
Дөңгеленген дүние, мың құбылған заман. Тіпті өткен ғасыр мен жаңа басталған жасампаз ғасырды салыстыруға келмейді. Айналасы отыз жылда орта өзгерді. Мемлекетаралық қарым-қатынас, саяси, экономикалық және мәдени байланыс баяғы алыс-беріс пен барыс-келістен мүлде басқаша.
Әсіресе туризм құрлықтарды, ел мен елді, сол мемлекеттерді мекендегін миллиондаған жұрттың араласу мүмкіндігін арттырды. Туризм мен қонақ үй қызметінің қаншалықты қарқынды дамығанын жер шары ешқашан басынан кешіріп көрген емес. Айталық, жылда жүргізілетін түрлі зерттеулер нәтижесінде әлемде ең дамыған 10 мемлекет нарықтың көшін бастады. Зерттеуде мемлекет тұрғындарының даму индексі – елдердің әл-ауқаты, өмір сүру деңгейі, сауаттылығы, білімі, өмір сүру ұзақтығы секілді мәселелердің барлығы ескеріледі. Бұл – мемлекеттер мен аймақтардың өмір сүру деңгейін анықтайтын стандартты жол. Дәл қазіргі уақытта төменде аты аталатын елдердің қонақ қабылдап, күтіп, шығарып салуында үлкен мәдениетпен қатар, сол мемлекеттің заманауи бет-бейнасы қалыптасқан. Енді соларға тоқталып көрелік: Швеция. Халық саны – 9,3 млн. Швецияның өмір сүру деңгейі өте жоғары. Табыс көзі мен халық санының өмір сүру ұзақтығы да жоғары деңгейде. Жұмыссыздық пен кедейлік индексі төмен. Кез келен азамат тегін емделе алады. Туристердің сүйікті мекені.
9. Германия. Халық саны – 82,2 млн. Еуропа одағындағы ең дамыған мемлекет. Немістер сыртқы нарыққа электр техникалары мен транспорт түрін көп шығарады. Үкімет мануфактурасы мен өндіріс орындары жылдан жылға өркендеуде. Жалпы ішкі өнімі – 3.5 млрд доллар. Ол әр адамға 40 631 доллардан келеді деген сөз. Германияда кедейлік деңгейі төмен болғанымен, жұмыссыздық индексі – 7 пайыз.
8. Лихтенштейн. Халық саны – 36 925. Лихтенштейн князьдігі – әлемдегі ең халқы аз, шағын ел. Соған қарамастан жалпы ішкі өнімі әр адамға шаққанда – 141 000 доллар. Ешқандай мемлекетте қарызы жоқ. Жұмыссыздық пен кедейліктің нышаны мүлдем байқалмайды. Жиналатын салық аз болғандықтан, инвестиция құйып, жаңа өндіріс ашам деушілерге барлық жағдай жасалған. Астанасында небары 5100 адам тұрады.
7.Ирландия. Халық саны – 4.5 млн. Басқару билігі – парламенттік республика. Ирландияда білім, сауаттандыру стандарты, орташа өмір сүру көрсеткіштері жоғары. Жалпы ішкі өнімі 203.89 млрд доллар, жан басына шаққанда 45 497 доллардан келеді. Әлемде экономикасы бойынша 7 орында тұр.
6. Канада. Халық саны – 34,7 млн. Басқару билігі – демократиялық парламент және конститутциялық монархия. Канаданың мемлекеттік тілдері – ағылшын тілі мен француз тілі. Экономикасы өте жақсы дамыған. Жалпы ішкі өнімі әрбір азаматқа 51147 доллар. Мемлекетте медицина қызметі тегін. Арктикалық және Субарктикалық белдеуде орналасқан.
5. Жаңа Зеландия. Халық саны – 4,5млн. Астанасы – Веллингтон. Бірнеше аралдан құралған кішкентай мемлекет. Жалпы ішкі өнімі әр адамға 34 121 доллар. Жердің табиғи байлығы өте жақсы сақталған. Елде туризм саласында ғана 18 000-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл сайын кемінде 2 млн турист келіп, мемлекетке жалпы ішкі өнімінің 10%-ын құрайтын табыс түсіреді. Туризм жалпы жұмыс орындарының 10 пайызын құрайды. Мемлекеттік құрлымы – парламенттік демократия мен конститутциялық монархия.
4. АҚШ. Халық саны – 320 млн. Америка жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші бойынша 15,1 триллион долларға жетіп, әлемдік рекорд орнатқан. АҚШ-тың қарулы күштері, соның ішінде әскери теңіз флоты өте қуатты.
3. Нидерланды. 0.910 Халық саны – 16,8 млн. Басқару жүйесі – конститутциялық монархия мен өкілетті демократия. Жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі төмен.
2. Австралия. Халық саны – 23,3 млн. Ресми атауы – Австралия одағы. Дүниежүзінде жер көлемі жағынан 6-орында тұр. Жалпы ішкі өнімі 918 млрд. доллар. Даму индексінің жоғарылығы өмір суру сапасының жоғары болуымен түсіндіріледі.
1. Норвегия. Халық саны – 5 млн. Басқару билігі – конститутциялық монархия. Бұл ел – Батыс Еуропаға мұнай мен газды көп тасымалдайтын ірі өндіруші ел. Жалпы ішкі өнімі бойынша әлемде 26- орында. Норвегия Еуропа одағына кірмейді, алайда Еуропа мемлекеттерімен жақсы қарым-қатынаста. Жалпы денсаулық сақтау, оқыту мен қоғамдық сақтандыру жүйесі мықты дамыған.
Даму деңгейі жоғары бұл елдерді неге мысалға алдық. Олардың табиғат ерекшелігі мен байлығы бізден асып тұрған жоқ. Соған қарамастан, заманауи өмір сүруге ұмтылыстары, әсіресе туризмге баса назар аудару нәтижесінде тасын өрге домалатып келеді. Осы саладан біздің ел де аз табыс түсірмеуі керек. Өкінішке қарай елімізде ішкі туризмнің дамуына кедергі мен қолбайлау көп болып тұр. Мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлінгенімен, жергілікті билік өкілдері уақытқа қарай икемделе алмай жатыр.
Ал шындап қолға алынса, Қазақстанда туризмді дамытуға, мемлекет қазынасын туризмнен түсетін табыспен толықтыруға, осы арқылы шағын және орта бизнесті жандандыруға, қонақ күту әдебін қалыптастыруға, өз мәдениетіміздің деңгейін көрсетуге барлық жағдай баршылық. Туризмнің дамуы бізге жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетті толықтыруға, ең бастысы жан басына шаққандаға табысты өсіруге мүмкіндік береді. Демек, осы төңіректе ғалымдардың зерттеулері мен ғылыми жұмыстарға, жазылған дипломдарға барынша назар аударып, қажеттілігімізді өтейтін дүниелерді сараптап, керектісін іске асырудың амалдарын қарастырған жөн.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ