
Жаңа туған нәрестеге ат қоюға келгенде қазақ алдына жан салмайды-ау. Қазақ үшін қазақ тілінің сөздік қорындағы барлық сөз адамның ат, есімі бола алады. Ол аздай қазақ басқа жұрттың да ат, есімдерін мән, мағынасына қарамай қоя салатын кездері де бар. Үйіне қонып жатқан қонақтың не болмаса жаңа төлдеген малға байланыстырып, сондай-ақ сол кездегі қандайда бір ерекше уақиғаға қатысты да ат қойылады. Ең бастысы қазақ атты ырымдап қояды. Жаңа туған нәрестенің ертеңгі күні бақытты болып, жырғаулы тұрмыс кешсін, елінің бір айдарлы мықты азаматы болсын деп үлкен үміт жүктейді. Осындай үміт тілекті ақтаған адамды «атына заты сай» деп жатады. Сондай адамның бірі, біздің кейіпкеріміз – Лайық, Лайық Тоқайұлы. Торғай жерінің тумасы, Жетіқарада дүниеге келген.

«Қазақ сегіз қырлы, бір сырлы» деп Лайық сынды ағаларды айтқан болу керек. Біз соның бір қырын ғана баян еткіміз келеді.
Ілекең еңбекпен көркейген адам. Ол еңбек жолын егіншіліктен бастап, өмірдің барлық баспалдақтарын басып, табалдырықтарын аттап, табан ет, маңдай тердің арқасында игі жетістіктерге жетті. Ауыл шаруашылығының үздік маманы, ғылым кандидаты, ҚР-на еңбек сіңірген қайраткер. Оның еңбек жолының ең бір атаулы шақтары кеңестік маман ретінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барып қызмет еткен жылдары еді. Бұл шет елдегі кілең қазақтар мекен еткен аймақ болатын. Туадан ұлтшыл Ілекең үшін жат жұрттың қол астындағы қандастарымен бірге қызмет ету бір жағынан тағдырдың берген сыйы болса, екіншіден өзгенің қас-қабағына қарап отырып өзінің тіл, ділін айырықша сақтап қалу мен қатар айтуға тұрарлықтай дамытып отырған елде жұмыс істеу оның шығармашалығына жаңа серпін, қанат бітірді. Боранды жылдарда үйірінен бөлініп қалған қандастарымызды ата жұртымен байланыстыруда арада алтын көпір болды. Жергілікті жұрт Ілекеңді Қазақ Елінің қазақ аймағындағы елшісіндей сыйлаушы еді.
Лайық – ақын адам. Сондықтан да болар, ол өзінің қызмет еткен ортасынан тыс жергілікті жердің әдебиетші қауымымен жиі араласып, олармен жақсы қарым-қатынаста болды. Моңғолиядағы қазақ ақын-жазушыларының еңбектерімен терең танысып, өзі де сол өлке туралы, сол жердің халқы жөнінде көптеген жыр жазды. «Сырғалы сыры», «Айгүл – қойшының қызы», «Тау қыраны» сынды кітаптары жарық көрді.
Ілекең Баян-Өлгейде қызмет еткен жылдарда аяғы тимеген аудан, ауыл болмаса керек. Баян-Өлгейді өз жеріндей көріп, оның халқын өз жұртындай сүйді, оларға бауыр басты. «Шынын айту керек,– дейді Лайық Тоқайұлы,– Моңғолия жерінде тұратын бауырларымыздың тұрмыс-тіршілігі, еркіндігі, жағдайы ешкімнен кем емес. Моңғолдар үстемдік танытып, кемсітіп, қазақсың деп қорлап жатқан жоқ. Қайта туысқандықпен, ізетпен қарайды. Оны 80-жылдардың ортасында сол елде жұмыс істегенде көзіммен көрдім. Бірақ соған қарамастан көзі ашық, көкірегі ояу әр қазақ ата-бабасының туған жерін аңсайды. Соның тыныс-тіршілішгіне құлақ түреді» деп алыстағы ағайынның аужайын аңдатады. (Лайық Тоқайұлы, «Тау қыраны», 11-бет). Міне, осының нәтижесінде ол ақындық қырағылық, көрегендікпен көңілге түйіп, көкейге қонғанын өлең етіп төгілдірді. Ақын-жазушы, журналистер барған ел, жүрген жерінен жол сапарлар, публицистикалық мақалалар жазады. Ал Ілекең болса, бұлардан мүлдемге өзгеше, шығармалары жай бір көрген көздің таңғалысы мен тамашасын суреттеп қана қоймайды, сол табиғаттың туған құлынындай жүрген жер, ішкен су, сөйлескен адамына дейін жан жүрегін бере отырып, терең толғаммен аса зор шынайылықпен жырлайды. Әр бір өлең шумақтарынан елге, жерге деген жоғары құрмет, кіршіксіз сезімнің адал махаббаты, адами бітім болмысының мұндаздай таза мөлдірлік иісі аңқып тұрады.
«Қызыл тас» жатыр жадағай,
Байлықтың болар қазығы.
Жаз жайлау «Шұбар қарағай»,
«Ақсудың» жалпақ жазығы, – деп жер-суын желпілдете суреттеп кеп, енді бір өлеңінде:
«Ағыл-тегіл әнің де сағындырған,
Аңқылдаған ақ көңіл қалпың жатыр.
Табиғатты тәкаппар бағындырған,
Баян-Өлгей еңбекқор халқың батыр»,– деп шын жүрегімен ақтарылады.
Л.Тоқайұлы Баян-Өлгейде жұмыс істеген жылдарда өзіне жаңа достар тапты. Дос болғанда аман-сәлемнен ары аспайтын, сіз-біздің о жақ, бұ жағындағы дос емес, ертеңі ертегі болып қалатындай өмірлік, мәңгілік айнымас дос тапты. Ол Лайық пен Моңғолия қазақтарының көрнекті ақыны Кәкей Жаңжұңұлы арасындағы достық. Бұл достық адамдар бір бірімен ішкі жан дүниесі сәйкесіп барып табысса олардың арасындағы достық ғазиз болатындығының куәсіндей сезіледі.
Ақын Лайық Тоқайұлы қазақтың бір туар ұлы, құдай ғұмыр жасын қысқа еткен, «сөресіне жете алмай сорлап кеткен жүйрік, енесіне жете алмай боздап кеткен бота» (Несіпбек Айтұлы) Кәкей Жаңжұңұлы ұшақ апатынан қайтыс болғаннан кейін оның шын мәніндегі еліміздегі жоқшысы, жоқтаушысына айналды. Жаңжұңұлы жайлы радио репортаж беріп, баспасөзде бірнеше мақала жариялады. Мұнан тыс ол өз қаржысымен мұқабасына К.Жаңжұңұлының суретін салып, Алматыда бастырған, «Тау қыраны» атты кітабы осы шын достықтың айғағы. Осы кітабындағы зерделі зерттеу мақаласында К.Жаңжұңұлының кейбір өлеңдерін талдай отырып, Л.Тоқайұлы ол туралы «Бөтен елде, басқа ортада жүрмін-ау деп именіп, кей ойларын ішке бүгіп қалып, тілін тістеп отырған жоқ, Кәкей. Ешкімнен жасқанбастан, ертеңгі күнім не болып кетеді деп үрікпестен, ақындық шабыт, ақындық жан дүние азаматтық болмыс, туған халқына, Ұлы Отанына (Қазақстан – Б.Б.) деген махаббат пен сүйіспеншілік оған мол күш, жіңгер мен қайрат берген» деп ақынның ішкі жан дүниесін дөп басып айта алған.
Л.Тоқайұлы бұл күнде де ақын рухымен, оның ел жұртымен қарым қатынасын үзген жоқ. Бұл да пендеде сирек кездесетін кісілік белгісі болса керек.
Өмірдің қос саласында қатар қанат қағып, «сөз жұмбағы мен жер жұмбағын» бірдей игерген, бүгінде республикамызға белгілі еңбек ардагері, білікті ғалым-агроном, ақын, «Бейбітшілік әлемі» ХҚТБ Халықаралық Жазушылар Одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің, «М.Шолохов» алтын медалінің иегері, сегіз қырлы, бір сырлы Лайық аға Тоқайұлы 80 жасқа толып отыр. Оның көргені мен көңілге түйгені мол өмірлік тәжірибесі, сырға да, жырға да толы саналы ғұмыры үлкенге үлгі, жасқа өнеге.
Бақытбек Бәмішұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты