
Халықтың барлық тобының, соның ішінде көлік жүргізушілердің үніне құлақ түру осы саладағы қоғамдық тыңдауларға қатысқанмен бірдей.
Айталық, барлық ақылы учаскелерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Жаңа құралдар мен жол белгілерін қою туралы, соның ішінде жүргізушілерге түнгі уақытта көмегі тиетін арнайы қондырғылар мен жарық шағылыстырғыштар, жабайы және үй жануарларынан қорғайтын қоршау жүйелері әлі де жеткіліксіз. Тіпті бар нәрсенің өзі, яғни жол қозғалысына қатысушылардың трафигі мен жылдамдығын мониторингілеу смарт-жүйелері, тәулік бойы істейтін 1403 нөмірлі call-орталықтың жұмысы тиімді пайдаланылмайды.
Сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бес жылға жоспарлап отырған 2 (екі) миллиард ағаш, тал егіп, көшет отырғызудың бір бөлігін жол жиектеріне арнаса деген ұсыныс бар. Әрине, оны өсіріп-баптаудың заманауи, тиісті технологиялары сақталуы тиіс. Жол қапталдарын көгалдандырудың, жасыл желекке бөлеудің қаншалықты қажеттігін айтудың өзі артық. Өйткені экологияның да сұрауы болады.
Ал жол бойындағы, демалыс орындары мен тұрақтардағы қоқыстарды жинау сапасының төмендігі, кемпингтер мен өзге де қызмет көрсету нысандарының маңы сол баяғы күйінде қалып отырғаны алаңдатады. Жалпы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жол өтетін өңірлердің жұртшылығы алдында ұдайы есеп беру тәжірибесін енгізу артық болмас еді. Осы тұрғыда, елімізде меншік түріне қарамастан, өзге де жол бойындағы мекемелердің тазалық, тәртіп жөнінде жауапкершілігі нақтылануға тиіс деп ойлаймыз.
Сонда біздің халықаралық, республикалық күре жолдарымызда да өркениетті елдердегідей тәртіп орнайтыны сөзсіз.

Дархан Мыңбай,
Мәжіліс депутаты