1916 жыл дүрбелеңіне қатысты О.Жандосовтың ғылыми көзқарасы 1926 жылға қарай толық жүйеленіп, баяндамалар, мақалалар, құжаттар жинау, іс қағаздары түрінде рәсімделді. Сол жылы Қазақ Орталық Атқару комитеті арнайы комиссия құрып, көтерілістің 10 жылдығын атап өтуге кіріскен еді. Комиссия құрамына О.Жандосов та кірген болатын. Міне, осы комиссия атынан 1926 жылғы 11 шілдеде Жетісу облатқару комитетіне жолдаған хатында көтерілістің себептеріне патшалық үкіметтің жүгенсіздігін, отарлау мен қанауды, қазақтан жерді тартып алуды жатқызған. «Корни этого восстания уходят далеко вглубь казахской истории, имеют целый ряд предшественников, боровшихся за независимость казахского народа», деп жазыпты О.Жандосов. 1916 жылғы көтерілісті 1917 жылғы екі революцияның бастауы ретінде пайымдайды.
Қаһарлы 1916 жыл тарихы мен тағылымын О.Жандосов 1926 жылғы 25 тамызда Алматы қаласының коммунистері, комсомолдары, кәсіподақ және «Қосшы» одағы мүшелері алдында жасаған баяндамасында жан-жақты аша алды. Жиынға 2 мыңға жуық адам қатысқан екен. Баяндамашы қазақ тілінде бір сағат сөйлеген соң айтқанын орыс тілінде қайталап шығыпты. Өкінішке қарай, баяндаманың қазақ тіліндегі мәтіні әзірге табылған жоқ. Ал орыс тіліндегі стенограмма өте сапасыз жазылған.

Стенограмманың көлемі 6 беттен сәл-ақ асады. Бір сағаттық баяндама, егер стенограммашы біліктілік танытқанда, А4 форматпен 25 беттен кем түспеуі керек еді. Қалай болғанда да, бәсі мейлінше жоғары осы дерек көзімен таныса келе, мынадай қорытындыға келдік.
Біріншіден, баяндама авторының ғылыми-танымдық әлеуеті ерекше жоғары екендігі. 25 тамыздағы баяндамасын көтеріліс тарихы әлі зерттелмегенін қаперге салумен бастаған ол деректердің жинақталмағанын, онсыз оқиғаға экономикалық және саяси баға беру қиынға соғатынын алға тартады. Өзінің де аз ізденбегені көрініп тұр. «Для того, чтобы дать достаточно верную и вескую оценку такому событию, как [восстание] 1916 года, и для того, чтобы взять в целом события в Семиречье (в настоящее время – Джетысу), мне пришлось рыться в архивах и других источниках. И все же материалов наиболее ценных нет. Нет даже тех материалов, которые дали бы подробное описание хотя бы [деятельности] военно-полевого суда. Ничего не сохранилось также из материалов охранки, полиции. Только и есть – это копии дел Переселенческого управления. И на том спасибо, что они [представители старой власти] не сожгли и не скрыли это» деген сөздер ғылымға етене жақын адамның ғана аузынан шығады.
Екіншіден, деректердің тапшылығына қарамастан, көпке арналған баяндамадағы ой тұжырымдар мен пайымдаулар, тұтастай алсақ, кімді болсын тәнті қылғандай. Олар ғылыми тұрғыдан дәйекті әрі ақиқатқа сай. Осыдан 90 жылдай бұрын қайраткер О. Жандосов ұлттық тарихты әлемдік тарихи үдерістер желісінде зерделеуге шақырыпты. Тыңдаушылар назарын мынадай сұрақтарға аударған: «Восстание 1916 года – что это: чисто местное явление или явление, [которое] имело какую-то связь с общим положением [вещей на окраинах России и в остальном мире]? Бунт это или восстание?».
О.Жандосов көтеріліс кездейсоқ құбылыс емес деп білді. Оны Ресейдегі және басқа да әлемдік державалардағы саяси-экономикалық ахуалмен, империализм дағдарысымен байланыстырды. Ирландиялықтардың бас көтеруін, ағылшындар аяусыз басқанын мысалға келтірді. 1916 жылғы көтеріліс те, оның пайымынша, империализмнің жалпы дағдарысымен астасып жатты.

Тұлғаның ой түйіні бүгінгі тарихнамада қайталануда. 2010 жылы жарық көрген бестомдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның 3-томында 1916 жылғы көтеріліс себеп-салдары былайша қорытындыланады: «Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-феодалдық және әскери-отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты және шығыстың отар халықтарының империалистік езгіге қарсы ХІХ ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі, буындарының бірі болды».
Бұл салыстырулардан отандық тарих ғылымы Жандосов заманындағы деңгейден аспай қалған екенге саятын пікір тумауы керек. Қайта ғылыми ақиқат жылдардың еркіне бағынбайтынына көзіміз жете түседі. Нағыз ақиқатты аша алмаса, әл Фарабидің, Қ.А.Ясауидің, М.Қашқаридің, М.Х.Дулатидің, Абай мен Шоқанның шығармаларының құндылығы, қадір-қасиеті болмас еді ғой.
О.Жандосов ХХ ғасыр басындағы көтерілісті ХVIII-XIX ғасырлардағы Сырым, Кенесары көтерілістерінің жалғасы ретінде ұлықтады. Ара-тұра приставтарды, уезд бастықтарын өлтіру тәрізді бүлікшіліктер де орын алғанын жоққа шығармады. Осының бәрін ұлттық санада тәуелсіздік құндылығының сақталғанымен байланыстырды.
1916 жылғы көтерілістің себептерін бұрмалаушыларға толымды жауап қайтара білді. Мәселен, көтерілісті патша үкіметі әдейі арандатты, осыны сылтауратып қазақтарды қыруды, жоқ қылып жіберуді көздеді деген пікірді бекерледі. «Поднять 5-6 миллионов населения одних казаков [казахов и киргизов], если не говорить о [готовых восстать] рабочих [во внутренних губерниях России], в такой момент, как 1916 год, год войны, это, я думаю, как-то не вмещается в [правдоподобное объяснение провокации], послужившей якобы главной причиной восстания», деген екен ол. 1916 жылғы көтеріліске Түркияның қатысы жоқ екенін де дәйектеді.

О.Жандосовтың пікірінше, көтерілістің басты себебі жер мәселесіне келіп тіреледі. 1916 жыл қарсаңында әр казак шаруашылығына орта есеппен 60 десятина егістік, 8,8 бас ірі қара мал, переселен шаруаға – 10 десятина егістік, 7 бас ірі қара мал, дұнғанға – 4 десятина егістік бұйырса, қазаққа 1,5 десятина егістік, 12 бас ірі қара мал ғана келген көрінеді. Осы мәліметтерге сүйенген О. Жандосовтың: «При таком земельном утеснении, при кризисе скотоводческого хозяйства, при невозможности продолжать ведение своего хозяйства за недостатком удобной земли огромная масса обнищавшего казакского населения, конечно, могла составить очень хороший материал для восстания», – деген сөздерінде бұлтартпас ақиқат бар.
Тағы да «Қазақстан тарихының» 3-томындағы 1916 жылғы көтеріліске арналған тарауға көз салайық. «Көтерілістің басты себептері әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар: отаршылдық езгінің күшеюі, жерді тартып алу, салықтар мен алымдардың шамадан тыс ұлғайтылуы, қазақ халқы мен аймақтың басқа байырғы халықтары жөнінде патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясаты, қалың бұқара жағдайының күрт нашарлауы болды.
Бұл аталғандардың ішінен ежелгі қазақ жерлерінің жаппай, күшпен тартып алынуын және өлкені басқарудың отаршылдық жүйесінің күшейтілуін ең басты себеп ретінде қарастыру керек», деген жолдарды оқимыз.
1926 жылы айтылған ой толық қайталанып тұрған жоқ па! Қайталанып тұр. Осыдан кейін О. Жандосовтың ғылыми кемелдігіне қалайша бас имейсің. Айта кетейік, академиялық басылымдағы тарауды ҚР ҰҒА академигі К.Нұрпейіс жазған болатын. Демек, жер жәннаты Жетісудың екі дүлдүлі тарихи ой-сананың биігіне бірге көтеріліпті. Бір ғана айырмашылық: О. Жандосов жазықсыз атылғанда К.Нұрпейіс 2 жасқа да толмаған әкесіз жетім еді. Оның да әкесі «халық жауы» айыптауымен атылған болатын.
1916 жылғы көтерілістің іргелі себептері қатарына О. Жандосов ұлтаралық қатынасты жатқызды. Ұлттық езгінің төрт формасын ерекше атап көрсетті: 1. Отарлық аппараттың қазақтарға көрсеткен зорлық-зомбылығы. 2. Қазақтан жерді тартып алуы. 3. Сауда капиталының қанауы. 4. Переселендерге, келімсектерге артықшылық, басымдық берілуі. «Все эти явления не могли, конечно, [не] создать у казакского населения такого настроения, при котором восстание казаков неминуемо должно [было] быть связано с лозунгами выхода из-под угнетения русских, восстания против русских», – деп түйіндейді О.Жандосов.
1916 жылғы көтеріліс тарихын зерделеу барысында О. Жандосов тиянақтаған ірі методологиялық жаңалық – ауыл буржуазиясы жайлы пайымы. Орыс және шетел капиталы үстемдік құрған отарлық Қазақстанда қазақ ұлттық буржуазиясы қалыптасып үлгермеді. Олар аз еді әрі ауыл шаруашылығы мен сауда-саттық саласында ғана шоғырланды. О.Жандосовтың пікірінше, ауыл буржуазиясы жергілікті әкімшілік атқамінерлерімен, отарлық билік өкілдерімен бірлесе қимылдап, парақорлық пен жемқорлыққа салынды, көтеріліске қарсы позиция ұстанды.

Ауыл буржуазиясы мен әкімгерлерінің, қазақ оқығандарының 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы ұстанымы, жеңісі мен жеңілісі, қуанышы мен қайғысы М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінде суреттелгені белгілі. «Қилы заманның» ең соңғы сөйлемінде біз әлі тереңіне бойламаған құпия идея бар. «Жұртта қалған бұралқы иттей болып, ұлықтардың обзының артынан ере бермекке, тілмаштар қалды. Оспан мен Жебірбаев қалды», – деп аяқтапты повесті М. Әуезов. Бұл не сөз? Кеңестік қазақ зиялыларын әлі ізі суымаған тарих тағылымынан сабақ алуға шақырған ескертуі ме? Әлде тоталитарлық билік жүйесіндегі ұлт зиялылары орыс ұлықтарының айтқанына көніп, айдағанына жүретінін көрегендікпен болжағаны ма? Немесе Оспан мен Жебірбаевтан іргесі аулақ, туысы бөлек, ұлты үшін қызмет ететін жаңа буын зиялыларды даярлау міндетін күн тәртібіне қойғаны ма? Тіпті болмаса, қазақ халқының ендігі тағдыры Жебірбаев пен Оспандай бұралқылардың қолына түскеніне торыққаны ма?
Ойланатын мәселе көп.
Бұл мәселені О.Жандосов та айналып өтпеген. Көтеріліс басшылары қатарына кездейсоқ адамдардың қосылғанын баса көрсетеді.
КСРО-ның ыдырауымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихын жаңаша ой елегінен өткізу үдерісі басталды. Қалың қауымды елең еткізген пайымын ХХ ғасыр соңында академик М.Қозыбаев айта алды. Оның пікірінше, 1916 жылғы көтерілісті революция мәртебесімен қабылдауымыз керек. «1916 жылы, – деп жазды әйгілі ғалым ағамыз, – қазақ елінің ұлт-азаттық революциясы болды. Ол қазақ мемлекеттігін аз уақыт қалпына келтірді. Өз тағдырын өзі басқарды».
Қысқасы, қазақ даласындағы ұлы сілкіністің болмыс-бітімін анықтай түсетін қажеттілік күн тәртібінен әлі түсе қойған жоқ. Айталық, «Азияның оянуы» мәселесін ХХ ғасыр басындағы Қытаймен, Үндістанмен ғана дәйектей бермей, Алаш қозғалысымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен ажырағысыз байланыста қарастыратын уақыт келді. Сонда Қазақстан тарихы әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі екеніне көзіміз жете түседі.
Тәуелсіздіктің орнауымен елімізде сталиндік саяси қуғын-сүргіннің, байларды кәмпескелеудің (1928 ж.), кулактар мен байларға қарсы күрестің (1930 ж.) заңсыздығын әшкерелеген комиссия жұмыс істегені белгілі. Ендеше 1916 жылғы қасірет пен зорлықтың саяси-құқықтық бағасын беретін жұмысты неге қолға алмасқа? Мұнсыз ұлттық тарихты бұрмалауға бөгесін қойылмайды.
Көтеріліс отарлаушыларға қарсы бағытталғанмен қазақ қауымына да аз іріткі салған жоқ. Үш әлеуметтік топ ерекше көзге түсті: көтерілісті жақтаушылар, көтеріліске қарсылар, көтерілісті пайдаланып байлық жинағандар. Көрнекті мемлекет қайраткері С. Меңдешев 1926 жылы жазылған естелігінде соңғыларды аяусыз әшкерелеген болатын. Онда мынадай жолдар бар: «Жұмысқа алынатындарды әдейі құрылған комиссиялар қарап алды. Комиссияға облыс губернатордың уәкілі, 2 доктор, соғыс мекемесінің уәкілі кіретін еді. Бұл комиссиялар түйені түгімен жұтты. Параны мықтап бергендерді қулық-сұмдық қылып алып қалды. Әсіресе Бөкей облысындағы Таловка комиссиясының жемқорлығы күшті болды. Бұл комиссияға Қамыс-Самар, Таловка болыстарының правительдері Нұрым, Мералы Қарабай ұлдары, губернатор ұлы Аракчеев, доктор Тихомиров, соғыс министрінің уәкілі. Бұлар өздерінің жақындарын араға салып, елді жаудай талады.
Бұлар ақша алуға тұрмай, пайда параға, белбеушілік сияқты асыл бұйымдарды да алды. Оларын жарқыратып киіп жүрді».
Көтерілістің өңірлік ерекшеліктерін, ұлтаралық, дінаралық қатынастарға ықпалын идеологиялық боямасыз ашудың өзектілігі жоғары.
Қысқасы, атқарылатын жұмыс көп. Соның бірі – 1916 жылғы көтеріліс басшыларының есімі мен ісін Жанна д’Арк, Абд әл Қадыр, Е.Пугачев, Боливар сынды тұлғалар биігіне көтеру. Азаттық үшін күрескен көшбасшы, халқын соңына ерте алған хас батыр шағын ғана мемлекеттің, саны аз этностың өкілі болуы мүмкін. Бірақ ол тап осындай қадамға барған ірі елдердің тұлғаларынан бір мысқал кем тұрмауы керек. Ұлттық тарих ғылымы мен тарихи санамыз өзгенікін ғана зор санайтын ұстанымнан ажырайтын уақыт келді.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бірінші дүниежүзілік соғыстан титықтаған патшалық Ресейдің іргесін шайқады. 1917 жылдың ақпанында шаңырағы ортасына түсіп, ол қазан төңкерісімен адамзат тарихының мүлде өзгеше дәуірін бастады. Демек, 1916 жыл тарихы әлемдік бетбұрыстың бастауы ретінде қарастырылса, еш қателеспейміз.
Ханкелді
Әбжанов,
Ш.Уәлиханов
атындағы Тарих
және этнология институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі