сайысуы тиіс еді. Ұйымдастырушылардың ойы белгілі: елімізден барған екі саңлақты бір-біріне қарсы қойып, қызығына қарап отыру. Бірақ олар бір нәрсені ескермеді.
Adagio композициясын орындаған соң біздің бала мәлімдеме жасады. Шетелде де қазақша сұхбат беріп, әрдайым ана тілін асқақтататын әнші бұл жолы да өз ойын қазақша жеткізді: «Мен үшін сіздердің алдыңызда өнер көрсету үлкен бақыт. Бүгін ереже бойынша мен балалармен сайысқа түсуім керек. Сондықтан тізгінді солардың қолына беріп, менің кетуіме рұқсат етулеріңізді сұраймын».
Мұндай сөзді ешкім күтпегені анық. Бұл бәрін де естен тандырды! Жеңіске бір-екі қадам қалғанда (ал Димаштың жеңетіні сөзсіз еді) өз еркімен бас тарту, әрине, сол жерде отырғандардың ақылына сыймады. Жеңімпаздың бір миллион долларды иеленетіні өз алдына. Әділқазылар алқасындағы жерлесіміз Гауһар Нұртас қазақтың салтында өзінен кейінгі жастарға жол беру дәстүрі бар екенін айтып жатты.
Қазір Димаштың осы шешіміне қатысты пікір екіге жарылды. Бірақ ол маңызды емес. Ақша үстемдік еткен мына заманда ізгілік туын желбіреткен Димаш өзінің The World’s Best – Әлемнің ең үздігі екенін дәлелдеді. Сондықтан ақтық сындағы үнді пианисі Лидианның жеңісін жұрт қазір «Димаштың жеңісі» деп бағалап жатыр.
Мақтанайық Димашпен!

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты