
Қатерлі ісікке шалдыққанын естіген адам төбесінен жай түскендей күй кешеді. Себебі жұрт арасында бұл кеселден сауығып кету мүмкін емес деген пікір қалыптасқан. Бірақ жыл өткен сайын обырды емдеуде алға ілгерілеушілік бар. Соның бірі — интегративті медицина көмегімен емдеу. Мамандар бұл әдіс қатерлі ісікке қарсы емдеудің ресми хаттамаларына қайшы келмейтінін айтады.
Иә, елімізде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды интегративті медицина көмегімен емдеу әдісі қолданыла бастады. Мұндай медицина клиникалары онкологиямен күресудің жаңа әдістерін қолданады. Соның арқасында жарты жылдың ішінде клиникада ем алған 300-ге жуық адам қатерлі сырқатынан жазылып шыққан. «Интегративті медицина: онкологияны емдеуге болады» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында интегративті медицина клиникалары желісінің негізін қалаған дәрігер Дмитрий Раевский осындай мәлімдеме жасады.
Интегративті медицина клиникаларында онкопсихология әдістері мен қатерлі ісікпен күресу үшін табиғи иммуностимуляторлар қолданылады. Мамандар оның көмегімен лейкемия, сүт безі қатерлі ісігі, ми ісігі секілді ауыр диагноз қойылған науқастарды емдеуде тәуір нәтижелерге қол жеткізген. Д.Раевскийдің айтуынша, бұл тәсіл қатерлі ісікке қарсы емдеудің ресми хаттамаларына қайшы келмейді.

«Көптеген ауруларды санамен жұмыс істеу арқылы емдеуге болады. Адам ауруының себептері туралы барлық жауап оның түпкі санасында жатыр. Қаншама жыл жүргізген тәжірибе санамен жұмыс істеу арқылы онкологияны емдеуге болатынына дәлел. Химиялық терапия көмектесе алмаған адамдар бізге келіп сауығып жатыр. Адамдар онкологияны «жазылмайтын қорқынышты ауру» деп ойламаса екен деймін. Өйткені кеселге қарсы тұруға иммунитетті үйретуге болады. Түпсанамен жұмыс істеуді мен ойлап тапқан жоқпын. Бұл — әлемде бұрыннан бар. Адамның түпсанасымен жұмыс істеп, иммуностимуляторлар таңдап, адамды емдеп шығамыз. Өкінішке қарай, қатерлі ісікпен ауыратындар көбейіп жатыр», – деді Дмитрий Раевский.
Фото: Қазақстан баспасөз клубы
Ол өзі қолданатын дәрі-дәрмектер табиғи, ешқандай жанама әсерлері жоқ және ағзаны нығайтып, иммунитетті күшейтуге, адамның тез жазылуына көмектесетінін айтты.
«Әр адамда күн сайын қатерлі ісік жасушалары пайда болады. Адамның иммунитеті олардың көзін жойып отырады. Күндердің бір күнінде иммунитетте ақау болып, жасушалармен күресе алмай қалуы мүмкін. Сол кезде ісік жылдам бөлініп, тіндерге енеді. Сөйтіп бүкіл денеге тарайды. Ісік адам ағзасымен қоректенеді. Иммунитет оларды «көрмейді». Бір ай өткен соң иммунитет оянып, оларды байқаған соң құртуға тырысады. Қатерлі ісік мутацияға ұшырап, иммунитет оларды қайтадан көрмей қалады. Қатерлі ісік нейроуыттар шығарып, ауруды сезінуге мәжбүр етеді. Ал біз иммунитеттің қатерлі ісікті байқауы үшін бәрін жасаймыз. Ол үшін ең әуелі адамның психологиясымен жұмыс істейміз. Иммуностимуляторлар иммунитеттің жұмыс істеп, қатерлі ісікті еңсеруіне көмектеседі. Бұл тәжірибе көптеген елде қолданылады. Нәтижесі өте жақсы», – деді интегративті медицина клиникалар желісінің негізін қалаушы.
Төрт жасар Мырза Сатқанға орташа клиникалық декомпенсация сатысында ми бағанының қысылуымен артқы бас сүйек шұңқырының ісігі деген диагноз қойылған. Ол интегративті медицина клиникасында екі ай емделіп, аяққа тұрған. Баланың әкесі былай дейді: «Былтыр шілде айында баламның басында ісік пайда болды. Астанаға барып операция жасағанда ісіктің 90 пайызын алып тастады. Бірақ 10 пайызы қалып қойды. Балам алты сағаттық операцияны әрең көтерді. Химиятерапияны көтере алмайтын болған соң одан бас тарттым. Астанада дәрігерден консультация алдым. Баламды ауруханадан шығардық. Операциядан кейін екі ай отыра алмады, аузын жаба алмады. Міне, мына клиникада бес күн ем алдық. Бір айда аяққа тұрып, екі айда сауығып кеттік».
Мырза Сатқан және әкесі / Фото: Қазақстан баспасөз клубы
Ернұр Қоңырбаевтың анасына сүт безі қатерлі ісігінің 4-сатысы диагнозы қойылған. Қазақстанда да, Түркияда да емделген. Өкпе метастазы қабырғасына жабысып қалған. Интегративті медицина клиникасына келіп, үшінші сеанстан кейін аяққа тұрған.
Толқын Қазиева 2016 жылдан бері қатерлі ісікпен ауырады. Оған көмейдің қатерлі ісігінің 2-сатысы диагнозы қойылған. Химия және сәулелі терапия алғанымен 2022 жылы ауруы қайта асқынған. Терапияны көтере алмай, тіпті, дәрігерлер өңешті жұтқыншақпен алып тастау керек екенін айтқан.
«Өңешті сақтап қалу үшін ізденіп, ақырында осы клиникаға келдік. Он ай қиналдым. Осында екі айда емделіп шықтым. Жұтқыншағымды аман алып қалды. Қазір жағдайым өте жақсы. Қара судың өзі өтпейтін. Енді тамақ іше аламын. Кеудемде тас тұрғандай ауа жетпейтін, оның бәрі кетті», – деді Толқын Қазиева.
Дәрігер Дмитрий Раевский әдісі бауыр циррозы, экзема, псориаз, қалқанша безінің аурулары, склероз секілді аутоиммунды аурулары бар адамдарға да көмектеседі. Енді ол Қазақстанда клиникалар желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Бұл – Американың эксперименталды жүйесі. Басқа елге бармай, Қазақстанда да арзан бағамен емделуге болады. Көп адам қабылдау үшін емханамызды кеңейткіміз келеді. Қазір айына жиырма адам ғана қабылдай аламыз. Біз онкологиямен ғана емес, аутоиммунды және психологиялық ауруларды емдейміз», – деді Дмитрий Раевский.
Наргүл Мырзахмет