jasqazaq.kz

Көлік инженері керек емес пе?

09 қазан 2020, 8:21

Ақтөбеде ірі мұнай компаниясында техникалық инженер болып жұмыс істейтін бауырым бар еді. Кеше сол хабарласып тұр.

– Мен оқыған қарашаңырақты жауып тастаған ба? – дейді. Ол екі-үш жыл бұрын ғана Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірген болатын. Соны айтып тұрғанын бірден түсіндім.
– Иә, барлық лицензиясынан айырылып қалыпты, – дедім.
– Ойпырым-ай, ә! Жабыла салатын біреудің жекеменшік университеті немесе «саны бар, сапасы жоқ» көп колледждің бірі емес еді. Бұл қалай болғаны? – деп бауырым уайымын білдіріп жатыр.

Иә, оның уайымының жөні бар. Министрдің пәрменімен жабыла салатын, бүгін бар, ертең жоқ, көбіктей көп университеттің бірі емес еді. 90 жыл тарихы бар қарашаңырақ! Қазақстандағы көлік мамандарын оқытатын жалғыз білім ордасы. Оны жапсақ, теміржолда жұмыс істейтін мамандарды қалай оқытып шығарамыз? Қазақстан — тоғыз жолдың торабындағы мемлекет. Қытай мен Еуропаны жалғап жатқан «алтын көпір». Сол «алтын көпірдің» тізгіншілері, пойыз жол мамандарын, басқа да көлік түрлерін оқытатын білім ошағы емес пе еді? Коммуникация кез келген елдің «күретамыры». Онда бұл оқу орнын жабу – сол «күретамырды» буғанмен бірдей қысастық екені анық. Бірақ білім және ғылым министрлігі академияны жабу туралы шешім қабылдапты.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, академияға бірнеше рет тексеру жүргізіп, олқылық анықтаған. Алайда оны түзетуге ешкім асықпапты. Академия басшылығы да болған жайға баға беруге сараңдық танытып отырған көрінеді. Алыс-жақыннан жанұшыра жеткен студенттер мен ата-аналар да жөнді жауап ала алмаған. Ал оқу орны жабылса, 5 мың студенттің оқуы не болады? Жүздеген қызметкер қайда барып, кімнен жұмыс сұрайды? Бұл да күрделі мәселе. Оны шешуді ойлап, мәселені ушықтырғысы келмей отырған біреу бар ма? Болған жайтқа алаңдаған студенттің анасы Бәдигүл Қажыбек КТК телеарнасына берген сұхбатында: «Мынау өте аянышты жағдай.

Халыққа шығып айту керек. Бұл жерде ұрпақтың өміріне осылай балта шабатын, ақшаның құлы болған азаматтар болса, олар заң алдында да, халық алдында да жауап берсін», – деп тепсініп отыр.

Жандос Рысбеков – академиядағы 5 мың студенттің бірі. Оқу орнында болған жағдайды телеарнадан көріп келіпті.

Жандос Рысбеков, студент:

Мен электрэнергетика факультетінің 1-курсында оқимын. Тобымызда 29 студент бар. Біз бәріміз академияның жабылғанын қаламаймыз. Өйткені дәл қазіргі жағдайда мамандығым бойынша басқа университетке барып оқуыма болатын еді. Бірақ мен о баста мамандықты емес, академияны таңдап келдім. Сондықтан өз қалауым бойынша түскен оқу орнын ауыстырғым келмейді. Осында түстім бе, осы жерден оқып шыққым келеді. Академия бізге бұл жағдайды шешетінін айтып, дүрбелең тудырмауымызды ескертіп жатыр.

Министрлік жыл бойы академияда тексеріс жүргізіп, талай заң бұзушылық анықтаған. Заң бұзушылықтардың бір парасы: оқытушылар құрамы аз, өндірістік тәжірибе базасы кемшін, ғылыми әдебиеттермен қамтылмаған көрінеді. Білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес келмейді-мыс. Академия жабылғанымен, оның кесірі студенттер мен оқытушыларға тимейтініне министрлік кепілдік беріп отыр.

БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова: «Студенттерді, оқытушыларды уайымдамауға шақырамын. Себебі заңды түрде студенттердің құқығы сақталады. Ең бастысы, заңнамаға сәйкес, академия жабылған соң, заңды түрде басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Министрліктің пәрменіне әзірге академияның келіскісі жоқ. Батқан қайықты қайта тартып шығаруға тыраштанып жатыр», – дейді.

Ал академияның проректоры Андрей Иванов: «Барлық көрсеткіш талапқа толық сәйкес келеді. Оған бірталай рейтингте көш бастап тұрғанымыз дәлел. Жақын күндері барлық сұраққа толық жауап береміз», – деп отыр. Алайда олар «Жауап береміз» дегенше, министрліктің шешімі 10 күнде күшіне еніп, академия білім беруді тоқтатуы мүмкін. Іле-шала студенттер мен оқытушылар семестр аяқталмай жатып, басқа университетке ауыстырылады. Министрліктің жоспары осындай.
Білім саласына реформа қажет. Дұрыс. Өйткені қазір білім берудің орнына диплом басып шығаратын оқу орындары қаптап кетті. Тіпті облыс орталықтарын қойып, кейбір аудандарда университет бар. Бұл қалай? Шетелде жөні басқа шығар? Ал біздің аудан орталықтарында университет студенттеріне сабақ беретін оқытушылар құрамы бар ма? Университет түгілі, кейбір ауыл мен аудандағы мектептерге мұғалім жетіспей жатады. Бұл жағынан келгенде, сапасыз университеттердің жабылғаны жөн. Бірақ көлік-коммуникация мамандарын оқытатын жалғыз оқу орнының жабылуы, шынында да, түсініксіз шешім. Реформаның да жөні бар. Жабу керек екен деп жаппай отаудың қисыны жоқ. Тоқсан жылда мыңдаған теміржолшыны, басқа да көлік мамандарын тәрбиелеген, электриктер мен инженер, механиктерді оқытып шығарған, ұзақ жылдық тарихы бар, тәжірибесі мол, оқытушылар қосыны, өзіндік білім беру мектебі қалыптасқан академияны жаба салу, қай жағынан алып қарасаңыз да, қисынсыз шешім екені анық.

Жарас КЕМЕЛЖАН

30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық