
Соңғы уақытта түсірілген отандық фильмдердегі диалогтардан адам ұялады. Әнші әрі танымал продюсер Қанат Айтбаев фильмдегі былапыт сөздерге айыппұл салу керегін айтты. Бұл туралы JQ-aqparat агенттігі хабарлады.
«Кейінгі кезде түсірілген фильмдердің көпшілігіндегі диалогтар тұнған боғауыз. Youtube арнасына жүктелген бейәдеп тілді кинолардың қаралымы миллиондап саналады.
Өкініштісі, бұл «өнімдерге» танымал театр, кино актерлерінің де түсіп, өскелең ұрпақтың санасын улап, жастарды әдеп пен ибадан қашықтатуға барынша «үлес» қосып жүргендерін көріп жүрміз.
Кино ең мықты идеологиялық құрал.
Фильм арқылы адамның санасын асқақтатып, рухани байытуға да, азғындатып, құлдыратуға да болады.
Өте үлкен көлемде айыппұл салып, қатаң жазалауды осы саладан бастау керек»- деп жазды Қанат Айтбаев facebook парақшасында.