
Параволейболдан еліміздің ұлттық құрамасы әлемнің азулы командаларымен иық тіресе бәсекелесіп келеді. Түрлі турнирлерде олжа салып, ел мерейін үстем етіп жүр. Тағдырдың түрлі сынағына тап болғанына қарамастан, арбаға таңылса да жасын жігер жігіттер әлсіздік танытқан емес. Былтырғы жыл еліміздің параволейболшылары яғни отырып ойнайтын волейболшылары үшін де жемісті болды. Нидерланды елінде өткен халықаралық турнирдің финалында сүрініп, күміс жүлдегер атанды. Ассен кубогы деп аталатын халықаралық турнирдің бәсі де жоғары.

Спортшыларымыз үшін биылғы жыл да тартысқа толы болмақ. Ең алдымен елімізде параволейболдан Азия чемпионаты өтеді. Күзде Қытайда жазғы параазия ойындары жалауын желбіретеді. Ұлттық құрама мүшесі Берік Ізмағамбетовті әңгімеге тартып, биылғы жылы өтетін додаларға дайындық барысын сұрадық.
Jas qazaq: Берік, биылғы жылдың негізгі додасының бірі Астана қаласында өтетін Азия чемпионаты. Әзірлік қалай?
Берік Ізмағамбетов: Аптасына бес күн жаттығу залында жүреміз. Күніне төрт сағат уақытымызды жаттығумен өткіземіз. Иран елінен келген нұсқаушы бапкерлерден де тәлім алып жатырмыз. Жалпы қазіргі күнде параволейболдан Иран өте тегеурінді. Бұл елде отырып ойнайтын волейбол спортына баулитын 100-ден астам команда, клуб бар. Олардың әрқайсында 10 адамнан болса, 1000 адам параволейболмен шұғылданады деген сөз. Солардың арасынан тек 12 адам ұлттық құрама сапына қосылады. Бәсекелестік өте жоғары. Бізге келіп тәжірибесімеен бөлісіп жүрген ирандық бапкерлер де кезінде ұлттық құрамада ойнаған саңлақтар. Солардан кем тұсымызды бүтіндеп, тәжірибемізді шыңдап жүрміз.
Иә, биыл жазда Қазақстан параволейболдан алғаш рет Азия чемпионатын өткізеді. Бұған дейін құрлық додасы, басқа да әлемдік деңгейдегі жарыстар біздің елде өткен емес. Демек, беделіміздің өскенін, мемлекетіміздің тегеурінді екенін бағамдап, осындай жарыс өткізуді жүктеп отыр. Өз елімізде өтетін байрақты бәсекеде барымызды салып, намысты қолдан бермеу үшін аянбаймыз. Жанкүйерлердің, көрермендердің қолдауы қашанда жігерімізді қанаттандырады. Өзіңнің еліңде додаға түсудің жауапкершілігі айтарлықтай жоғары деп пайымдаймын.

Jas qazaq: Былтырғы жылдың көктемінде Нидерланды елінде өткен халықаралық турнирдің финалисі атандыңдар. Тартыс жоғары өткені анық, себебі Ассен кубогы деп аталатын додаға әлемнің үздік командалары қатысады.
Берік Ізмағамбетов: Дұрыс айтасыз, турнир аса тартысты өтті. Іріктеу кезеңінде біз Еуропаның азуы алты қарыс тегеуріні күшті Англия, Нидерланды, Германия құрамаларын ұттық. Паралимпиада ойындарының жүлдесін алған Бразилия командасын да еркін ұттық. АҚШ волейболшыларын да жеңдік. Тек финалда Германия құрамасына қарсы ойнап есе жібердік. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дейді ғой. Жеңіліп қалғаннан кейін қандай себеп айтсаң да ақталғандай боласың. Бірақ Ассен кубогының чемпионы атанған Германия құрамасын іріктеу кезеңінде ұтқанбыз. Ал финалда қайта тартысқа түскенде төрешілер көпе-көрнеу неміс ойыншыларына бұрып берді. Көре тұра көзін жұмған қазылар бірнеше ұпайымызды есепке алмай қойды.
Jas qazaq: Одан кейін де халықаралық турнирде жігіттер сенімге селкеу түсірген жоқ. Бәсі жоғары додалардан олжалы оралдыңдар.
Берік Ізмағамбетов: Босния мен Герцеговина елінде өткен халықаралық турнирде қарсылас командалардың барлығын да айқын ұттық. Әлем чемпионатына да тас-түйін әзірлікпен бардық. Дүние жүзінде параволейболдан 70 құрама команда бар десек, солардың арасынан таңдаулы 16 құрама команда қатысқан әлем чемпионаты аса тартыспен өтті. Біз 7-орынға тұрақтадық. Мықты командалармен тартысқа түсіп тәжірибе жинадық. Былтыр Қытай елі пара Азия ойындарын өткізуі керек еді. Бірақ пандемиялық ахуалға байланысты осы жылға ауыстырылды. Негізгі күшті осындай додаларға саламыз.
Сұхбатты жазып алған Қуаныш Көшек