
Әлемдегі ең семіз әйелге ота жасалатын болды. 36 жастағы Иман Ахмад Абдулатидің салмағы 500 килограмм, яғни жарты тонна тартады.
Baq.kz хабарлағандай, хирургтер ота жасап, оның салмағын 150 келіге дейін төмендетпек. Алып әйелге ота Үндістанда жасалмақ. Ол жерде Иман емдеу курстарынан өтеді. Семіз әйелді үйден алып шығару да оңай болмаған. Египеттік келіншекті үйінен кранмен көтеріп шығарған. Ауруханаға арнайы жүк көлігімен жеткізілген.
Бұған дейін инсульт алған Иман өздігінен қозғала да алмайды. Ем-дом шаралары бірнеше айға созылады деп отыр мамандар.
Иман Ахмад Абдулати Египеттің Александрия қаласында тұрады. Артық салмақтың зардабын тартып отырған келіншек 25 жылдан бері далаға шықпаған. Ешқашан мектепте оқымаған. Семіз әйелге анасы мен әпкесі көмектесіп тұрады екен. Оған кішкентай кезінде элефантиаз – піл ауруы деген диагноз қойылған.
Анасының айтуынша, оның денсаулығына әкесі өмірден өткеннен кейінгі күйзеліс те әсер еткен.