Осы сапарға Ырысбектің ынтасы мүлде болмап еді. Не қыс қабағы ашылып, көктем келген емес, жадырап жаз шыққан емес, өліара уақыт. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз, бір еріп, бір қатып көксоқта болып жатқан уақыт. Алысқа бармай-ақ есігінің алдына шықса ақ қар, көк мұз сәбидің еңбегіндей былқылдап жатыр. Тек әйелі Жадыра екі білегін түрініп ап, жұлқынып қоймады ғой. Қыз дайын тұрғанда барайық та, алып келейік. Айнып қалса, отыздан асқан балаң екі тізесін құшақтап енді бір отыз жыл бойдақ жүреді деген ол. Қызға қыры жоқ баланың оқуға да қыры жоқ еді. Сабаққа бармағасын қол бос Шағалалының сұлуларын айналдырған ғой, әйтеуір біреуіне жіп тағыпты. Екі жыл іштей, алты жыл сырттай оқыған сондағы техникумнан тапқан пайдасы осы.

Енді Ырысбек ойланды. Құда болып барған соң, барын киіп, байлауышын таққан абзал. Оның үстіне ананың сүті, әкенің күші деген бар. Ананың сүтін Жадыраның өзі-ақ жайрар, мен әкенің күшіне қорадағы қойдың ішіндегі пышақ көтеретіні, бозқасқа секті «Нивамның» жүк салғышына тиеп алайын.
Ниетті топ аз ғана адам болып аттанған. Екі жеңіл машинамен. Көкшетау қаласын басып өтті. Күпті жүрек орнына түскендей, жол біршама таза екен. Зерендіге иек арта жер-көкті алып кеткен қара суға киліккен. Соңғы тәуліктерде күн күрт жылынды. Күрт жылынған соң орман-тоғайдың ішінде кептетілген тау-тау қар жіпси еріп, алдымен қызыл су жүгіре бастаған. Зерендінің қырат-қырқаларынан жылай аққан сан жылға бір арнаға қосылған кезде Шағалалы өзенінің әншейінде кең көрінетін арнасына сыймай, тасып берді дейсіз. Өзен аңғарындағы көк мұз мұрты бұзылмай сол қалпы жатыр екен. Арғы беттен қырдан құлаған қара судың құлдилай құлаған екпінімен барар жерін таппай бұзып шыққан беті екен. Сөйтіп, Шағалалы елді мекенін әп-сәтте топан су басып қалды. Қара судың жиегінде жарты күн тұрған құдалар «Нива» машинасының қуатына сеніп әуелгі жол сорабымен тартып берген. Ырысбек терезеден қарап қояды, арғы бетте әлі сәлем салмаған келіні қолын бұлғап шақырып тұрған сияқты. Бір кезде су астындағы әлдебір шұңқырға алдыңғы доңғалақ тап келіп, тасбақаша тырбанып келе жатқан автокөлік оң жапсарына оңқая жығылған. Жарты күн тар қапаста тұншыққан боз қасқа жүк салғыштың қақпағы айқара ашылып кеткен кезде қарғып шықсын. Алты ай бойы күннің көзін көрмей, жанары кіреукеленген боз қасқа қара суға қойып кетті. Қылтиған қос құлағы ғана төрт жыл бағып, еңбегін сіңірген Ырысбекке «қош бол қалқам, көргенше, қайта айналып келгенше» деп қолын бұлғап тұрған тәрізді ербең-ербең етеді патшағар.
Әйтеуір, өтті-ау. Бұлар өткен кезде топан судың тасқыны үй жыққандай емес еді. Соңғы доңғалақ сазға тиген кезде қыр басынан құлдилай құлаған қара су күш алып енін кеңейтіп, еңіске аға бастады. Ал еңісте Шағалалы селосы.
Әупірімдеп жеткен құдалармен төс қағыстырған соң мән-жайға қаныққан. Қызыл су сәуір айының 11-і күні белгі беріпті. Кейін күн күрт жылынған соң күш алған. Қазір жиырмадан астам үйді су басқан. Әйтеуір, елуге жуық адам қауіпсіз жерге көшіріліпті. Оның ішінде шиеттей 9 бала бар. Дүние-мүлікті таситын шама қайда, тастай қашқан. Әйтеуір, мал аман. Ұзын-ырғасы екі жүзге жуық мал қарғын судың құрығы жетпейтін қыр басына иірілген.
– Ойбай құда-ау, құтқаратындар қайда? – деді Ырысбек жаңа табысқан құдадан құшағын ажыратып жатып.
– Істеп жатыр. Төтенде жағдайлар департаментінің 9 техникасына мінгескен 20 адам мен төрт қайығы бар. Жергілікті билік пен полиция да осында. Әйтеуір, жұмылып жатыр ғой. Өздеріңіз келетін болған соң, жан-жақтағы ағайынды шақырғанмын. Енді оларды тоспайтын шығармыз. Кеше ғана Макинск, Ақсу, Торғай бағытындағы жолды су шайып кетіпті. Мына тұрған Щучинскіден қатынас сап тиылды. Онда да нағашы жұрт бар еді. Щучинск-Зеренді бағытындағы жолдың алты шақырымы опырылып түссе керек.
– Құтты қонақ келген қой егіз табады, жаман қонақ келгенде жол бұзылады» деп тұрған жоқсың ба, құда? – деп Ырысбек су жаңа құдасының жүзіне сынай көз салған.
– Алла сақтасын, – деді жаңа құда ақталып, – сіздердің еш кінәларыңыз жоқ қой. Кінәлі алдымен табиғат, содан соң табиғаттың сынағына төтеп бере алмаған қызмет орындары. Осы былтырғыдан-ақ сабақ алуға болатын еді. Естіген шығарсыз былтыр сонау Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылында 200 үйді су шайып кетті ғой.
– Естігем, – деді Ырысбек, – бәріне үш айдың ішінде су жаңа үй салып беріпті ғой. Қайта ескі, саман үйлері суға кеткеніне өздері де қуанған шығар. Біздің ауылдың әкімі де өткенде бізді де су басып қалмайды екен, үйлерімізді жаңартып алатын деп өкініп отырған.
Қос құда бүгінгі жағдайды былай қойып, көне тарихтың қойнауына үңілген.
– Осы бар ғой, баяғы кеңес кезінде топан су басыпты дегенді естімеуші едік, енді қазір қайдан келіп жатқан су бұл? – деп сұрады Совет құда.
Жаңа құданың алдында есті кісі болып көрінейін деді ме, Ырысбек те қарап қалмаған.
– Ол уақытта совхоздар қуатты болды ғой. Егістіктің бетіне екі ізбен қар тоқтататын. Алты ай қыс бойы жауған қар ырыздық болып алқап бетінде қалатын. Қазір ешкім қар тоқтатпайды. Қардың бәрі өзеннің аңғарына үйіледі. Сосын тасымағанда қайтсін, – деді Ырысбек.
Одан арғысын өзі де білмейтін еді. Бағзы заманда, кеңес кезінде өзендердің неге момақан болғандығын Ырысбек қайдан білсін. Әкенің күші деп әкеле жатып қара сумен ағып кеткен боз қойының қай қиырда қалғанын білмей тұрған бұл, оны қайдан білсін.
Байқал
БАЙӘДІЛОВ